ЗОРЛЫҚ КӨРГЕНДЕР ҚАЙДА ХАБАРЛАСАДЫ? КІМНЕН ПАНА СҰРАЙДЫ?

Уақыты: 02.12.2021
Оқылды: 1184
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Кербұлақ ауданында 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңына сәйкес «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты республикалық акциясы өтуде.

Акцияның өткізу мақсаты - аудан тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы  ақпараттандыру, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту. Сондай-ақ, зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу, отбасы салтының құндылықтарын және халықтың имандылық мәдениетін жаңарту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Зорлық-зомбылық құқықта «бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» деп көрсетілген. Тән азабын шектірген зорлық адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып соғу, денесіне зақым келтіру болып табылады. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келуі мүмкін. Жан азабын шектірген зорлық жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерінің қорғауына деген ерік-жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету, жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына ұшыратуы мүмкін.

Зорлық-зомбылықтың түрлері көп. Мәселен, физикалық жағынан: итеру, жұлмалау, алақанмен, жұдырықпен немесе басқа да заттармен ұру, күш көрсету,психологиялық жағынан: ауызша тіл тигізу, бопсалау, өзіне қатысты немесе басқалардың тарапынан қоқан-лоққы күш көрсету, қорқыту, эмоционалдық жағынан: намысына тие отырып орындауына мәжбүрлеу, экономикалық жағынан: балаларды тәрбиелеуден бас тарту, балалар еңбегін қанау, мәжбүрлеу, құлдық бопсалаушылық  әрекеттері жатады.

Егер сіздер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыздар, онда өз-өзіңді қорғай аласыздар. Зорлық-зомбылық фактісін тоқтату және зорлық көрсетушіні жауапкершілікке тарту үшін 102 (тәулік бойы, тегін) телефон нөмері бойынша Кербұлақ аудандық полиция бөліміне хабарласу керек. Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату және көмек, пана алу үшін 150 (тәулік бойы, тегін жасырын) нөміріне хабарласуға болады.

Отбасында зорлық-зомбылықты тоқтату және көмек алу, қауіпсіз панада тұру үшін Алматы облысы Талдықорған қаласындағы Тұрмыстық зорлық-зомбылық  құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға арналған арнайы мекеме қызмет атқарады. Орталықта 6 ай мерзімге зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер мен балаларға құқықтық көмек көрсетіледі. Байланыс телефондары 8 (7282) 31-12-33, 31-11-99 немесе 1301 сенім телефондарына хабарласқан жағдайда комплексті кәсіби көмек ұсынылады.

Д.ШАЛҚАРОВА,

Кербұлақ аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты

Алматы облысы