ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 381
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғамда зорлық-зомбылық пен адамдардың бір-біріне деген аяусыздық, жауыздығы артып келеді. Бұл жалпақ жұртқа жар салып айтатын жайдарман жаңалық емес. Десе де қазақ қоғамында болып жатқан жаға ұстатарлық жағдайдың алдын алу үшін үнсіз отыра алмадық.


Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамда шешімін таппай тұрған өзекті мәселеге айналды. Бұл туралы кейбірі фильмдер, әлеуметтік желіге бейнеүзіктер мен сұхбаттар жариялап жатса, енді бірі түрлі анонимді клубтарға барып, одан қалды психолог мамандардың көмегіне жүгініп жүр. Осы мәселеге қатысты «Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанар Нұрмұханованың ой-пікірін біліп, мән-жайды талқылап, қоғамды алаңдатып отырған жайттың  себебін анықтап көрдік. 

– Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген  сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайту керектігін айтты. Бірнеше айдан бері Мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірлеп жатыр. Менің ойымша, отбасындағы озбырлықты заңдық тұрғыда қылмыс ретінде қарастырып, жазаны барынша қатайту керек. Конституциялық заңымызда неке және отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында деп жазылған. Өйткені бұлар ел болудың іргетасының басты құндылығы. Сондықтан заң аясында мемлекет тарапынан барынша қорғалуы тиіс. Аталған қарым-қатынастардың құқықтық негіздері арнайы Кодекстермен реттеледі. Жасалған құқықбұзушылықтың деңгейіне, ауырлығына қарай тиісті жауапкершіліктер болуы керек және жазаның қатаңдығы сезілуі тиіс, – дейді Жанар Болатқызы.

20 жылдық тарихы бар ұйым тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын көрген әйелдерге заңгерлік және психологиялық көмек көрсетумен айналысады. Қоғамдық бірлестік тағдыр тауқыметін тартқан нәзік жандылармен жұмысты облыстық полиция департаментімен бірлесе атқарады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңгерлік, психологиялық кеңес береді. Көмекке зәру жандарға  гуманитарлық  және әлеуметтік ғылымдар, психологиялық  кеңес беру салаларында, халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын қосымша кәсіби бағдарламалар бойынша қызметтерді де  көрсетеді.  

– Орталықта тұрғындарға ана мен баланың құқығын қорғау, оларға  қатысты жасалатын қандай да бір құқықбұзушылықтың, заңға  қарсы әрекеттің жауапкершілігі туралы түсіндіреді. Сонымен  қатар, қандай да бір зорлық-зомбылыққа ұшыраған сәтте «Мобильдік топтың» өкілдері көрсетілетін қызмет түрлерін  түсіндіріп, республикалық «150», «111» сенім телефондарына хабарласуға  болады, – деді қоғамдық бірлестіктің басшысы.

Маманның айтуынша, отбасында жанжалдың алдын алу үшін  жауапты  жандардың  қызметіне жүгінген маңызды. «Үйде ұрыс-керіс болмауы үшін, зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін әр адам өз-өзімен жұмыс істеуі тиіс», – дейді ол. 

Құр сөзбен отбасы, тәрбие, білім жайлы айтып 6 ай отыратын уақыт өткен секілді. Ал, сөзге бағынбайтын азғындар үшін қатал заң бекіту керек. Егер қылмысына қарай жазасын алатын болса, ондай жазаны көрген, естіген екінші адам ол қадамға бармауы мүмкін. Сондықтан мұндай жайттарды болдырмай, алдын алуға баршамыз атсалысуымыз керек-ақ. 

Дана САНСЫЗБАЙ, 
ЖУ-дің студенті

Фото: liter.kz