ЖАРКЕНТТЕГІ ОЙЫН КЛУБЫН ТОНАҒАН ҚАРАҚШЫЛАР АЛМАТЫДА ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 20.11.2021
Оқылды: 990
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері Жаркенттегі ойын клубынан миллион теңгеден астам қаражат ұрлаған қарулы қарақшыларды жедел түрде анықтап, ұстады.

«Сағат таңғы 4:00 шамасында Панфилов ауданы полиция бөліміне Жаркент қаласындағы ойын клубына қарулы қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Қарақшылар бір миллионнан астам теңгені иемденіп кеткен. Арызданушылар қылмыскерлердің тапаншамен қаруланғанын және қорқыту мақсатында жоғарыға қарата бір рет оқ атқандарын жеткізген. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөлігі 1, 4-тармақтары бойынша тіркелді. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы ақпаратты растады. Тексеру барысында қылмыс орнынан диаметрі 9 мм болатын атыс гильзасы табылды. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жаркент қаласының тұрғындары болып табылатын үш күдіктіні Алматы қаласының әртүрлі жерінен (қонақүйден, жалдамалы пәтерден және көшеден) анықтап, ұстады», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Қарақшыларды ұстау кезінде 20 жастағы күдіктіден ұрланған ақшаның жартысы мен тапанша тәркіленді. Соманың тағы бір бөлігі 22 жастағы екінші күдіктіден және олардың 23 жастағы серіктесінен алынды. «Барлық ұсталған азаматтар дәлелдермен әшкереленіп, қалған ақшаны ойын-сауыққа жұмсағанын жеткізіп, қылмыс жасағандарын мойындады. Қаскүнемдердің әрекеттері бейнекамераларға түсіп қалған. Барлық үш фигурант ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілгенге дейін қамауға алынды. Өзге ақпарат жария етілмейді», - деді Алматы облысы полиция департаменті тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самал Арғынғазынова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"