ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 824
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Ұлттық Ұланның Талдықорған қаласында орналасқан №5514 әскери бөлімінде «Ұлттық Ұланның қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі» деген тақырыпта жиын өтіп, мерзімді әскери қызметкерлерге отаншылдық, патриоттық, адалдық, әділдік сынды адамдық асыл қасиеттерді ұштаудың жолы таныстырылды.

Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Талдықорған бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі С.Катифов, Ұлттық Ұланының №5514 әскери бөлімінің басшысы, әскери полиция қызметінің бастығы, майор Т.Жүнісханов қатысқан жиында сөз сөйлеген әділет подполковнигі Санат Қанатұлы Ұлттық Ұлан әскери қызметкерлерінің қоғамдағы роліне тоқталып, олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәртіпті сақтау кезіндегі рөлі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери нарядтың құрамына кіретін әскери қызметкерлердің өз міндеттерін атқару барысында, Жарғылар мен нормативтік актілердегі талаптарды бұлжытпай орындап, өздері туралы теріс пікірдің қалыптаспауына мән беру керектігіне баса назар аудартты. Қызмет барысында әскерилер қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, күнделікті өзара қарым-қатынаста ішкі қызмет атқару Жарғысына сай тәртіп сақтап, қылмыстық құқық бұзушылыққа жол бермеу керектігі де ескертілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса және аза­мат­тардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бір­де-бір міндеті табысты жүзеге аспайды», – деп атап өткен болатын. Ал «ҚР Ұлттық Ұланы туралы» Заңының 1-ші бабында Ұлттық Ұланның еліміздің iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiретіні және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауға алатыны анық жазылған. Бұл Ұлттық Ұланның негізгі өкілеттігінің бірі болғандықтан күнделікті қызмет кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау үшін әскери қызметті адал атқару қажет екендігі де ескертілді.

Қайрат ҚҰТЫМОВ,

ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Талдықорған бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі,

подполковник