Үздік кәсіпорындар қатарында

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 2806
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елдегі отандық тағам өнімдерін өндіруде өзіндік орны бөлек «Baron Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табиғи, дәмді тұшпарасы мен мәнтілеріне деген сұраныстың еселеп артқандығын айрықша атау абзал. Жартылай дайын өнім өндіруге ден қойған бұл кәсіпорынның ісін ілгерілетіп, дамытудағы ізденістері ерекше.

Жартылай дайын өнімдерді даярлауға қажет техникалық құрылғыларды өздерінің темір-терсек өндіретін өндіріс орындарында жасап шығарып, пайдаланатын тамақ өндіруші кәсіпорынның бұл күнде жұмыс ауқымы кеңейіп, бәсекеге қабілеттілігі жоғарылап  келеді. Автоматтандырылған құрал-жабдықтарды жасап шығаратын «Baron sistem» өндіріс орнында осы күнде 30 адам еңбек етеді. Темірден түйін түйетін шеберлердің қолынан шыққан отандық құрылғылар аталған кәсіпорынның жұмысын ширатып, еңбек өнімділігін арттырудың басты тетігіне айналуда. 
«Baron Foodтың» жартылай дайын тағам түрін шығарудағы талпыныстарын талайға үлгі етуге болады. Осы салада 240 адам тұрақты түрде еңбекке араласып,  өз істерінің шебері атануда. 
– Тамақ өнеркәсібіне керек ет турайтын, қаптайтын, жинайтын құрылғының барлығы серіктестіктің қарамағындағы темір өңдейтін цехта жасалып, кәдеге жаратылады. Сырттан құрылғы сатып алынбайды. Соның арқасында шығын көлемі кеміп, өнімнің қолжетімді бағада әрі табиғи таза болуына мүмкіндік тууда. Ет қажет болған кезде серіктестік шаруашылығындағы ірі қаралар сойылады немесе базардан жоғары сападағы етті сатып аламыз. Өнім даярлау цехында 8 адам жұмыс істейді, – дейді бас технолог Гүлмира Артықбаева.
Біз сөз етіп отырған жартылай дайын өнім шығаратын «Baron Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас-аяғы 48 тағам түрі шығарылса, соның ішінде тұшпараның      17 түрі, мәнтінің 8 түрі және бірнеше түрлі сығым еттер жасалады екен. 
Сонымен қатар, аталған тағам өнімдеріне қажет мөлшердегі көкөністерді, дәмдеуіштерді, жұмыртқа қоймалжыңын даярлайтын бірнеше атауға ие арнайы цехтардың барлығы  рет-ретімен жұмыстарын жандандырып келеді. Бұған қоса, дайындалған өнімді салатын қаптама цехы да жұмыс істейді.
Жартылай дайын өнім жылдам тоңазытылып, қапталатын бөлімнің еңбеккерлері де білек сыбана іске кіріскен. Өз ісінің шебері деуге әбден лайық еңбек адамдарына бастан-аяқ арнайы киім беріліп, жұмыс барысындағы тазалық сақтау нормалары қатаң бақыланады. Алты ай сайын санитарлық-медициналық тексерістен тұрақты түрде өткізіледі. Олардың уақытылы тамақтануы толық қамтамасыз етілген. Нәтижесінде еңбек өнімділігі уақыт өткен сайын арта түседі. Аталған кәсіпорынның табалдырығынан төріне дейін қылаудай қылпық кезікпейді, өндіріс орнында мұнтаздай тазалықтың салтанат құрғандығын байқау қиын емес.
– Үй жағдайында жасалатын мәнтіге сұраныс өте жоғары. Өйткені, мәнті қолмен түйіледі. Қамыр мен езінді еттің сапалы әзірленуінің арқасында өте дәмді тұшпара жасалады. Отандық өнім өндіруде өзге кәсіпорындардан оқ бойы озық шыққан біздің өнімге елдің әр түкпірінен бөлек, Ресейден сұраныс көп түседі. Мәскеуде таяу маңда логистикалық орталық құрылып, «Baronның» жоғары сапаға ие өнімінің кең таралуына мүмкіндік жасап отыр. Халықтық атауға ие жартылай дайын өніміміздің халықаралық стандарттарға сай келетіндігін атау артық етпес. Отандық тағам түрін өндіруші цехта өткен жылы 1364 тоннаның өнімі өндіріліп, сауда айналымына шығарылды, – дейді жартылай дайын өнім өндіруші «Baron Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юлия Литвинова. 
Өткен жылды табысты аяқтаған серіктестіктің жетістігі мол. Атап айтсақ, Мәскеуде 70 елдің тауар өндірушілері қатысқан халықаралық көрмеде «Baron Foodтың» 7 түрлі өнімі ұсынылып, сапасы мен жасалуы жағынан үздіктер қатарынан көрінген оның алтауына алтын медаль берілсе, біреуі күміске қол жеткізгендігін мақтанышпен атауға болады. Бүгінде «Baron Food» атты арнайы сауда белгісіне ие жартылай дайын өнім шығаратын кәсіпорынның Қазақстандағы №1 отандық өнім өндіруші саналатындығы осы орасан зор еңбектің нәтижесі.

Ұлбосын Исабек
Талғар ауданы.