РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ІЛИЯС ОҚУЛАРЫ ӨТТІ

Уақыты: 20.05.2024
Оқылды: 457
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ілияс Жансүгіров шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тума таланттарын анықтау мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен Білім басқармасы мен «Жетісу дарыны» облыстық оқу-әдістемелік орталығы Талдықорған қаласында жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының қорытынды кезеңін өткізді. Республика бойынша байқауға 120 оқушы қатысты.


Биыл қазақ әдебиеті майданында түрлі жанрда қалам тербеп, өміршеңдігін өлмес туындыларымен байытқан талантты суреткер, қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдық мерейтойы. Осыған байланысты биылғы жылы республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының ережесі өзгертіліп, жаңа форматта 5 номинация бойынша өткізілді.

-«Ілияс - эпик ақын» - шығарманы жалғастыру  номинациясы;

- «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» - жас ақындар  номинациясы;

- «Ілияс – қарасөз шебері» - көркемсөз оқу номинациясы;

-  «Сұлу сөздің сүлейі» - шығарманың көркемдік құрылысын талдау номинациясы;

-  «Заманның заңғар тұлғасы» - буктрейлер номинациясы.

Қазылар алқасының құрамына Қазақстан жазушылар одағының мүшелері, ақындар және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті оқу орындарының білікті оқытушылары қазылық етті.

Конкурс бағдарламасы бойынша қатысушылар үшін Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, Ілияс Жансүгіров мұражайына және Жетісу университетіне танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Ақынның ескерткішіне гүл шоғы қойылып, шығармашыл жас ақындар өз туындыларын паш етті.

Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының жеңімпаздарына 5 (бес) бағытта «Бас жүлде», І, ІІ, ІІІ орындар бойынша жалпы қатысушылар санынан 45 %белгіленіп, ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдеге - Smart теледидар, І орынға- планшет, ІІ орындарға – ақылды колонка, ІІІ орындарға – құлаққап. Барлық қатысушыларға қатысқаны үшін сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, 

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған. – деп ұлы Абай Құнанбайұлы айтқандай осы байқау Ілияс Жансүгіровтің шығармаларының өміршеңдігінің бір дәлелі болды.

 

«Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығы