127 КУРСАНТ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 28.06.2024
Оқылды: 1268
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің әскери кафедра студенттері ант қабылдады. 2 жыл әскери тәртіпке үйретілген студенттер,  жоғары оқу орны дипломын алар кезде әскери билет табысталады.


Ант қабылдау рәсіміне  жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, әскери бөлімдердің командирлері,  ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

Жетісу университетінің ректоры Бөрібаев Ермек Әбілтайұлы жас жауынгерлерге қызметте табыс тіледі. Ол сондай-ақ кафедра офицерлеріне алғыс айтты.

 — Бүгінгі ант қабылдау рәсімдерін құтты болсын,  әрбір сарбаз үшін бұл маңызды жәйт. Елге қызмет ететін абыройлы азамат болуларынды тілеймін. Және де болашақ офицерлерге тәлім тәрбие берген кафедра ұстаздарына алғысымды айтамын, — деді ректор Бөрібаев Ермек Әбілтайұлы.

Жас  сарбаздар қонақтармен кафедра офицерлеріне алғыс сөздерін айтып, ән арнап,  қоян-қолтық ұрыс элементтері мен саптық дайындық әдістерін көрсетті.

— Екі жыл лезде өте шықты.  Ең қуантатыны әскери шен алатынымыз.  Әскери кафедра табандылықты қажет етеді. Бізге екі жыл әскери тәртіпке үйреткен кураторым Жанат Ғалымовичқа рахмет айтқым келеді, — 201 взвод курсанты Сәлімгереев Қайыржан.

Мұрат КҮМІСБЕК