Табыстың тайқазаны ортаймайды

Уақыты: 30.12.2016
Оқылды: 1816
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел экономикасы қалыпты дамып келеді. Оның өсіп-өркендеуіне ауылшаруашылығының қосып отырған үлесі қомақты. Саланың өрістеуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтардың да оң әсері тиюде. Сондықтан болар, еңбек өнімділігі еселеніп, өнім сапасы жақсарды, бәсекеге қабілеттілік артып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мүмкіндіктер туындады. Ел еңсесін көтеріп, ырыздықты тасытатын саланың жетістіктері мен алдағы кезде іске асатын жұмыстары жайында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішов айтып берді.

– Сексенбай Төлеубайұлы, ауылшаруашылығы елдің тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал ететін жетекші сала. Осыны білетін жетісулықтар өтіп бара жатқан жылдың ауа райының қолайлылығын тиімді пайдаланып, табыстың тайқазанын тасытуға бар күш-жігерлерін жұмсады. Бұл үрдіс жаңа жылда да жалғасатын шығар? 
– Әрине, 2016 жылы қол жеткізген табыстарымыз аз болған жоқ. Мол егін жиналып, қамбалар астыққа толды. Осының бәрі Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен жұмыла еңбек еткеннің арқасында жеткен жетістіктер деуге болады. Мәселен, жыл сайын көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге қажет жанар-жағармай мен басқа да тауарлық құндылықтарды арзандатуға, азық-түлік өнімдерін өндіруге, тұқым шаруашылығы мен мал тұқымын асылдандыруға, жеміс-жидек бақтарын дамытуға қомақты қаражат бөлініп жатыр. Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру бағытындағы жобалар да сәтті іске асырылып келеді. Нәтижесінде мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикалары, ет, сүт өңдейтін кәсіпорындар мен жылыжай кешендері, көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қоймалар салынуда. Астана мен Алматы қалалары және облыс орталықтарының айналасындағы қала тұрғындарын жыл он екі ай сапалы әрі арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін азық-түлік белдеулері ұйымдастырылуда. Өндіріске озық технологиялар енгізіліп, егістіктерде тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданыла бастады. Егін шаруашылығы бойынша басым дақылдарға арналған алқап көлемі ұлғайып, бақты интенсивті жолмен өсіру жұмыстары оң жолға қойылды. Қант қызылшасына арналған егістік алқабының ұлғайып, мол өнім жиналғанын да білесіздер. Ескелді ауданы еңбеккерлерінің бағалы дақылды өсіріп, өнімділікті еселеуде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанын да мақтанышпен айта кеткен орынды. Өндіріске ғылым жетістіктерін кеңінен енгізіп, жаңа технологияларды пайдалану арқылы жаңа жылда егіс көлемін 937,0 мың гектарға дейін жеткіземіз деп жоспарлаудамыз. Алакөл, Ақсу аудандары мен Қапшағай қаласында үш жаңа сервистік дайындау орталығын құру үшін 1,5 млрд. теңгеге 86 техника және 9 мың гектар жерге тәтті түбір себуге элиталы тұқым сатып алу көзделіп отыр. 
– Яғни, өнімнің мол болуы тұқым сапасына да байланысты демексіз ғой. Осы бағытта жүргізіліп жатқан тағы қандай жұмыстарыңыз бар?
– Өңірде қазір қырықтан аса аттестатталған тұқым өндіретін шаруашылықтар жұмыс істейді. Олар он төрт бірегей, жиырма бес элиталы, отыз үш жоғары репродукциялы тұқым өндіру қызметтерін атқарады. Дәнді дақылдар мен майбұршақтың, күріш пен жүгерінің, картоптың элиталы тұқымдарын өндіретін шаруашылықтар да бар. Мәртебесі бар шаруашылықтар жыл сайын масақты дәнді дақылдардың, жүгерінің, картоптың, майбұршақ пен қант қызылшасының, көпжылдық шөптің элиталы және жоғары репродукциялы тұқымдарын өндіреді. Жеміс-жидек көшеті мен жүзімнің көпжылдық екпелерін өндіретін сегіз көшеттіктер жұмыс істейді. Олар жылына 888,6  мың дана жеміс-жидек көшетін, 147,0 мың дана жүзімнің көпжылдық екпелерін шығарады. Осы жылы 1865,6 гектарға жеміс-жидек, 14 гектарға жүзім отырғызылды. Қазір алдағы жылдың өніміне себілетін жаздық дақылдардың тұқымын зертханалық тексеруден өткізіп, себуге дайындаудамыз. Барлық ауылшаруашылығы құрылымдарын жаздық және күздік дақыл тұқымдарымен қамту бағытында жұмыс жүргізудеміз. Ендігі кезекте тұқым шаруашылығын қолдауға арналған бюджет қаржысының толық игерілуі мен мақсатты жұмсалуын қадағалау, жаңа бақ көлемін ұлғайту, ауылшаруашылығы дақылдарын міндетті сақтандыруды ұйымдастыру, оған бақылау жасау, тұқым шаруашылығы бойынша семинар-кеңестер өткізу басты назардағы жұмыстың бірі болып отыр.
