ТАЛДЫҚОРҒАН ГАРНИЗОНЫНДАҒЫ ӘСКЕРИЛЕР ДАБЫЛ БОЙЫНША КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 19.12.2021
Оқылды: 1370
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған гарнизонындағы барлық әскери бөлімдер жаңа оқу кезеңінің басталуына орай дабыл бойынша көтерілді. Жаңа оқу кезеңі «Қарулы Күштердің 30 жылдығына біздің ерен еңбегіміз!» ұранымен жалғасты.

Жалпы, қысқы оқу кезеңінде әскерлерді жоғары жауынгерлік әзірлікке келтіруге, жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен далалық машығын жетілдіруге, бітімгерлік қызметті қамтамасыз етуге, сондай-ақ, әскери қызметшінің мәртебесін арттыру мен әлеуметтік сұрақтардың түйінін табуға басты назар аударылады.

Бұл шараның мақсаты – әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру.

– Қарулы Күштерді даярлау жоспарына сәйкес, оқу кезеңі қысқы және жазғы екі оқу кезеңінен тұрады. Бұл шаралар әскерде циклды және үздіксіз оқыту жүйесінің әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін әрдайым жоғарылату және қолдау, даярлау жүйесін жетілдіру, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әскерлердің жауынгерлік әзірлік сапасын жоғарылату қажеттілігі үшін атқарылады, – дейді №18404 әскери бөлімнің 2-ші батальон командирі, майор Жасұлан Байбарақов.

Қысқы оқу кезеңі бойынша жеке құрамға жауынгерлік даярлықтың деңгейін көтеру бойынша нақты міндеттер қойылды. Бөлімшелер мен бөлімдер жоғары жауынгерлік даярлыққа келтірілді.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Алматы облысы