Баға тұрақтандыру басты назарда

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 1869
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Нарықтық экономика қарыштап дамып жатқан мына заманда барлық салмақтың қалтаға келіп түсетіні рас. Бүгінде жұртшылық тұтынатын өнімдердің басым бөлігі шет елдерден тасымалданады. Ал оның құны тұтынушыға жеткенше біраз шарықтап, шектен тыс көтеріліп кететіні бар. Онсыз да нарықтағы ахуалды қалт жібермей жіті қадағалап отыратын жеткізушілер мұны өз кәдесіне жаратып, пайдаға асырып қалуға тырысады. Бұл іске жергілікті атқарушы билік те бейжай қарап отырған жоқ. Керісінше, бағаны тежеу мақсатында қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көмек қолын созуда. Сондықтан қазір елде әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрінің бағасы бақылауға алынып, оны тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыт бойынша тындырымды іс атқарып келе жатқан Талдықорған қаласындағы «Жерұйық-Талдықорған» АӨК» ЖШС коммуналдық кәсіпорны да бұл істің жүйелі жүруіне өз үлесін қосып келеді. Аталған серіктестіктің басшысы Ақшабай Керімбековпен болған сұхбат осыған байланысты өрбіді.

– Ақшабай Дүйсенбекұлы, «Жерұйық» коммуналдық базарының жұмыс істеп келе жатқанына да он жыл болыпты. Ендеше, әңгіменің беташарын өзіңіз басқарып отырған мекеменің құрылу тарихынан және оның ашылуына не себеп болғанынан бастасақ. 
– Осыдан біраз жыл бұрын Үкіметтің арнайы шешімі бойынша облыс әкімдігі қаулы қабылдап, соған сәйкес 2006 жылдың желтоқсан айының басында «Жерұйық» коммуналдық базары құрылды. Оның ашылуына нарық заманы әсер етті деп айтуға негіз бар. Өздеріңізге белгілі сол жылдары көптеген базар мен дүкендер, басқа да нысандар мен мекемелер жекеменшіктің қарамағына өтіп жатты. Бағаны салыстырмалы түрде тұрақты ұстап тұру үшін Үкімет құзырындағы осындай мекемелер керек болды. Соған байланысты облыс әкімдігінің шешімі негізінде қаражат қарастырылып, коммуналдық базар бой көтерді. Екі қаббатты нысанды жоғары талап үдесінен шығатындай етіп салынды деп айта алмас едім. Өйткені оған сапасы төмен әрі арзан құрылыс бұйымдары қолданылды. Саудагерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажет дүниелермен де қамтамасыз етілмеді. Қажетті көлемде тоңазытқыштар мен өнім сақтайтын камералар да болған жоқ және оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеді. Сауда сөрелерінің сапасы да сын көтермейді. Міне, осындай кемшіліктерге қарамастан жұмысты бастап кеттік. 
– Байқауымша, алғашқы кездерде біраз қиындық бол-ған сияқты. Онымен қалай күрестіңіздер?