– Мал шаруашылығы бойынша ше?
– Шүкір, төрт түлігіміз өсіп жатыр. Бабаларымыз «Мал – әулие, малсыз болсаң жарылқар қай әулие» деген ғой. Сол сияқты тұқымы асыл мал басын көбейтіп, асыл тұқымды шаруашылықтардың санын арттыруға көңіл бөлінуде. Айта кетейін, асыл тұқымды мал шаруашылықтарында ірі қараның сүтті бағыттағы «Қараала», «Айршир», «Швиц», «Алатау», «Симментал», етті бағыттағы «Қазақтың Ақбас сиыры», «Әулиекөл», «Санта-гертруда», «Галловей», «Герефорд», «Ангус» тұқымдары, қойдың «Қазақтың биязы жүнді қойы», «Арқармеринос», «Солтүстік қазақ мериносы», «Австралия мериносы», «Қазақтың етті-меринос қойы», «Еділбай», «Қазақтың ұяң жүнді қойы», «Қылшық жүнді қой», «Сарыарқа», «Дегерес» тұқымдары мен «Гемпшир» типтес қойлар, жылқының «Қазақтың Жабы», «Мұғалжар», «Дон», «Таза қанды», «Араб», «Ағылшын», «Орыстың желгіш», түйенің «Қазақтың айыр өркешті», «Түрікмен Аруанасы» тұқымдары, құстың бройлерлік етті бағыттағы «Хабард Флекс», «Титан», «Ross-308», жұмыртқа бағытындағы «Hy-Line», «Ломанн кросстарымен» қатар африкалық страустар мен балықтың «Карп», араның «Карпат» тұқымдары өсірілуде. Ғалымдардың басшылық етуімен барлық асыл тұқымды мал шаруашылықтары селекциялық-асылдандыру ісінің жоспарына сәйкес жұмыс жүргізіп, нәтижесінде барлық малдың тұқымдық түрі қалпына келтіріліп, үлесі артып келеді. Өтіп бара жатқан жылдың он бір айында екі мың тоннадан астам ет, жеті жүз мың тоннаға жуық сүт, сол сияқты жұмыртқа, жүн өндіруде де жоспар асыра орындалып, табыс тасқыны еселенді. Мұнымен шектеліп қалмай, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі өрістетуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, малдың салмағын арттырып, өнімділікті одан әрі еселеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, бір бұқа 130–150 келі ет берсе, ендігі кезекте біз оны 250–300 келіге дейін жеткізуді мақсат тұтып отырмыз. Ал алдағы уақытта 600–700 келіге дейін арттыруымыз керек. Сүт көлемі де көбейетін болады. Мемлекеттік бағдарламалар да ретімен жүзеге асырылып жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы 111 пайызға орындалып, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша бірнеше шаруашылық құрылды. «Құлан» бағдарламасы шеңберінде бірнеше бие сатып алынды. Мал бордақылау алаңдарында да бұқашықтар бордақылануда. 
– Өзіңіз білесіз, шикізат емес, дайын өнім құнды. Қазір ауылшаруашылығындағы қайта өңдеудің қарқыны қалай болып жатыр?
– Өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз емес. Бұл өндіріс орындары көптеген адамның еңбекпен қамтылуына жол ашып отыр. Осы жылы жұмыс істеп тұрған бірнеше өндіріс ошағы кеңейтіліп, жиырма шақты кәсіпорын іске қосылды. Сөйтіп, алты жүзден астам жаңа еңбек орындарының ашылуына септігін тигізді. Ауылшаруашылығы шикізатын өндіру бойынша жетпістен астам ірі және орта өндіріс орны бар. Былтырғыға қарағанда 109,7 пайыз өсіммен 339,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Қайта өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуде екі мыңнан астам ірі қараға арналған төрт тауарлы-сүт фермасы, жеті мың төрт жүз басқа арналған үш мал бордақылау алаңдары салынды. Тауарлы жұмыртқа өндіретін бір құс фабрикасы, ауылшаруашылығы дақылдарын тамшылатып суару технологиясы тоғыз жүз гектар жерге енгізілді. Қазір қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуатының жүктемесін арттыру мақсатында шикізат дайындайтын аймақтарда шаруа қожалықтарынан, қосалқы шаруашылықтардан жеткілікті көлемде шикізат дайындауға арналған пункттер ашу көзделіп, бар қуаттарды қайта жаңарту шаралары қолға алынып жатыр. Бұған қоса, агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының бағыттарын енгізу арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге шығындарын инвестициялық субсидиялау, қаржылық сауықтыру, айналым қорларын толықтыру сияқты басым бағыттарды қолдау жүзеге асырылатын болады. 
– Азық-түлік белдеуін дамытуда іске асып жатқан іс-шаралар бар шығар?
