ЗАЙЫРЛЫ ЕЛДЕ ЗАҢ ҮСТЕМ

Уақыты: 30.08.2024
Оқылды: 416
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Конституция – елдің негізгі Заңы. Ол конституциялық құрылысты және оның негіздерін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, билікті жүзеге асыруды ұйымдастыру негіздерін бекітуге арналған.


Республика Конституциясы барлық басқа құқықтық актілерге қатысты жоғары заңдық күшке ие: елде қабылданатын бірде-бір құқықтық акт (Конституциялық Заң, ҚР Президентінің Жарлығы, ҚР Үкіметінің Қаулысы, өңірлік заң шығару актісі, сот шешімі және т.б.) негізгі заңға қайшы келе алмайды. Ал қарама-қайшылық (заңдық қайшылықтар) жағдайында Конституция нормалары басымдыққа ие болады.

ҚР Конституциясының үстемдігі туралы тікелей Конституцияның 4-бабының 2-тармағында айтылған. ҚР Конституциясының заңды үстемдігін қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың міндеті. Алайда Конституцияны қорғау тетігіндегі жетекші орын конституциялық бақылаудың мамандандырылған органы – ҚР Конституциялық Кеңесіне тиесілі. 

Ата Заң жария билік органдарының нормашығармашылық жөніндегі құзыретін бекітумен қатар, осындай нормашығармашылық негізгі мақсаттарын, конституциялық заңдармен, ҚР Президентінің жарлықтарымен, ҚР мемлекеттік билік органдарының нормативтік құқықтық актілерімен реттелуге тиіс қоғамдық қатынастар салаларын айқындайды. Онда құқықтың басқа да салаларын дамыту үшін көптеген базалық ереже де бар. 

ҚР азаматтық заңнамасы меншік нысандарының әртүрлілігі мен теңдігінің конституциялық қағидаттарын, экономикалық кеңістіктің бірлігін, экономикалық қызмет пен кәсіпкерлік еркіндігін, адал бәсекелестікті қолдауды ескере отырып құрылған. Еңбек заңнамасы еңбек бостандығы, демалыс құқығы, жыл сайынғы ақылы демалыс, еңбек дауларын шешу туралы конституциялық ережелер негізінде құрылған. Конституцияда отбасы, ана мен баланы мемлекеттік қорғау, ата-аналар мен балалардың негізгі құқықтары мен міндеттері де аталып кеткен.

ҚР Конституциясы конституциялық құқықтың ғана емес, қазақстандық құқық жүйесінің барлық басқа салаларының негізгі көзі. Осылайша, ҚР Конституциясы жоғары заң күші мен тұрақтылыққа ие, жеке тұлғаның, азаматтық қоғам институттарының, мемлекеттің ұйымдастырылуы мен қоғамдық биліктің жұмыс істеуі саласындағы базалық қоғамдық қатынастарды бекітетін және реттейтін, тәуелсіз, егемен Қазақстан мемлекетінің конституциялық дамуының жаңа кезеңін бастаған акт.

Серік ЕГІЗБАЕВ,
«Ауыл» партиясының төрағасы