– Базар ашылған күннен бастап оның жұмысын қалай жүргіземіз, айналымға қажетті қаражатты қайдан табамыз деген сияқты сан сауал мазалады. Оның үстіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасы өзге базарларға қарағанда он, он бес пайыз төмен болуы керек деген талап қойылды. Өздеріңіз білесіздер, сауда мәдениетін меңгерген, тұтынушылармен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істей білетін сауда қызметкерлері болмаса, сөрелерде талапқа сай өнім түрі сықап тұрмаса мұндай орындарға кім келеді дейсіз?! Ал ол кездері ондай жағдай болған жоқ. Осыны ескерген біз бірінші кезекте өңірдің тауар өндірушілерін осы жерге тартып, олардың өндірген өнімдері делдалдарсыз тікелей тұтынушыға жететіндей жағдай жасау керектігін ойластырдық. Халықпен де тығыз қарым-қатынас орнатуды естен шығарған жоқпыз. Осылайша әрекет етіп базарға кәсіпкерлерді тарту жолдарын қарастырдық. Ал ол оңай жұмыс болған жоқ. Бұл тек биліктің үлкен көмегінің, қамқорлығының арқасында ғана жүзеге асатын шаруа еді. Осы мақсатта әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізеле бастады. Жарнамалар да берілді. Күнбе күн  шаруа істегеннің арқасында ауылшаруашылығы тауарын өндіретін және сататын екі жүзге жуық адам жинадық. Алғашқы кезде олардың өздері өндірген өнімдерін алаңсыз саудалауы үшін үш айға дейін тұрған орындарына ақы алған жоқпыз. Ал үш ай өткеннен кейін алатын ақының көлемі бір айға шаққанда 9 мың теңгені құрады, бұл жекеменшік базарларға қарағанда үш есе арзан еді. Айтарлықтай айырмашылық бар ғой. Сондықтан біз ұсынған мүмкіндік олар үшін үлкен жеңілдік болды. Оны пайдаланғысы келгендер бұл мүмкіндікті қолдан шығарып алмауға тырысты. Нәтижесі жаман болған жоқ. Базар адамға лық толды. Әрине, бұл екі жаққа да тиімді. Осылайша ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер өздеріне тиесілі орында алаңсыз сауда жасауына мүмкіндік алып, тұтынушылар сапалы және экологиялық жағынан да таза өнімге қол жеткізді. Сауда жасаймын деушілерге қазір де алғашқы бір-екі айда жеңілдік беріледі. Сөйтіп, кәсіпорынның жұмысы жандана түсті. Мұнымен шектеліп қалмай, одан әрі ілгерілеуді көздедік.  
–  Яғни, жұмыстарыңыз күрделене түсті ғой?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, билік тарапынан тауар бағасын белгіленген мөлшерден асырмай сату талап етілді. Мысалы, өзге базарларда картоптың әр келісі 50 теңгеден болса, бізде 35 теңгеден саудалануы тиіс еді. Шыны керек, бұл нарық заңына қайшы. Базарға ауылшаруашылығы тауарын өндіретін адам өзінің өсіріп, дайындаған азық-түлігін еңбегіне қарай лайықты бағада сату үшін келеді. Біздің оған «өніміңді арзан бағамен сат» деп айтуға заң жүзінде құқығымыз жоқ. Ол да жан-жағына қарайды, өзгелермен өзінікін салыстырады. Ойлап қараңызшы, бізден бөлек сауда орындарында баға жоғары болса, біз сияқты базарға келіп сауда жасауға ол мүдделі бола ма? Ол да еңбегінің құнын өзі бағалағысы келеді емес пе? Жасыратыны жоқ, шаруа адамының күні бойы базарда отырып сауда жасауға уақыты да, мүмкіндігі де жете бермейді. Ауылда малы, бақшасы, басқа да тірлігі бар деген сияқты, оның да шаруасы бір басынан асады. Міне, осыдан барып олар өсірген, өндіргендерін амалсыздан көтерме бағада беруге мәжбүр. Айналып келгенде оның қызығын алыпсатарлар көреді. Осыдан барып тауар құнының көтерілуіне жол беріледі. Шындығында соңғы жылдары делдалдар көбейіп кетті. Олар бағаның тұрақтануына мүлде бас қатырмайды. Тек пайда түсіруді ғана ойлайды. Ал құзырлы мекемелер, өкінішке қарай, осы кезге дейін олардың жұмысын қадағалаудан тыс қалдыруда. Алғашқы кезде осындай кесе-көлденеңдеп келетін кедергілер жұмыстың өрге басуына кері әсерін тигізді. Кейіннен осындай проблемалардың оң шешімін табуы үшін өз саудамызды ұйымдастыруды ойладық. Алдымен сауда қызметін көрсететін он шақты сатушыны жұмысқа қабылдадық. Содан соң тауар өндірушілер мен «Алтын орда» сияқты базарлардан, тағы басқа да орындардан халық көп тұтынатын азық-түлік түрін сатып алып, оны төмен бағамен саудаладық. Бұл да қаражаттың көлемінде жасалынған шағын шаруа еді. 
– Тірліктеріңіз пайда әкелді ме?
