АЛАЯҚТЫҚПЕН СОТТАЛҒАН ҚЫЛМЫСКЕР ЕШ АЛАҢСЫЗ ҚАШЫП КЕТКЕН

Уақыты: 24.12.2021
Оқылды: 1189
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алаяқтық әрекетке қатысы бар деген айыппен шартты түрде бас бостандығынан айырылған Кербұлақ ауданының тұрғыны пробациялық қадағалаудан жалтарып, бой тасалауға тырысты. Аудандық сот қылмыскердің мекенжайын анықтап, оны қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

- Сарыөзек кентінің 41 жастағы тұрғынына сот шешімімен іздеу жарияланды. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыскердің мекенжайы анықталып, қамауға алынды. Іздеу жұмыстарында аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Әлихан Тұралиевтің кәсіби шеберлігін атап өтуге болады, - деді Кербұлақ ауданының полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Жедел іздестіру барысында іздеу жарияланған азаматтың Алматы қаласында бой тасалағаны анықталды. Арнайы барған тәртіп сақшылары оны құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Іс материалдары сотқа жолданғаннан кейін қылмыскердің заңсыз әрекеттеріне қатысты сот шешімі қабылданатын болады. Қазіргі уақытта полицейлер оның өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеруде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"