ЕЛ ТІРЕГІ

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 422
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған. Конституция күнінің өмірімізде алатын орны үлкен.


Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат. Халықаралық қауымдастық мойындап, Қазақстандағы батыл жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың негізінде қол жеткізіп отырған жетістіктердің қайнар көзі – Қазақстан Республикасы Конституциясының да өз тарихы бар.

1995 жылы Қазақстан халқы Конституцияға бірауыздан дауыс бере отырып еркіндікті, дамуды және басты құндылығы адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы болып табылатын шынайы демократияны таңдады. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді. 

Еліміздің осы негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Оның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тапты. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған бұл Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Осы арқылы қазірде бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісі де жүзеге асырылуда.

Ата Заңның 3-бабында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық деген сөздерін назарға ала отырып, Ата Заңымыз ел игілігіне жұмыс жасайтынына біз сенеміз. Өйткені, елдің жеткен биігі – біздің жетістігіміз.

Ерасыл СЕЙІТҰЛЫ, 
Жетісу облыстық өңірлік жеке
сот орындаушылар палатасының
жеке сот орындаушысы