Шаршы тақта жеңімпазы

Уақыты: 16.05.2024
Оқылды: 530
Бөлім: МІНБЕР

Талдықорғандағы Кәсіпкерлер палатасында шахматтан «Senat open» І ашық кубогына облыстық іріктеу турнирі өтті. Жарысқа облыстағы түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінен, қоғам белсенділерінен 100-ге жуық шахматшы қатысты. Турнирде үздік нәтиже көрсеткен 25 қатысушы тамызда Алматыда болатын іріктеу жарысына жолдама алды. Ол жерден үздік шыққандар күзде Астанада Сенат депутаттарының қатысуымен өтетін республикалық біріншілікке барады.

– Биыл ҚР Мәслихаттарының құрылғанына – 30 жыл! Сондықтан біз бұл атаулы мерекені той ретінде емес, стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын іс-шараларды ұйымдастыру арқылы атап өтуді жөн санадық, – дейді облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Әділ Қожықов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл қатысушыларға сәттілік тілеп, жиналғандарды айтулы қуанышпен құттықтады.

Наурызда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде шахматтың дамуы үшін қатысушылардың шеберлігін шыңдау мақсатында халықаралық турнир өткізудің маңызды екенін ерекше атап өткен болатын. Республиканың барлық аймағын қамтып отырған «Senat open» турнирі осының дәлелі.

Жетісудағы іріктеуде І орынды 8,5 ұпаймен Вадим Индкстриев, ІІ орынды Виталий Овчинников (8 ұпай), ІІІ орынды Дмитрий Фатьянов (7 ұпай) алды. Ал командалық есеп бойынша Талдықорған қаласы үздік шықса, ІІ орынға Қаратал ауданы, ІІІ орынға Текелі қаласы ие болды. Одан бөлек, жарысқа қатысушылардың ішінен ерекше ойын көрсеткендер «Ең үздік депутат», «Ең үздік БАҚ өкілі», «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «Үлкендер арасындағы ең жақсы нәтиже 60+», «Қоғам қайраткерлері арасындағы үздік нәтиже» сынды номинациялармен марапатталды.

Серік ҚАНТАЙ