Шегараның өзін бабам шекесімен сызып берген

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 354
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әр қазақтың намысы да өр, әр тамшы да тері сіңер бір рухтың күші үшін бе; түн ішінде, қыс ішінде, мың тарауда, мың соқпақта, сан қатерге тәуекелде  бір құдайға тәу етерде жарық күнді аңсады ма ер, азат таңды аңсады ма ер?! Сол азаттық құны сынды бір тәртіптің орнайтыны, көп азаптың болмайтыны, құқы, қақы мынау елдің аман тұрып сәттер іші, өзін-өзі қорғайтыны Заңның шығар үстемдігі. 

Қалған мирас атадан бұл, «Ата Заң» деп атаған бір. Арысы алып Ер Тұңғалар, берісінде Қасым, Тәуке, Барлыбек те түзіп берген. Біздің тарих тұрмас па еді, алтын да алтын үзіктерден. Шегараның өзін бабам шекесімен сызып берген!

Айбыным да өзің деппін, қайғыны да көзге ілмеппін: Ар мен қақым сау  тұрғанда. Заңға басын иген жалғыз, данышпан да тау тұлғаң да. Менше деймін, жер бетінен жойылар ма ешбір қауіп – заң жазылып таусылғанда. 

Бір шырпысы текке сынса бір орманның – ол сұралар, бір қыртысы тоналса жер – ол сұралар шындық та осы. Бір жетімнің көңілі сынса, бір үміттің өмірі тұрса – әділетсіз шешімдерде: несі әділдік сізше бұның?! 

Керек солай заң беделі. Дәлелдесең әлденені, жүгінесің би алдына. Би алдына – сот күшіне. Жасырасың жаға жыртар ашу деген отты ішіңе. Әділдіктен жол табасың, тек сүйінтіп көпті ісіңе. Қашан да әділ заң болғанда, абақтыда отырмайды бұл қазақтың тектісі де. 

Сондық үшін, Ата Заңым, маңдайдағы бағым санап, саған ғана үміт артам сүрінсем де, жаңылса жақ. Сені мәңгі маңдай тұтсын, бар қазақта өмір – сағат! Сенің арқаң деп білейін, болашағым көрінсе абат.

Қозыбай ҚҰРМАН