ТАЛҒАРДА 25 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ АБАЙСЫЗДА ЖАҚЫН ДОСЫН АТЫП ӨЛТІРДІ

Уақыты: 08.10.2021
Оқылды: 1272
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданында 25 жастағы жігіт абайсызда жақын досын атып өлтірді.

Алматы облыстық полиция департаментінің ақпаратынша, түнгі 01:00-лер шамасында Бесағаш ауылы тұрғынының жарақаттанғандығы жөнінде хабарлама түскен.

Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары мейрамханада екі топтың арасында жанжал болғанын анықтаған. «Ауруханаға түскен 25 жастағы ер адам алған жарақаты салдарынан көз жұмды. Төбелескендер оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел іздестіру шарасы барысында күдікті ұсталды. Ол мерт болған азаматтың жақын досы болып шықты. Күдікті өз қылмысын мойындады. Сөзінше, ол қаруды жанжал барысында өзгеге бағыттаған. Бірақ досы оны тоқтатпақ болған сәтте қару досына атылып кеткен. Досын ауруханаға дейін жеткізген, бірақ артынша жауапкершіліктен қашып, кетіп қалған. Жанжалға қатысқандардың барлығы оқиға орнынан ізін суытқан. Ал 25 жастағы күдікті 12 калибрлі қаруды жүгері өсетін аймақтан тауып алғанын жеткізді. Оқиға болған соң ол қаруды өзенге ағызып жіберген», - делінген полиция таратқан хабарламада.

Қазір досын өлтірді деген 25 жастағы күдікті қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"