ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ

Уақыты: 30.11.2021
Оқылды: 1367
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздің тыныштығын, бейбітшілігін, тұрақтылығын сақтау – Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің басты міндеті. Сол жолда түрлі жағдайға тап болып, бастарын қауіп-қатерге тігетін әскерилердің басынан өткен оқиғалар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай кітап болып шығарылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің мамандары «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шегара» атты қос кітаптың тұсаукесерін өткізіп, ел тыныштығына елеулі үлес қосқан мамандарды арнайы марапаттады.

Салтанатты шараны ашып, жүргізіп отырған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің басшысы Сәбит Құрманәлиев өткен 30 жылдың бедерінде ұлттық қауіпсіздікті бекемдеу жолындағы жетістіктер мен табыстарға тоқталып, тұсаукесер рәсімге жиналған көпшілікті алда келе жатқан мерекелермен құттықтап өтті. Одан соң мінберге көтерілген Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагері, отставкадағы полковник Кеңес Бабаев халықтың тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау жолында бастарын қауіп-қатерге тігетін шегарашылар мен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің ерлікке толы өмір жолдарының өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатынына тоқталды.

Еліміз тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта орын алған оқиғаларды қамтыған қос кітаптың тұсаукесерін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Сәбит Құрманәлиев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Кеңес Бабаев, кітапқа кіргізілген «Мәңгілікке қадам» атты мақаланың кейіпкері, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Мақсат Есімбеков, ұлттық қауіпсіздік аға лейтенанты Әлішер Кеңесов өткізіп, туындыны оқырманға жолдады. Тұсаукесер рәсімінен соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты К.Масимовтың Алғыс хаты мен мерекелік төсбелгісімен марапатталған ұлттық қауіпсіздік полковнигі Мақсат Есімбеков өзі куә болған оқиғаны әңгімелеп берді.

– 2011 жылғы 24 тамыз, қасиетті Рамазан айының соңғы күндерінің бірі болатын. Сол түні шұғыл операция кезінде Қайрат Ибраимов деген жас офицер ерлікпен қаза тапты. Қызыл­орданың шалғай ауылында 1985 жылы дүниеге келген жас жігіттің артында жары, баласы, әке-шешесі қалды. Есірткі тиелген жүк көлігін тоқтату үшін тікенекті сымды төсеп жатқан әскериді қылмыскерлер автотранспортпен қағып өтеді. Кеудесі мен ішінен жараланған аға лейтенант ауруханаға жетпей үзіліп кетті. Арқалықтың даласымен жасырын есірткі тасымалдаушыларды шыжыған ыстықта аңдып жүріп ұстаған, сол кезде де оразасын үзбеген жауынгердің ерлігі әріптес-серіктерінің есінде. Оның ерлігін естіген ҚР Президенті арнайы Жарлықпен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Жауынгерлік награда батырдың отбасына табысталды, – деген Мақсат Керімқұлұлы өзі көрген азаматтың батырлығын сипаттады.

Келесі кезекте Тәуелсіздіктің құрдасы, ұлттық қауіпсіздік аға лейтенанты Әлішер Кеңесов сөз алып, әріптестерін құттықтады. Жиын соңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы