“Ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу үшін ставка төлеу керек": Депутат Қазақстан мектептерін жемқорлық жайлағанына ашуланды

Уақыты: 12.06.2024
Оқылды: 370
Бөлім: МІНБЕР

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа мектептердегі сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, елімізде мектептерде жұмысқа тұру үшін пара алу мен балаларды тамақтандыру жүйесінде қаржы жымқыру өршіп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың айтуынша елімізде жемқорлықтың белең алғаны сонша, мектепке қарапайым еден жуушы, күзетші, аула сыпырушы болып жұмысқа тұрудың өзі қиынға соғады.

“Ұстаз болып, шәкірт тәрбилеймін десеңіз оның ставкасы бөлек әңгіме. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істегісі келетін жас маманның сағы сынып, осының кесірінен басқа салаға кетуге мәжбүр. Мәселен, Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық соты "Жаңақорған ауданының білім бөлімі" ММ басшысы, бас бухгалтері және 24 мектептің бухгалтерлеріне жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін үкім кесті. Бұл бір аудандағы әшкере болған әрекеттердің бірі ғана”, – деді Наурыз Сайлаубай.

Депутат білім ошақтарындағы бүлдіршіндерге берілетін ыстық тамақтың жағдайын да сынға алды.

“Үкіметтен бөлінген қаражатқа қианат жасап, қалтасын толтырғандар көп. 2023 жылы осы жемқорлықтың кесірінен 192 қылмыстық іс қозғалып, 13 миллиард теңге жымқырылған. Ірі жымқырулар Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматыда болды. Бұл жердегі жемқорлық схемасы – 1 жылдық емес, ондаған жылдар бой жұмыс істеп келе жатқан үлкен бір жүйе. Себебі аудан деңгейінде қорықпай 1 миллиард теңгеге жуық қаражат жымқырылып жатса, онда ол жүйенің сенімді серіктестері мен жылы жаба салатын жақтастары бар деген сөз”, – деп қосты ол.

Осы тұста депутат білім саласындағыларды бақылауға алып, есеп жүйлері арасындағы байланысты түзетуді талап етті. 

“Белгісіз қорларға" керекті құрал жабдықтар аламыз деген бастамамен ақша жиналады. Мектептерде мұғалімдерден қаражат жинау жүйесін жою керек. Негізінде білім ордасындағы керек кеңсе тауарларына үкіметтен тікелей қаражат бөлінбей ме? Облыс, аудан, қала арасындағы бюджеттік жоспар мен бөліністің ашықтығы және осы жүйені цифрландыру арқылы ақпараттық ашықтықтың қол жетімділігін қамтамасыз етілуге тиіс. Еңбекақыны есептеу және оны төлеу жүйесіндегі олқылықтарды реттеу керек. Жергілікті жерлердегі білім саласындағы бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынамыз”, – деп қорытты ол.

Фото: parlam.kz