ШЕТЕЛДІК НӨМІРДЕГІ АВТОКӨЛІКТЕР АЙЫП ТҰРАҒЫНА ҚОЙЫЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 09.11.2021
Оқылды: 1210
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ресейде есепте тұрған бір көліктің өзі Алматы облысында 5 миллион теңгеден астам сомаға жол ережелерін бұзған. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Алматы облысының аумағында орналасқан автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары Қазақстан аумағында жол ережесін бұзған, уақытша тіркеуі және сақтандыру міндеттемесі жоқ шет мемлекеттердің нөмірімен жүрген 92 автокөлікті тіркеген. Олардың айыппұлының жалпы сомасы 42 млн.442 мың 350 теңгеге жеткен.

- Мысалы, Ресей Федерациясының ВАЗ-2114 маркалы автокөлігінің қатысуымен жалпы сомасы 5 млн.817 мың теңгеге 184 әкімшілік құқықбұзушылық жасалды. Полиция бөлімінің қызметкерлері аталған көлікті ұстап, Қаскелең қаласының арнайы автотұрағына қойды. Анықталған автокөліктің жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабы, 2-бөлігі (көлік құралын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Алматы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік іс-тәжірибе бөлімінің бастығы Саят Ибраимов.

Ұсталған бүкіл көліктерге жалпы сомасы 10 млн.теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Белгіленген тәртіпте тіркелмеген көліктерге заңнамаға сәйкес шаралар қолдану жалғасады.

Қазіргі уақытта Алматы облысының тұрғындарына Армения Республикасының аумағынан әкелінген 443 көлік құралы және Ресей Федерациясынан 1371 көлік құралы тіркелген.

Полицейлер "Жол қозғалысы туралы" ҚР Заңына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тіркелген көлік құралдары Қазақстан аумағына бір жылға дейінгі мерзімге әкелінуі мүмкін екенін атап өтті. Аталған көлік құралдарын Қазақстан Республикасы азаматтарының әкелуіне және пайдалануына, сондай-ақ, оларды иеліктен шығаруға кедендік рәсімдеуден өткен және баждар төленген жағдайда өзге тұлғалардың пайдалануына болады. Көлік құралдарын шетелдік есепке ала отырып сатып алған жүргізушілер уәкілетті органда тіркеуге міндетті.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Алматы облысында шетелдік нөмірі бар көліктер 51 жол апатын жасаған. Шетелдік тіркеуі бар автомобиль жүргізушілерінің тәртібіне қатысты халық арасында шағым көп түсуде. Жыл басынан бері шетелде тіркелген автокөлік жүргізушілерінің қатысуымен болған жол апатынан Алматы облысында 11 адам қаза тауып, 45 адам жарақат алған.

Статистикалық мәліметтер бойынша, 1470 көлік Ресей Федерациясының тіркеу есебінде тұрмайды және олардың көбі Алматы облысының аумағында жүр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"