АҚСУ АУДАНЫНДА КӨЛІКТІ ҰРЛАП ӘКЕТІП, БӨЛШЕКТЕП САТАТЫН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 03.01.2022
Оқылды: 1150
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ақсу ауданының тәртіп сақшылары кәсіби шеберлік танытып, ұрланған көліктің ізін ерекше тәсілмен жасыруға тырысқан күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Полиция департаментінің мәліметінше, вахталық қызмет атқаратын тұрғын үйіне оралғанда ауласындағы жеңіл көлігінің қолды болғанын байқаған. Ол бірден полицияға арыз берген. Көліктің ақауы болған, жүрмей тұрған. Тәртіп сақшылары көліктің алысқа кетпеуі мүмкін деген пайыммен жақын маңды аралап, шолу жасайды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 2002 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын мойындап, көліктің шашылған бөлшектерін көрсетті, - деп хабарлады Ақсу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Нұржан Кеңесханұлы.

Полиция өкілінің айтуынша, күдікті ұрлаған көлігін үйінің ауласына апарып, бөлшектеп тастаған. Көліктің кейбір бөлшектерін сатып та жіберген. Көліктің ізін жасыру мақсатында оның шанағын майыстырып, темір қабылдаушыларға өткізуге дайындаған. Алайда ол ойы іске аспады.

- Көлік иесіне 2 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Қазір күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Көліктің бөлшектері тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді, - деп толықтырды полиция капитаны Нұржан Кеңесханұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"