– Жоқ. Қып-қызыл шығынға ұшыратты. Сол себепті кейінірек өзіміздің саудамыз тоқтатылды. Ал енді не істеу керек? Тек көздеген мақсат қана бізді алға жетеледі. Ойлап қараңызшы, еңбек етіп жатқан адамдарға ай сайын жалақы төлеу керек, оған салық түрін қосыңыз, базардың әртүрлі төлемі тағы бар. Мысалы, біз әлеуметтік мекеме бола тұра заңды тұлғалар сияқты қосымша құн салығын төлеген кездеріміз де болды. Бұлай жалғасуы мүмкін емес еді. Осы тұрғыдан келгенде билік тарапынан ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Қол қусырып қарап отырмай мамандарымызбен ақылдасып, тығырықтан шығудың жолдарын іздестірдік. Нәтижесінде бес жылдық жоба-жоспарымыз жасалынды. Ондағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы құжаттар әзірленіп, осы бойынша әкімшілікке өз ұсыныстарымызды білдірдік. Соның арқасында біраз қаражатқа қол жеткізілді. Осы жерде айта кетейін, 2006 жылы ел бойынша 43 коммуналдық базар ашылған еді. Олардың бірде-біреуінде біздегі сияқты оңды қам-қарекеттер жасалынған жоқ. Қазір сол базарлардың көбі шығынға ұшырап, кейбіреуі жекеменшіктің қарамағына өтті. Тек Астана қаласындағы «Шапағат» коммуналдық базары сияқты мекемелер ғана жұмыс істеп тұр. Сол сияқты біздің мекеме де өз күнін өзі көріп келеді. Өткен жылды барлық мүмкіндікті пайдалана отырып еш шығынсыз аяқтадық.   
– Сіздерде коммуналдық базардан басқа да нысандар, атап айтқанда температураны қалыпты сақтап тұратын жалпы сыйымдылығы 3 мың тонналық көкөніс, 400 тонналық жеміс-жидек қоймасы, 25 гектар аумақты алып жатқан алма бағы, 4800 шаршы метр жылыжай кешені бар емес пе? Осының бәрі жоғарыда аталған жоспар аясында жүзеге асырылған жұмыстар ғой. 
– Әрине. Өзіміз өсіріп, өңдейтін, сақтап, сататын ғимараттар салынып, үлкен кешен құрылды. Яғни, біз кластер жасауға әрекеттендік. Жұмыстың нәтижесі жаман болған жоқ. Керісінше, жарғылық капиталымыз өсіп, бір миллиард теңгеге жетті. Бұл дегеніңіз аз қаражат емес. Бастапқы кезде алма ағашы он бес гектарға отырғызылады деп жоспарланған еді. Кейіннен оған тағы он гектар қосылды. Қазіргі кезде бақта алманың он түрі өсіріледі. Жан-жағы тұтастай қоршалған бақты желден, суықтан қорғау үшін айналасына тал-теректер отырғызылды. Сол жерде бақты уақытылы күтіп-баптайтын, суаратын және залалсыздандырып отыратын тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Алма ағашынан өз деңгейінде жеміс алып, ауру-сырқаудан сақтандыру мақсатында ғалымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмысымызды одан әрі күшейтпекпіз. Жол жағасынан орын тепкен бақта тамшылатып суару әдісі қолданылады. Әрі-бері өткен жолаушылар да жайқалып өскен баққа алыстан көз тастап, қызыға қарайды. Тіпті кейбіреуі телефон шалып, өз ризашылықтарын білдіріп жатады. Шынымды айтсам, біз оған біраз марқайып қаламыз. Өткен жылы 50 тонна алма теріледі деп ойлаған едік. Алайда судың тапшылығына байланысты шығымы сәл сиреп қалды. Соған қарамастан 37 тонна өнім жиналып, келісі 150–160 теңгеден сатылды. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі кезде жұрт тазалығы мен сапасы күмән тудыратын шетелдік азық-түліктен гөрі табиғи таза өз өнімдерімізді тұтынуға тырысады. Сондықтан шығар, халық оны кезекке тұрып алды. Яғни, сауда жоғары деңгейде өтті. Дәмі де тіл үйіреді. Қоймада да сақтау орындары жеткілікті. Ол жерге өзіміздің тапқан қаражатымыздың есебінен өнімдерді сақтауға қоямыз. Ол небары 18-20 пайызды ғана құрайды. Тауар өндірушілерге де жалға беріледі. Сонда да болса айналым қаражаттың жоқтығынан оны толық көлемде пайдалана алмай отырмыз. Заман талабына сай құралдармен жабдықталған қоймада сексен тонналық бес тоңазытқыш өз дәрежесінде жұмыс атқарып тұр. Өнімдерді бүлдірмей сақтап, зиянкестерден қорғау үшін оның ішіне газдандырылған жүйе орнатылды. Мәселен, қоймаға көмірқышқыл газы айдалып, ауа ығыстырылады. Бұл ұсақ ағзалар мен кішкене жәндіктерді жоюға көмектеседі. Мұндай жағдайдан соң өнімдер бұзылмай, тоғыз ай бойы өз қалпында сақталып, жаңа піскендей болып тұтынушыға жетеді. 
