БАЛАБАҚШАДАҒЫ ТРАГЕДИЯ: ТӨРТ ЖАСТАҒЫ БҮЛДІРШІН ҰЙҚЫДАН ОЯНБАЙ ҚАЛДЫ

Уақыты: 28.11.2021
Оқылды: 1037
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданындағы жекеменшік балабақшада қайғылы жағдай болды. Төрт жастағы бүлдіршін белгісіз зат жұтып қойып, көз жұмған. Қазіргі таңда баланың өліміне қатысты жаңа деректер шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қайғылы оқиға “Талғар-Нұрәлі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты “Бүлдіршін” балабақшасында орын алған. Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, сағат 15.20 шамасында бала түскі астан кейін ұйқыға жатып, оянбай қалған. Қызметкерлер бірден "Жедел жәрдем" шақырып, баланың ата-анасына хабар берген.

Талғар ауданы әкімдігінің мәліметінше, "Жедел жәрдем" бригадасы баланың ата-анасын балабақшаның кіреберісінде кездестірген. Өйткені, балабақша қасында тұратын ата-ана баланы бақшадан алып, "Жедел жәрдемнің" алдынан өздері жүгіріп шыққан.

Бала 2017 жылы туған. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың тамағына белгісіз зат тұрып қалған. Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр. Қайғылы жағдайға байланысты оқиға орнына Талғар ауданы әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің жетекшісі келді.

Талғар ауданының әкімдігі ауыр қазаға байланысты баланың жақындарына қайғырып көңіл айтты. Айта кетейік, “Бүлдіршін” балабақшасы 2015 жылы ашылған. Көз жұмған қыз бала 2020 жылдың тамызында балабақшаға қабылданған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"