КАРАНТИН КЕЗІНДЕ АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАМАЙДЫ

Уақыты: 15.04.2020
Оқылды: 905
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу ауданы экономикасының басым бөлігін агроөнеркәсіп алып отыр. Ақсу ауданы бойынша биыл 61 мың 017 гектарға ауылшаруашылық дақылдарын себу жоспарланған. Оның ішінде, күздік, жаздық бидай, жаздық арпа себілуде. 3167 гектар алқап төл дақылымыз - қант қызылшасын себуге дайындалуда. Шаруалар тәтті түбірді себуге күн райын ғана бағып, сақадай-сай дайын отыр. Бұл туралы Ақсу ауданы әкімдігі хабарлады.

Республика бойынша төтенше жағдай жарияланып, Алматы облысы аумағында бүгіннен бастап карантин енгізілді. Осындай шектеулерге қарамастан көктемгі дала жұмыстары тоқтамақ емес. Көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отыны шаруа қожалықтарына литрі 165 теңгеден сатылуда. Бұл - кәсіпкерлерге үлкен көмек.

Жұмыстар тоқтап қалмауы үшін аудан орталығындағы ауылшаруашылығы техникаларының құрал-саймандарын сататын дүкендер жұмысын жалғастыруда. Егіс науқанының тоқтап қалмауына барлық жағдай жасалуда. Кәсіпкерлерге төмен пайызбен несиелер де берілуде.

Аудан бойынша 528 дана ауылшаруашылығы техникасы техникалық тексеруден өтіп, егіс алқаптарындағы жұмыстарға кірісті. 14 дана қант қызылшасын сепкіштері жұмысқа дайын. Ауданда қант қызылшасын себумен айналысатын 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді. Оның сыртында 4 ірі шаруа қожалығында қант қызылшасын себуге арналған техникалармен толық қамтылған.

Бір ескеретін жағдай, қызметкерлер шаруа қожалықтарының басшылары жазып берген анықтамалар мен жеке куәліктерін көрсету арқылы аудан аумағында қатынай алады.

Ауданды азық-түлікпен қамтитын кәсіпкерлер де назардан тыс қалмақ емес. Аудан бойынша көтерме саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлердің 6 жүк көлігіне Алматы қаласына жасыл дәліз арқылы санитарлық талаптарды сақтай отырып, кіріп-шығуға рұқсат берілді. Жоғарыда аталған жұмыстар алдағы мерзімде өз жалғасын таба бермек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ақсу ауданы

Алматы облысы