Жеріне қарай жемісі

Уақыты: 12.01.2017
Оқылды: 2682
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі Талдықорған аймағындағы алты сұрып сынау  шаруашылығы Жоңғар Алатауы баурайларына жерсінетін жеміс-жидек пен ауылшаруашылық дақылының сұрпын өсіріп, өндіріске енгізу бағытында ел берекесін арттырып келеді. Бұлардың арасындағы ең байырғысы 1937 жылдан бері жұмыс істейтін Сарқан астық  мемлекеттік сұрып сынау учаскесі. Олар масақты дақылдардың жаңа сұрпын сынаумен шұғылданса, 1955 жылы құрылған Кербұлақтағы әріптестері де осы бағытта жұмыс атқарады. Ал басқалары астық өнімдерімен қатар жеміс-жидек, картоп, бау-бақша тұқымдарының түріне ден қойған.

Жаркент өңіріндегі ауылшаруашылық құрылымдары соңғы жарты ғасырдан астам уақыт барысында негізінен жүгері өсірумен шұғылданатындықтан мұндағы сұрып сынау учаскесі «дала аруының» жаңадан пайда болған тұқымдарын сынау, жерсіндіру істерімен айналысады.
Панфилов ауданында 1958 жылы алғаш рет мемлекеттік жеміс-жидек шаруашылығы ұйымдастырылды. Бұл тұста өңірде жүгері өсіру өндірісі де бел ала бастаған болатын. Осы үрдіске байланысты ауданда мемлекеттік сұрып сынау учаскесі құрылды. Жаркент қаласының солтүстік шетіндегі жалпы аумағы 112 гектар жерді алып жатқан шаруашылық 55 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Шаруашылықта сынақтан өткен жеміс-жидек түрі мен жүгері, сорго, судан шөбі сынды дақылдардың жаңа сұрпы комиссияның  жоғары бағасын алып, өндіріске кеңінен енгізіліп, ел берекесін еселеуге негіз қалады.
– Біз бір жылдық дақылдардың  әрбір сұрыбын қатарынан үш жыл егіп, сынақтан өткіземіз, – дейді мекеме агрономы Нұрлан Ағымов. – Сұрып сынаудың нәтижесі арнайы кесте арқылы күнделікті жазылып, бақылауға алынып, оның бүр жаруы, топырақ балбанитетін қалауы, ылғал сұранысы, жылдам бойлауы, тозаңдануы мен дән ұстауы сияқты өзіндік ерекшеліктері жазылады. Үш жыл қатарынан егіп өсіретініміз – әр жылдың ауа райында ерекшеліктер болуы мүмкін, дақылдың осындай өзгерістерді қалай қабылдайтыны сынақ барысында ескеріледі.
Аталған сұрып сынау телімін 2011 жылдан бері Тасқын Жапарқұл басқарады. Еліміз егемендік алып, халық шаруашылығы нарық қатынасына көшірілгеннен бері кәсіпкерлікпен шұғылданып, жеке шаруасын шалқытқандардың бірі осы Тасқын. Ол құрған «Ернер» ЖШҚ өңірде элиталық жүгері тұқымын өсіретін ең алдыңғы қатардағы шаруашылық.
Бұл сұрып сынау учаскесіне басшылық жасау Тасқынға жайдан-жай тапсырылған жоқ. Кейінгі жылдары сынақтан өткізілген 50-ден астам жүгерінің, 2 түрлі судан шөбінің, 2 түрлі «Могар» сұрыпты соргоның жаңа 12 тұқымдарының мемлекеттік комиссияның жоғары бағасын алып, өндіріске енгізілуі Тасқын басқарған ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесі. Биыл дәндік жүгерінің 37, сүрлемдік жүгерінің 30, дәндік соргоның 6, сүрлемдік соргоның 3, дәндік могардың 2, судан шөбінің 2 сұрыптары сынақтан өткізіліпті. Дәнге өсірілген жүгерінің Данубио сұрыбы 102 күнде пісіп-жетіліп, әр гектарынан 54,4 центнерден өнім жиналды. Сол сияқты «Мас-38Д», «НС-3014», «Мас-39Т», «МВ – Максима» сұрыптарынан – 53,5 центнерден 63,5 центнерге дейін гектар сайын дән жиналды. Бұл сұрыптар болашақта облыстың дәндік жүгері өсіретін аудандарына таратылып, ел экономикасына мол береке береді.
Сұрып сынау учаскесінің қарауында қосымша 48 гектар бақ бар. Онда 3 түрлі өрік, алманың бес сұрыбы, алмұрт, айва, қарақат өсіріліп, олардан жиналған өнім шаруашылық экономикасын өркендетуге жұмсалады. Үкімет бұл мекемеге жаңа 2 доңғалақты трактор берді. Ұжымда бүгінгі таңда он шақты адам тұрақты еңбек етеді. Жазғы, күзгі жеміс-жидек жинау науқанында шаруашылыққа уақытша тағы оннан астам жұмысшы тартылады. Еңбеккерлер арасындағы Олег Бурдачев, Ташмұхамет Пархатов сияқты механизаторлар ұжым мақтанышы.

Панфилов ауданы.