Мерей тасытқан марапат

Уақыты: 26.06.2024
Оқылды: 425
Бөлім: МІНБЕР

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті. Онда өңірде өнімді еңбек етіп, журналистиканың қазанында қайнап жүрген жандар марапатталды.

Сын мен шынды қаймықпай жазып, жақсылықтың жаршысы болған БАҚ өкілдеріне ыстық ықыласын арнап, олардың атқарып жатқан ерен еңбегін жоғары бағалаған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын:

– Халық пен билік арасында алтын көпір атанып, алуан түрлі мәселелерді шешуге септігін тигізіп жүрген сіздерсіздер. Баршамыздың ортақ парызымыз – елге адал қымет ету. Құрметті журналистер, сіздерге шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін. Сондай-ақ, жақсы жаңалықпен бөліскелі отырмын. «Жетісу» телеарнасының редакторы Мөлдір Сапар «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ – 2024» журналистер арасындағы республикалық байқауында «Аймақтағы ең үздік материал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Құтты болсын! – деп сүйінші жаңалықпен бөлісті. Сонымен қатар, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жатқан жандарға Алғыс хат табыстап, сыйлық тарту етті.

Келесі кезекте сөз алған тележурналист, Қазақстан Журналистер Одағы Жетісу облыстық филиалының жетекшісі Мейрам Жанәділов қазіргі және бұрынғы журналистика туралы ойын ортаға салды. Ал белгілі журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмахмет Жайлаубаев болса Жетісу жұртшылығына танымал Тұрсын Әбдуәли, Кемел Құсайынов, Қанат Асқаров, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бейсен Құранбек сынды өзінің ойы, ұстанымы бар мықты журналистерді мысалға келтіріп, солардан өнеге алуға болатынын айтты.

Әрмен қарай салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Мәулен Әнербай