КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН 140 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Уақыты: 10.05.2024
Оқылды: 246
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығына қатысты жиын өткізіп, онда көктемгі егістік жұмыстары жөнінде айтып, суару мәселесін де назардан тыс қалдырмады. 


«Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін 140 млрд теңге бөлінді. Форвардтық сатып алу бағдарламасы да жалғасын тапты. Биыл оған 40 млрд теңге көзделген. Менің тапсырмам бойынша дизель отынының қосымша көлемі бөлінді. Отандық зауыттар тыңайтқыштарды бөліп төлеу мүмкіндігімен жіберіп отыр. Сонымен бірге, біз фермерлерден агротехнологияларды қатаң сақтау, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын уақытылы қолдану сияқты қарсы міндеттемелердің орындалуын күтеміз. Диқандар тарапынан отандық зауыттарда тыңайтқыштар жетіспейді деген шағым түсіп жатқанын айта кеткім келеді. Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс», — Олжас Бектенов.

Премьер-Министр ауа райының ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, егіс жұмыстарын дұрыс жоспарлауға назар аударды.

Республиканың оңтүстік өңірлерін, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Үкіметтің ерекше бақылауында.
 

«Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауы тиіс. Су ресурстары министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», — Олжас Бектенов