Жалпы, мұндағы жұмыстар компьютер арқылы бақыланады. Өткен жылы қоймаларымызға барлығы 600 тонна өнім сақтауға салынды. Оның ішінде картоп, сәбіз, шомыр, пияз, қырыққабат сияқты өнімдер бар. Осындай жақсы қоймалардың және басқа да ғимараттардың бой көтеруіне бұрынғы облыс басшысы болған Серік Үмбетов пен қазіргі облыс әкімі Амандық Баталов ықпал етіп, біздің жасаған құжаттарымызға тиісті қаражат көзін қарастырып, көмектерін тигізді. 
Жыл он екі ай көкөніске қолжетімділікті қалыптастыру үшін жергілікті жерде жылыжай шаруашылығын дамыту мәселесі маңызды шаруаның бірі. Сондықтан тұрғындарды жаңа піскен, балғын көкөніспен қамтамасыз етуде және олардың маусымаралық жетімсіздігін болдырмауда жылыжай кешендерінің атқаратын рөлі ұшан-теңіз. Осы ретте жарты гектар жерге жылыжай кешені салынды. Қазір онда қияр, қызанақ сияқты көкөніс түрлері өсіріледі. Оларды тамшылатып суару әдісі қолданылады. Жалпы, онда аталған көкөністердің жақсы өсіп-жетілуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Ауа температурасы да үнемі қадағаланып отырады. Кешен испан технологиясы бойынша салынған. Былтыр жылыжайымызда 97,5 тонна өнім жиналды, бұл жаман көрсеткіш емес.
– Наубайхананың, көкөніс өңдейтін, орап-қаптайтын, кеспе шығаратын цехтарыңыздың жағдайы қалай болып жатыр? 
– Жалпы өңдеу цехына былтыр жоспарланған барлық құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылды. Нан шығаратын наубайхана қазіргі кезде жұмыс істеп жатыр. Мұнда он адам жұмыс істейді. Жалпы, бізде жаз айында барлығы жүз шақты адам еңбекпен қамтылады. Ал қыс кезінде олардың саны біршама төмендейді. Кәсіпорында нанның небір түрі дайындалады. Бағасы базардағыдан бірнеше пайызға төмен. Мәселен, жұрт күнделікті ең көп тұтынатын өзге дүкендердегі 75 -85 теңгелік нан осы уақытқа дейін 60-65 теңгеге саудаланып келген еді. Алайда ұнның қымбаттауына байланысты жақында ғана оның бағасы 70 теңгеге көтерілді. 
Бүгінгі күнге дейін 10 миллион теңгеге нан пісіріліп, халыққа ұсынылыпты. Талдау нәтижесі көрсеткендей, біз пісірген нанды бір күнде 5-7 мың адам тұтынады екен. Ал өңдеу цехының басқа құрал-жабдықтары да жұмыс істеуге дайын. Олар қазір қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Осы бойынша қойылған мәселеге әкімдік айналым қаражатты банктен алу керектігін айтады. Өзіңіз білесіз, банктің пайызы жоғары. Төлей алмауымыз мүмкін. Қазір Үкіметтің әртүрлі бағдарламасы бар. Олар жеңілдетілген пайызбен қаражат береді. Бірақ, біз Үкіметтің құзырында тұрған мекеме болғандықтан ондай бағдарламаларға қатыса алмаймыз. Өйткені ол қаржы тек жеке шағын және орта бизнеспен айналысатындарға ғана беріледі. Сондықтан мұндай мекемелерді келешекте тиімді жұмыс істетудің бір ғана жолы, ол жекеменшік мекемеге басшылыққа беру. Сонда ол жекеменшік мекеме Үкімет ұсынған бағдарламаларға қатысып, жеңілдіктерді пайдалана алады. Ал қазіргі жағдайда оның Үкіметтің көмегінсіз жоспарланған шаруаларды өз деңгейінде атқаруы күмәнді.
