7 ДАБЫЛ ТҮЙМЕСІ БАР

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 381
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда заңсыз әрекеттер туындаған жағдайда дабыл белгісін беруге және полицияны шұғыл шақыруға арналған 7 «SOS» түймесі орнатылған.


– Бұл шұғыл шақыру құрылғылары азаматтар көп жиналатын – саябақтар, алаңдар және басқа да қоғамдық жерлерде құқыққа қайшы әрекеттер жасалуы мүмкін орындарда орнатылған. Азаматтар осы құрылғының батырмасын басқан кезде жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен жедел байланысып, құқықбұзушылық туралы хабарлауға немесе көмек сұрауға мүмкіндігі бар. «SOS» батырмасында бейнекамера орнатылған, оның көмегімен бейнетүсірілім қамтамасыз етіледі, ал сол камераға орнатылған динамиктер полиция қызметкеріне батырманы басқан тұлғамен аудио байланыста болуға мүмкіндік береді. Барлық деректер жүйемен автоматты түрде бекітіледі. Батырмалардың орналасқан жерлері бейнебақылаумен жабдықталған. Бұл – жедел басқару орталығының қызметкеріне қалыптасқан жағдайды өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді, – деді Талдықорған КПБ ЖБО-ның бастығы Айдын Ибраев.

 Дабыл түймелері «ЦУМ» сауда үйінің, Қабанбай батыр көшесі, «Атамекен» мейрамханасының қасында, Жансүгіров көшесі, «Синойл» ЖҚС жанындағы «9-алаң» аялдамасында, Жансүгіров көшесі, «Аманат» аялдамасының, Алдабергенов көшесі, «Дәулет» сауда үйінің, Балапанов көшесі, Олимпиадалық жүзу бассейннің маңында, «Жастар» саябағында орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, полицияның қолжетімділігі, цифрландыру, процестерді автоматтандыру – адамның қажеттіліктеріне бағдарланған жұмыстың сервистік моделін құрудың негізгі факторларының бірі.

Жетісу облыстық полиция департаменті
Фото: polisia.kz