Шегара шебі шегендеулі

Уақыты: 27.07.2024
Оқылды: 392
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сөз әлқиссасын әріден бастайық. Сарғайған тарих беттерін парақтасақ, жаңадан іргесін қалаған мемлекет әуелі валюта шығаруды көздеген. Өйткені ақша тәуелсіздігі – ел егемендігі деген ұғымды білдірсе керек. Ал, қазір ше? Қазір тәуелсіздік үшін шегенделген шегараның болуы шарт. Былайғы тілде айтсақ, шегара мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігінің негізі. 

Кез келген ел үшін адам мен оның өмір сүретін ортасының, яғни жерінің қауіпсіздігі – басты байлық. Әлемдік картаға көз салсақ, қаншама халық дербес мемлекет болуға құлықты, бірақ қарыс сүйем жері жоқ. Талай ұлт өзге мемлекеттің құрамында, тәуелсіздігін айғақтап, шегарасын бекіте алмай отыр. Ал, біз 200 бақытты елдің қатарындамыз, шегарамыз бүтін, тыныштық пен қауіпсіздік құшағында шалқып өмір сүрудеміз. Сол бақытымызды шегарашылар күзетуде. 
Біздің пайым шегарашыларды асыра мақтау, төбесін көкке жеткізу емес. Тек қалай бар, солай суреттеу. Өйткені, жуырда тұтастық пен қауіпсіздік қалқанына айналған шегарашылардың бір күндік қызметімен таныстық. Бұл жолы біздің назар Алакөл ауданы бойынша шегара басқармасының «Сарқан» шегара бөліміне қарасты «Басқан» шегара бөлімшесіне ауды. Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылдық округінің маңындағы бөлімше мемлекеттік шегарадан 70 шақырым жерде орналасқан. Тау бөктеріндегі құрылымда 40-қа жуық сарбаз тер төгуде. Шын сөз бұл. Диқандар мен құрылысшылар секілді шегарашылар да тер төгеді. Қалай деуіңіз орынды. Жауап беріп көрелік. Иығыңызға 30 келіге жуық жүк артыңыз. Содан биіктігі 250 метр 45 градус көлбеу орналасқан тау басына шығыңыз. Шама жете ме? Ауызбен  «әрине» деген жауап беруіңіз бек мүмкін. Ал, іс жүзінде нәтиже басқа болмақ. Біз барған Әбдіхан Серікбай басқаратын бөлімшенің әр сарбазы күн сайын 45 градус емес, 60-70 градус көлбеу орналасқан тауларды бағындырып жүр. Өйткені, олардың қызметі – ел тыныштығы мен тұтастығын күзету.

– Кез келген тәуелсіз мемлекеттің тарихы ең алдымен мемлекеттік шегарадан басталады. Шегарасыз мемлекет болмайды. Яғни біздің тәуелсіздік алудағы ең басты жетістігіміз де Қазақстанның мемлекеттігін айқындайтын мемлекеттік шегарасының қалыптасуы. Кеңес Одағының ыдырап, мұраға қалдырған ашық-шашық шегарасы бүгінде айқындалып, бұл нақты халықаралық құжаттармен бекітіліп, Қазақстанның мемлекеттік шегара мәселесі түпкілікті шешілді. Дейтұрғанмен, әлемдегі 9-шы территорияның тұтастығына нұқсан келтіруге ниеттілер жоқ емес. Солардан тыныштығымызды қорғау үшін тер төгіп жүрміз, – дейді шегара бөлімшесінің бастығы Ә. Серікбай. 

Аз-маз тарихқа шегінейік, өткен ғасырдың 60-жылдары КСРО мен ҚХР арасы шиеленісе түсті. Сол уақытта шегараны бекітуге көшкен кеңес үкіметі 1967 жылы бөлімшенің негізін қалады. Содан бері талай кезеңді артқа тастасақ та «Басқан» құрылымы өз миссиясынан танған емес. Қазақстан егемендігін алғаннан кейін де шегарадағы қалқан болып отыр. Былтыр осы маңнан шегараны кесіп өтпек болған 5 көрші елдің азаматы ұсталса, биыл 14 адам құрықталып, шегарашылар түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Себебі, сол 14 адам турист екен. Айтпақшы, «Басқан» бөлімшесі Жоңғар Алатауы ұлттық саябағы аумағында орналасқан.

– Екіаша ауылдық округіне туристер жиі келеді. Әсем табиғатты тамашалауға келгендерге заң талаптарын түсіндіруге тек шегарашылар ғана емес, жергілікті әкімдік те құзыретті. Ауыл тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналысады. Оларға да жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Шегарадағы ауыл болған соң бізге артылар міндет екі есе, – дейді Екіаша ауылдық округінің әкімі Дәулет Дүйсенбеков.

Бөлімшенің бір бұрышында үлкен әріппен «Қару қалжыңды жақсы көрмейді, қатені көтермейді» деген ұлағатты сөз тұр. Бақсақ, бұл маң қару-жарақ тексеретін орын екен. Шегарашы қай уақытта да сақадай сай болуы керек. Әсіресе, қару атаулы қажетті кезде шегарашының қорғаны болуы тиіс. Қазір «Басқан» бөлімшесінің әрбір сарбазы заманауи қару-жарақпен қамтылған. Одан бөлек, сарбаздың бір күндік керек-жарағы да даяр тұрады екен. Аға сержант Дәурен Нұрманғалиев  сөз басындағы сарбаз үнемі арқалап жүретін 30 келілік жарақтың жай-жапсарын таныстырды. 

Жоңғар Алатауының табиғаты құбылмалы. Лезде жауын жауып, лезде ашық аспанды бұлт торлай салады. Қыста көзбен көргендер білер, көрмегендер біле жүрсін, тау құшағында адам бойламас қар жауатын кездер болады. Аязы да сұмдық бұл маңның. Осындайда сарбаздың жаурап қалмауына керек заманауи киімдер мен жамылғыларды таныстырған аға сержант бір күндік «сухпайға» да тоқтала кетті. Таңғы, түскі және кешкі азықтар жоғары құнарлы, бастысы, ұзақ сақталады. 

Басқандық сарбаздар шегараны үнемі назардан шығармайды. Ол үшін ер қанатын пайдаланады. Бөлімшеде бірнеше мініс аты бар. Әскери техникалар бара алмайтын жерлерге сарбаздар жылқымен жетеді. Бұл тұлпарлар иненің жасуынан өткендей. Бойында кәдуілгі әрбір ауылдан көрген жылқылардай артық ауыс ет жоқ. Өйткені, сарбаздар мінетін тұлпарлар тау қойнауымен жүргенде шаршап, қажымасы үшін тәртіппен қоректенеді, әлсін-әлсін арнайы жаттығулар жасатады. Сонымен қатар, шегарашылар қызметтік иттерді де қажетке жаратып отыр. Бөлімшеде 10-ға жуық алғыр ит бар. Осыған дейін газетімізде «Харгроу» атты ит туралы жазғанбыз. Сол төбет осы «Басқанда» қызмет етуде. 

Екіаша ауылдық округінде екі шегара бөлімшесі бар. Бірі – «Басқан», екіншісі – «Екіаша» бөлімшесі. Қос бөлімше қазір ел тыныштығын қырағы бақылап отыр. «Ел халқы алаңсыз тірлігін қыла беруге болады. Өйткені, шегараны біз тұрғанда ешкім заңсыз кесіп өтпейді», –  дейді «Басқан» шегара бөлімшесінің бастығы  Ә. Серікбай. Біз де тыныштық тілеген күзетшілердің сөзіне иландық.

ДастанбекСАДЫҚ