ЗАҢСЫЗ ШЫЛЫМ АЙНАЛЫМЫНА ТОҚТАМ БАР МА?

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 387
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз». Бұл – біздің емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Әділетті һәм заң үстемдігі орнаған мемлекет қалыптастыру жолындағы Президенттің Жолдауынан үзінді.


Айтса айтқандай-ақ, қай қоғамда мейлінше заң үстемдік құрмайынша сол қоғам алға ілгерілемейді, өрістеп-өркендемейді. Дей тұрғанмен, күллі қазақстандық танып-білген заңды белшесінен басу, қасақана қылмысқа бару толастамай тұр. Заңмен екшеп, ел аумағында жүзеге аспауы тиіс қарекеттер уақыт өткен сайын өршіп келеді. Әрісі Алтайды, берісі Арқаны орағытпай, негізгі тақырыпқа ойысайық. Жетісу жерінде контрабандалық тауар өндіру, көршілес елдерден жеткізу, оны сату белең алуда. 

Құқық қорғаушылар қанша қарекет етсе де, Хакім Абайша айтқанда, қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиюшылардың қатары сиремей тұр. Мұны облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі Ербол Құрманов та жасырмайды. Оның айтуынша, контрабандалық тауарларды сыртта өндіріп, өңір аумағында тарату белең алған.

 – Өткен жылы акцизделетін өнімнің көлеңкелі айналымына қарсы іс-қимыл барысында алкоголь өндіретін жерасты цехтар жойылды. Аталмыш цехтар Алматы қаласының маңынан табылды. Айта кетерлігі, сондай жасырын өндірістерде дайындалған тауар Жетісу аумағында таратылған. 8804 шөлмек алкоголь бұйымы және 34 спирт құйылған канистра тәркіленіп, жойылды, – дейді Ербол Құрманов. 

Құзырлы құрылым өкілінің сөзінше, тергеп-тексеру барысында анықталған 1239 дана есепке алу-бақылау маркасы жойылып, 4668 литр спирттік өнім өңірдегі медицина саласының сұранысына орай атаулы сала мекемелеріне өткізілген. 

Ең сорақысы, тек Жетісу облысында емес, жалпы елімізде темекінің көлеңкелі бизнесі қарқынды жүруде. Қазір екінің бірі шеттен келген шылымға әуес. Арзан өнімнің сұранысы уақыт өткен сайын артып келеді. Мұны облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі де растайды. Былтырға дейін кәсіпкерлік нысанды тексеруге қандай құрылым болмасын қауқарсыз еді. Биылдан бастап бірнеше жыл күшінде болған мораторий тоқтады. Енді құзырлы құрылым жұмысын күшейтеді. 

Ербол Құрмановтың айтуынша, былтыр шектеуге қарамастан құқық қорғаушылар 4 қылмыстық істі ашқан. Нәтижесінде 48 466 қорап шылым жойылған. Өртелген, арнайы орында көмілген. Сонда да көршілес елдерден келетін заңсыз темекінің жолын құрықтау құқық қорғаушыларға оңай болмай тұр. Өйткені құқық қорғаушылар білмес, қарапайым халық жатқа білетін заңсыз темекілер базар маңында ашық сатылымға түсуде. Осы ретте Ербол Құрманов тұрғындар да заң үстемдігін қалыптастыруға аса құлықты болуы керегін айтады. Қазір әлеуметтік желіде, оның ішінде телеграмда арнайы бот жұмыс істейді. Заңсыз сатылымдағы шылымдар туралы ақпарат білетіндер арнайы ботқа хабарласса, жазса жеткілікті. Мұндайда құқық қорғаушылар қарап қалмайды. Құқықбұзушыларды құрықтайды. 

Облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі уәкілі Ербол Құрманов заңсыз айналымда жүрген темекілердің атын тізбектеп берді. Санынан сана сүрінеді. Бірақ, 2023 жылы алкоголь һәм шылымның заңсыз айналымын қалыптастырған 4-ақ адам құрықталыпты. Былай қарасақ, мұндай ауқымды тауарды 4 адам шеттен әкеліп, халық арасында сатып жүргеніне сену мүлдем қиын. Әдетте қоғамда тебен мен тиын ұрлығын да ұйымдасқан тұрғыда, бірнеше адамнан құрылған топ жүзеге асырады. Ал төрт адам 48 466 қорап шылым мен 8000-ға  жуық шөлмек арақты тасымалдап, Жетісудың түкпір-түкпіріне сатты дегенге сіз де сенбейсіз. Бәлки, құқық қорғаушылар шортан сынды жыртқыштарды емес, майшабақтарды аулап жүрген жоқ па?! Кім білсін?!

Д. МАҚСЫМ