ҮШТӨБЕ ГАРНИЗОНЫ ҚАРАҒАНДЫДАН КЕЛГЕН ЖАС САРБАЗДАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 02.01.2022
Оқылды: 1236
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Үштөбе гарнизонында жас сарбаздар ант қабылдады. Бұл күн жас сарбаздар мен олардың ата-аналары үшін де үлкен мереке.

Ант қабылдау рәсімі адам өмірінде бір рет қана келетін сәт. Әскер қатарына шақырылған 50-ден астам қарағандылық Отан алдындағы борышын өтеуге Үштөбеге келді. Айта кетерлігі жауынгерлер ант қабылдамастан бұрын бір ай бойы жалпы әскери дайындықтан өтіп, сапта жүруге жаттықты, денелерін шынықтырып, қару-жарақты меңгерді. Әскери бөлімде санитарлық нормалар ескеріліп, арақашықтықты сақтап, ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өткізілді.

Отан алдында адал болуға, елді қорғауға ант берген сарбаздарға Ауған соғысының ардагері, запастағы капитан Қазбек Сарманбетов ақ жол тілеп, ел үшін қызмет ететіндеріне сенім білдірді.

– Қазақстан Республикасының жауынгері атануды Отан алдындағы борышым деп есептеймін. Замандастарыма, өскелең буынға осыны үлгі етер едім, – дейді қатардағы жауынгер Рохат Нұрханов.

Салтанатты ант беру рәсімінен кейін жас сарбаздардың нағыз әскери өмірі басталады. Олар бір жыл бойы жауынгерлік істің қыр-сырын меңгеріп, Отан алдындағы борышын өтейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"