– Осының аясында он бес инвестициялық жоба әзірленіп, төрт жүзге жуық жұмыс орны ашылды. Өздеріңіз білесіздер, облыс және Алматы қаласының тұрғындарын негізгі ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрінің бағасын тұрақтандыруда аудан орталықтары мен Қапшағай, Талдықорған,Текелі және Алматы қалаларында ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткізілуде. Биыл мыңнан астам жәрмеңке өткізіліп, қомақты қаражатқа өнім сатылды. Көкөніс, жеміс-жидек, картоп сақтайтын қоймалар жөнделіп, ауылшаруашылығы өнімдері салынды. Қазір қоймадағы өнімдер базарларда саудалануда. Жылыжайларда өсірілген көкөністерден де жақсы өнім алынып жатыр. Азықтық бидаймен қамтамасыз ету және бірінші сұрыпты ұн мен нан бағасын тұрақтандыру мақсатында өткен жылдың қазан айында мемлекеттік астық ресурстары есебінен 28,3 мың тонна азықтық бидай бөлінді. Оны опеартор «АзияАгроФуд» АҚ сатып алып, қаңтар-мамыр айларына дейін сұраныс берген наубайханаларды бірінші сұрыпты ұнмен қамтамасыз етті. Ет өңдірісі және қайта өңдеу бойынша Кербұлақ ауданында «Майтөбе-Ет» және Панфилов ауданында «Зиятдинов Руслан», «Қызыл-таң», «Ағым», Талдықорған қаласында «Қойлық» ауылшаруашылығы кооперативтері құрылды. Алматы қаласы маңынан азық-түлік өндірісін дамытуда Талғар ауданынан «Амиран» ЖШС 1200 басқа, Қарасай ауданынан «Медеу Коммерц» ЖШС 750 басқа сүтті тауарлы фермалары және «MPS» ЖШС ет өндіру цехы ашылып, өнімдерін Алматы қаласындағы сауда орталықтарына жеткізуде. Бес отбасылық тауарлы-сүт фермасын құру үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастырылған болатын. Енді осы тауарлы-сүт фермаларын құру үшін шаруашылықтар анықталып жатыр. Алдағы жылы Жамбыл ауданындағы «Табыс» шаруа қожалығы сүт зауытын салуды, Алакөл ауданындағы «Қайынды» ЖШС тауарлы-сүт фермасын іске қосуды жоспарлап отыр.
– Егінші қауымының судан қиналмауы үшін нендей жұмыстар іске асты? Алдағы жоспарларыңыз туралы не айтар едіңіз?  
– Облыс бойынша ауылшаруашылығы дақылдарын суаруға су көздерінен үш миллиардтан аса текше метр су алынып, екі миллиардтан астам текше метр су берілді. Жалпы көлемі 421 мың гектар суармалы жер суарылды. 2017 жылы коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарын қайта қалпына келтіріп, жөндеуге облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде Талғар ауданында Талғар өзенінің бойындағы «Жанашар» қорғағыш-реттегіш бөгеті, Талғар су торабы, Саз–Талғар-1 бөгеті, Сарқан ауданындағы «Біріктіруші» магистральды арнасы, «Басқан» су торабы, «Мұшымбай», «Қаражырық», «Р-1» магистральды арналары, Жамбыл ауданындағы «Үлкен» магистральды арнасы, «Ақсеңгір» су қоймасы, Райымбек ауданындағы «Ақбұлақ» арнасы, Ескелді ауданындағы «Бәйбіше» су бөлу арнасы, Ұйғыр ауданындағы Сүмбе, Ават, Бахар және Тиірмен ауылдық округтеріндегі арналар бар. Ислам Даму банк есебінен «ҚазСуШар» РМК-мен бірлесіп, пилоттық жобаға енген Алакөл, Ақсу,  Ескелді, Көксу, Ұйғыр, Панфилов аудандарындағы суландыру жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындауға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, төрт ауданда жобалар дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы айналымнан шығып қалған 47,8 мың гектар суармалы жер қайта айналымға енетін болады. Он екі су шаруашылығы нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат қарастырып, 8,7 мың гектар суармалы жерді қайта айналымға қосуды жоспарлаудамыз. Аталған жұмыстың бәрі ойдағыдай іске асатын болса, 2020 жылға дейін егістік көлемі 126 мың гектарға ұлғаяды деген болжам бар. Жалпы, қазір саланың қай бағытында да өнімділікті көбейтуге ерекше мән беріліп отыр. Ол үшін біз ирригациялық жүйені дамыту, тұқым сапасын жақсарту, органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолдану және жаңа технологиялардың озық үлгілерін пайдалану арқылы жұмыс жүргізудеміз. Айта кетейін, ҚР Ауылшаруашылық, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері мен облыс әкімдіктері нақты тапсырмалар мен индикаторларды іске асыру жөніндегі шараларды анықтайтын үшжақты қадамдық жоспарға қол қойды. Осыған сәйкес, жиырма бес сүт қабылдайтын пункттер мен алты жүзден астам отбасылық бордақылау алаңдарын біріктіретін, сондай-ақ, жеті отбасылық жылыжай, алты жеміс-көкөніс өнімдерін дайындайтын пункттер бойынша және техниканы тасымалдауға арналған отыз тоғыз ауылшаруашылығы кооперативтері ұйымдастырылатын болады. Бүгінде осы бойынша республикада қаражат қарастырылып, субсидиялау жолдары нақтыланып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!


Айгүл Байжұмақызы.