АЛТЫ ЖЫЛДА 18 ФУТБОЛ КЛУБЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА 200 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН

Уақыты: 19.06.2024
Оқылды: 379
Бөлім: АНТИКОР

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп отандық спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. 


Талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкелетін бірқатар фактор анықталып отыр.

«Жоғары жетістіктер» және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасындағы алшақтық 2023 жылы спорттың жоғары жетістіктерін қаржыландыру бұқаралық спортқа қарағанда 9 есе көп», - деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында. 

Одан әрі агенттік өкілі себептерді атады, алдымен қаржыландырудың ашық болмауы. 

«Агенттік «өлі жандарға» есептеудің, қосарланған қаржыландырудың (жан басына шаққандағы қаржыландыру балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне бөлінген), туристік фирмалардың қызметтерін нақты бағадан жоғары бағамен сатып алудың, жоғары спорттық білім туралы дипломдарды қолдан жасаудың жүйелі фактілерін анықтады», - дейді ол. 

Сонымен қатар спорт ұйымдарының тіркелмеген спорт пәндері бойынша жеңістер үшін қосымша ақы төлеу фактілері байқалған. 

«Бұл тәсіл олимпиадалық емес және кең таралмаған, жеңіске жету оңайырақ спорт түрлерін дамытуға түрткі болады. Спорт ғимараттары мемлекет үшін қолайсыз жағдайларда сатылады және беріледі, содан кейін осы объектілер жаңа меншік иелерінен жалға алынады. Одан бөлек, уәкілетті орган ведомстволық бағынысты ұйымның жұмыс істемейтін штатына қаражат бөледі», - дейді ресми өкіл. 

Жемқорлық тәуекелдердің тағы бірі – спорт федерациялары мен кәсіби клубтардың негізсіз қаржылық шығындары. 

«Соңғы 6 жылда тек 18 футбол клубын қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұндай шығындармен Қазақстан FIFA әлемдік рейтингінде төмен позицияға орналасқан. Ең қымбат клуб «Самұрық-Қазына» АҚ – дан демеушілік көмек алған «Астана» ФК (50,1 млрд теңге), одан кейін «Барыс» хоккей клубы (48,9 млрд теңге). Сонымен қатар көп бөлігі еңбекақы төлеу қорына, біржолғы төлемдерге, трансферге, агенттік келісімдеріне жұмсалған. Бұл қаражатты игеру жоғары жемқорлық тәуекелдерін тудырады», - деді Д. Бигайдаров. 

Одан бөлек, өз инфрақұрылымының болмауына байланысты клубтар жыл сайын алаңдар мен мұз айдындарын жалға алуға миллиондаған қаражат жұмсайтын болып шықты. 

Сөз соңында агенттік өкілі жоғарыда аталған тәуекелдер бойынша агенттік ұсыныстар әзірленгенін және оның орындалуы бақылауда екенін айтты.