ЕСІК ҚАЛАСЫНЫҢ ЕКІ ТҰРҒЫНЫНАН ГРАНАТА, МЫЛТЫҚ, ОҚ-ДӘРІЛЕР ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 15.01.2022
Оқылды: 1638
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданының полициясына Есік қаласының Д.есімді тұрғыны Т.есімді өзінің танысымен бірге Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, дүкендері қиратып, құнды заттарды ұрлағаны туралы хабар түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ақпаратта күдіктілердің үйінде олардың мегаполисте қолды қылған дүниелері бар екені айтылған. Хабарлама ресми тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 2, 3-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Тәртіп сақшылары Есік қаласының 20 жастағы, Қызылжар ауылының 24 жастағы тұрғындарын анықтап, құрықтады. Күдіктілердің мекенжайын тінту барысында асүй пышақтары, газ плиталары, спорттық және балалар заттары (джинсы, жемпір, күртеше, кроссовкалар, туфли), антифриздің бірнеше құтысы, мотор майы бар 10 ыдыс, 18 дана энергетикалық сусын табылып, тәркіленді. Сондай-ақ, күдіктілердің бірі мұқият жасырған 12 дана оқ-дәрісі бар 12 калибрлі аңшы мылтығы, граната және жаппай тәртіпсіздік кезінде тәртіп сақшыларының қолында болған резина дубинка табылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"