ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 1313
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Малдың қысқы азығының берік қорын дайындауда «Сырымбет» шаруа қожалығының еңбеккерлері бір күнді бос өткізбейді. Құбылмалы ауа райына қарамастан шабындықтың шырайын кіргізіп, дала төсін дүбірлі думанға бөлеп келеді.

 

    Аталған шаруашылықта 92 бас етті бағыттағы сиыр бағылуда. Мал басының қоңды болуына жемшөпті уақытылы дайындау міндеті тұр. Бүгінде жалпы аумағы 30 гектардан арпа-бидайды жинау жұмысы басталды. Бітік шыққан егіс алқабының әр гектарынан 20 центнерден өнім алынады деп күтілуде. Бұған дейін 20 гектардан 100 тонна жоңышқа жинап алған шаруашылық еңбеккерлері осы күні 200 тонна табиғи шөп түсірудің қамына кіріскен.
– «Мал баққанға бітеді» деп бекер айтпаған ғой. Ата-баба дәстүрін жалғастырып, мал бағып, одан табиғи таза өнім алудың бағасы артпаса, кеміген емес. Алғашқы құрылған жылы 20 сиырдан бастаған шаруашылықта бүгінде ірі қара саны 100-ге жетті. Сол себепті, бұл шаруаны дөңгелентуге отбасы мүшелері жұдырықтай жұмылып кірісуде. Жаздың жаймашуақ күндерін ел қыдырумен емес, еселі еңбекпен өткізуге дағдыланғанбыз. Таң алакеуімнен тұрып, шабындықты бетке алу айнымас әдетке айналған, – дейді «Сырымбет» шаруа қожалығының басшысы Байжан Нүсіпқожаев.
   Шаруасы шалқыған шаруа қожалығы «КазАгроФинанстан» «МТЗ-82» Беларусь тракторын алып, техниканы жаңартуға кіріскен. Өнімді сапалы әрі уақытылы жинап алуда техниканың маңызы зор. Сонда шаруадан шашау шықпайды. Шөп шабу, астық ору, оны төгіп-шашпай тасымалдау жұмыстарына шаруақор ағаның ұлдары да білек сыбана атсалысуда. Еселі еңбектің арқасында мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен алған 6 млн. теңге несиені жуырда толықтай өтеп шыққандығын қожалық басшысы зор қуанышпен айтты. Сөйтіп, етектегі Еламан ауылының тұрмысын түлетіп, тіршілігін түрлендіруге ауыл ақсақалы ретінде белсене атсалысып келе жатқан Байжан Нүсіпқожаевтың отбасылық кәсібі ұрпағының  нәсібін молайтуда.

Ұлбосын ИСАБЕК.