– Халықты сапалы әрі қолжетімді бағадағы ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін әр сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Қалай ойлайсыз, қалыптасқан игі дәстүр алдағы уақытта да жалғаса ма, әлде, осы бағыт бойынша ойластырып жатқан басқа да жоба-жоспарларыңыз бар ма?
– Өздеріңіз білесіздер, бұл шара әр сенбі сайын жылдың төрт мезгілінде де ұйымдастырылады. Базардың ашық алаңында орналасқан сауда орындарында Талдықорған, Үштөбе, Текелі қалалары мен облыс орталығына жақын орналасқан Ақсу, Қаратал, Сарқан, Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандарының диқандары келіп сауда жасайды. Қалалықтар көбіне қысқа қажетті қорды да осы жәрмеңкеден түгендеп алады. Делдалдарсыз бірінші қолдан сөреге қойылатын азық-түлік түрінің сапасына да күмән тудырмайсың. Себебі, ет-сүт өнімдерінің бәрі қажетті тексеруден өткізіледі. Онда аудандардан келген ауылшаруашылығы еңбеккерлері шаһарлықтарға өздері өсірген, өндірген, қайта өңдеуден өткізген өнімдерін талап үдесінен шығатындай етіп ұсынса, диқан мен малшы, балықшылар өздерінің табан ет, маңдай терімен дайындаған тауарларын сөрелерге лықа толтырып, көпшілікке қолжетімді бағада саудалайды. Жеміс-жидек пен көкөніс түріне, бау-бақша дақылдарына да сұраныс аз болмайды. Омарташының байлығы – бал. Бұл өнім өзінің әр түрлілігі және түстері мен дәмдерінің бір-біріне ұқсамайтындықтарымен де жұртты өзіне қаратады. Жаңа сойылған жылқы, қой, сиыр, тіпті құс етін де осы жәрмеңкеден табасыз. Сол себепті оны алушылар легі түске дейін толастамайды. Талдықорған маңынан орын тепкен өңірлердегі қайта өңдеу кәсіпорындары өндірген шұжықтың түр-түрі, жеміс-жидек тосабы мен сусын, салат және тоқаштың небір дәмдісі жұртшылыққа ұсынылады. Өнім көп болған жерде бәсекелестіктің де жоғары болатыны сөзсіз. Ал ол түптеп келгенде бағаның төмендеуіне оң ықпалын тигізеді. Осыны ескерген жөн. Сол себепті бұл үрдіс одан әрі жанданып, жалғаспаса, тоқтатылмайды. Өйткені бұған халық әбден үйренді. Соңғы жылдары «азық-түлігіміз таусылды, сенбі күнгі жәрмеңкеге баруымыз керек» деген сөзді жұртшылықтан жиі еститін болдық. Бұдан кәдімгідей марқайып қалатынымыз бар. Жәрмеңкенің өткізіліп келе жатқанына да тоғыз жыл өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Осы шараның арқасында коммуналдық базарға жұртшылық көп келетін болды. Жәрмеңке күндері мекеме де өз өнімдерін саудалап, алма, қызанақ, қияр және нанның он жеті түрін тұтынушыларға ұсынады.
 – Кейде арнайы құрылған комиссия сенбілік жәрмеңкені аралап, азық-түліктердің бағасын тексеріп шығады. Алайда, комиссия жүріп өткеннен кейін бағаның негізсіз көтеріліп кететіні бар. Мысалы, қой, сиыр, жылқы етіне бір баға қойып, өздері екінші бағада сауда жасайтындарды ара-тұра байқап қаламыз. Жалпы, осыған шара қолданыла ма? 
– Адам көп жиналатын орын болғандықтан ондай келеңсіз жағдайлардың кездесетіні рас. Себебі, бұл жерге тек тауар өндірушілер ғана емес, сондай-ақ, ауылшаруашылығы тауарын сатумен айналысатындар да келеді. Жасыратыны жоқ, олардың ішінде алыпсатарлар да бар. Үкімет базары болғандықтан оларды  жібермей тұра алмаймыз. Бірақ та олармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі. 
