ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 402
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әр елдің тәуелсіздігін бекітетін, ішкі және сыртқы саясатына кепілдік беретін төлқұжатының болуы заңды. Тәуелсіз елдің тірегі – Ата Заң. Конституциямызды ресми қабылдаған күн әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.


Барлығымызға мәлім, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде жас мемлекетіміздің Конституциясы қабылданып, бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Ата Заңымыздың алғы сөзінде жазылған мәтін және оның мағынасының тамыры өте тереңде екені айтпаса да түсінікті. Ел егемендігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжатымызда барлық мемлекеттік құрылымдардың, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстың, әлеуметтік топтардың мақсат-міндеттері, құқықтары заңмен бекітілген. Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болса да бірегейлерінің қатарынан орын тапқан. Бұл құжат – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуы, саясат сахнасында еліміздің кеңінен қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты дүние.

Алаштың айбыны, кемел келешектің кепілі болған Ата Заңымыз егеменді елдің еркін өскен төлінің құқығын қорғап, бейбіт өмір сүруімізді қамтамасыз етеді. Біз қысқа мерзім аралығында қарқынды қадаммен тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, алпауыт елдермен арадағы шегарамызды белгіледік. Еркіндіктің түңлігін түріп, Конституциямызды қолданысқа енгіздік. Алғашқы жылдары балаша тәй-тәй басқан еліміз уақыт өте келе еңсесін  тіктеп, жаздыгүнгі жайқалған желектей құлпыра түсті. Қазір Республикамыздың қол жеткен табыстарына бүкіл Орта Азия мемлекеттері қызыға қарауда. Өркениетті елдердің барлығы да Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен басқалардан көш ілгері кеткенін ашық мойындап отыр. Бүгінге дейінгі табыстарымыздың бәрі Конституцияның арқасы. Өйткені, Конституцияны басқа барлық заңдардың атасы деуге болады. 

Конституциямыз өзінің құрылымы жағынан заң шығарушы, атқарушы және сот билігін белгілеп, олардың құзыреті мен өзара әрекет етуін заң тұрғысынан айқындайды және лауазымды тұлғалар мен азаматтарымыздың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Қазір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға толық болады. Қазақ елінің азаматтары өз құқықтарын біліп, әр кезде заң тұрғысынан өз құқықтарын алға тарта алуы үшін құрылды. Конституциямыз халықтың еркіндігін айқындайтын негізгі құжат. Ата Заңымыз ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болғандықтан оның нормаларын сақтау барлығымыздың киелі міндетіміз болып табылады.

Еліміз өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы да бүкіл әлемге танытты. Қазақстан Республикасының Конституциясы егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты, конституциялық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын айқындады. Елімізді, жетістіктерімізді қалай құрметтесек, Ата Заңымызды солай аялауымыз керек. Осыған орай  облыс жұртшылығын,  заңгерлер қауымын, жалпы елімізді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылған Конституциямыздың өміршеңдігі ұзағынан сүйіндіргей.

Серікқали КҮШӘЛИЕВ,
облыс прокурорының
орынбасары