БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Уақыты: 25.07.2024
Оқылды: 410
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазір суға түсу маусымының қызып тұрған шағы. Замандастарымыздың көбі  еңбек демалысына шығып, бала-шағаларын алып, өзен-көлдерді, су-тоғандарды жағалап жүр. 

Әсіресе үш ай демалысқа шыққан оқушылар шомылу маусымы ашыла салысымен көлге барады. Бірақ шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағанның салдарынан қайғылы оқиғалар жиі орын алып жатады.

Осыған орай төтенше жағдай департаменті қызметкерлері «Шомылу маусымындағы бала қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бағдат Тыныбектің айтуынша, адам өлімі азайған. Былтыр 4 адам қаза тапса, биыл 2 азамат суға кетіпті. Десе де судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамай жүргендер азаяр емес. 31 адамға құқық бұзғаны үшін айыппұл салыныпты. Оның 10-ы баласын су жағалауында қараусыз қалдырған ата-ана. Жалпы шомылу маусымы басталғаннан бері 22 адам құтқарылыпты. Оның алтауы бала.  

Сондай-ақ, шара барысында жазғы сауықтыру лагеріндегі атқарылып жатқан шаралар да баяндалды. 

– Облыс бойынша 6457 бала қала сыртындағы лагерьлерде демалуда. Сонымен қатар, шілде айында жергілікті әкімшіліктер тарапынан Балқаш көліне 235 бала, Қапшағай су қоймасына       150 балаға  саяхат ұйымдастырылды. Балаларға суға түспес бұрын ТЖД тарапынан судағы қауіпсіздік бойынша нұсқаулық өткізді. Жалпы облыс аумағындағы лагерьлерде ТЖД-мен бірлесе балаларға  өрт, су, сел қаупі бойынша нұсқаулықтар берілді, – дейді облыстық білім басқармасы ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов.   

Айдар ҚАЛИЕВ