Біз негізінен сауда жасайтындармен келісімшартқа отырамыз. Ол шартта барлық талаптар көрсетіледі. Сондықтан олар келісімшартта белгіленген ережеге бағынулары тиіс. Егер де шартта көрсетілген ережені бұзып, тәртіпке бас имейтін болса, міндетті түрде шара қолданылады. Нәтижесінде саудагермен жасалған келісімшарт бұзылып, алдағы кезде оның осы базарда сауда жасауына тыйым салынады. Ал егер ол адам өз тарапынан жіберілген қатені мойындап, екінші рет мұндай кемшілікке жол бермеуге, белгіленген тәртіпке бағынуға уәде беретін болса, оған тағы мүмкіндік беріледі.
– Тауарды делдалдарсыз сатуға және оның бағасын тұрақтандыруға билік тарапынан жасалып жатқан жағдайларды айтып өте аласыз ба?
– Жыл сайын тұрақтандыру қорына Үкіметтен арнайы қаражат қарастырылады. Ол ақша «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына бөлінеді. Аталған қоғам сол ақшаға қажет өнімдерді тікелей тауар өндірушілерден сатып алып, көкөністер мен бау-бақша дақылдарын, тағы басқа әлеуметтік маңызы бар өнімдерді қысқы мерзімге қоймаларға сақтауға қоюға тиісті. Қант, шай, май, жұмыртқа сияқты күнделікті тұтынуға қажет тауарлардың да қоры дайындалуы қажет. Егер тауар бағасы аяқастынан көтеріліп кеткендей жағдай туындаса, әлгі дайындалған қор нарыққа шығарылуы қажет. Яғни, бұл тауарлар бағаны тұрақты ұстап тұруға оң әсерін тигізуі керек. Шынын айтайын, тұрақтандыру қорына бөлінген қаражат әлі де өз деңгейінде пайдаланылып жатыр деп айта алмаймыз. Өйткені, соңғы бес-алты жылдың көлемінде бұл жұмыстың оң нәтижесін көре алмай отырмыз. Тек есеп берумен ғана шектелетіндері рас. Ал оны тиімді пайдалану жергілікті органдардың қадағалауында болуы керек. Соған орай бұл бағыттағы жұмысты әлі де ширата түсу керек деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. 
Тағы бір айта кетерлігі, біз қант қызылшасын өсіретін аймақтың біріміз. Соңғы жылдары бұған облыс әкімі Амандық Баталов ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында қызылшаға арналған алқап көлемі ұлғайып, қант өндірісі жолға қойыла бастады. 
Жалпы, қазір ауылшаруашылығы саласын өркендетуге үлкен көңіл бөлініп жатыр. Солай бола тұра өзімізде өсіріліп, өндірілген тауар құнының көтерілуіне не себеп болып жатыр? Бұл жағдайды тауар өндірушілер жарық пен жылудың, жанар-жағармай бағасының өсуімен байланыстырады. Өкінішке қарай жаңа жылды да сондай қымбаттаулармен бастап отырмыз. Мысалы, қанттың бағасы жыл сайын көтеріледі. Осыдан біраз жыл бұрын қанттың келісі 100-150 теңгеден сатылды. Ал қазір оның бағасы 280-300 теңгеге дейін шарықтап кетті. Оған ет, сүт және құс еті мен жұмыртқа өндіретін өндіріс орындарын қосыңыз. Мысалы, бұрын он жұмыртқа 210-220 теңге тұратын, ал қазір оның бағасы 300 теңгеден асты. Жалпы, біздің облыста мұндай шаруаларды реттеуге толық мүмкіндіктер бар. Тек қана сол мүмкіндіктерді пайдалану арқылы құзырлы мекемелер жүзеге асырып жатқан шаруаны мұқият тұжырымдап, жетістіктерді молынан таратып, кемшіліктерді жібермеуге болады. Ал бизнеске жан-жақты жол ашылып, жағдай жасалынуы тиіс. Дегенмен, бизнестің де әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек, осыны да ұмытпағанымыз абзал. 
– Әңгімеңізге үлкен рахмет. Ойлаған жоба-жоспарларыңыз сәтімен іске асырыла берсін!

Айгүл Байбосынова