Жалған ақша жасаушылар әшкерленді

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 1633
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Аймақтағы «көлеңкелі» экономика саласындағы қылмыстардың алдын алу» деген тақырыппен брифинг болып өтті. Экономикалық тергеу қызметінің мамандары өткізген арнайы рейдтер кезінде анықталған заңсыздықтар жайлы айтып өткен облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дәулет Ақылбеков келтірген мәліметтерге қарағанда былтыр облыс аумағында 411 экономикалық қылмыс анықталып, оның 308-і сотқа жолданған. Осы істер бойынша анықталған 7,2 миллиард теңге мөлшеріндегі шығынның 3,8 миллиард теңгесі мемлекетке қайтарылып, құны 1,4 миллиард теңге болатын әртүрлі мүлік тәркіленген.

Ең сорақысы, Жетісу жерінде жалған ақша жасаушылар, ішімдік жасайтын жасырын цехтар, жасырын ойынханалар анықталып отыр. Мысалы, өткен қаңтар айының 12-сі күні Іле ауданында еліміздің бір азаматшасы құны 1,2 миллион теңге болатын жалған ақша сату кезінде қолға түсті. Осылайша  Алматы қаласындағы белгілі бір баспаханада жалған ақша жасалатыны анықталған. Тінту кезінде баспаханадан түрлі-түсті принтер, арнайы ақша жасайтын қағаздар және 25 мың дана жалған теңге тәркіленді. Жүргізілген жедел шара кезінде барлығы     2 миллион 525 мың жалған теңге анықталып, қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, облыс көлемінде былтыр заңсыз ішімдік жасап саудалағандардың үстінен қозғалған 51 қылмыстық істің 41-і сотқа жолданып, арақ, коньяк, шарап  сияқты спирттік өнімдерді астыртын өндіріп келген 7 цехтың жұмысы тоқтатылды. Шұғыл шара кезінде Іле ауданында ұсталған жүк көлігінен табылған 60 жәшік коньяктың Алматы қаласына қарасты “Алғабас” ықшам ауданында дайындалғаны белгілі болды. Тексеру кезінде 500 шөлмек жасанды ішімдік, 105 литр спирт, акциздік маркалар, спирттік өнім жасауға арналған құралдар тәркіленді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, былтыр заңсыз ойын бизнесі бойынша тіркелген 69 қылмыстың 35-і сотқа жолданып, оның 22-сіне ақталмайтын негіз бойынша үкім шығарылса, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға орын берген 7 дүкеннің қожайыны қылмыстық жазаға тартылды. Мәселен, Қарасай аудандық сотының үкімімен дүкен қожайыны заңсыз ойын бизнесіне жалға орын бергені үшін кінәлі деп танылып,    2 миллион теңге айыппұл төледі. Одан бөлек, 84 ойын залының заңсыз жұмысы әшкереленіп, 5 букмекерлік кеңсе, 4 астыртын казино және 118 ойын автоматы, 52 лотереяға арналған терминал, карталар, фишкалар тәркіленді. Ең ұяттысы, еліміздің дәл шекарасында орналасқан Қорғас шекара маңы әріптестігінің халықаралық орталығы аумағында жасырын жұмыс жүргізген астыртын казино анықталды. Шұғыл іс-шара кезінде ойынханадан қытайдың   50 мың юаны, 4 покер үстелі,      5 мыңнан астам ойын карталары мен фишкалар тәркіленді. Биыл Қапшағай қаласында екі ойын автоматтары залының заңсыз жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Қазір 25 ойын автоматы,       2 америкалық рулетка тәркіленген зал қожайынына ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Заңсыз өнімдер өндіретін жасырын цехтардың жұмысына тоқтау болмай тұр. Мысалы, былтыр контрафактілік өнім өндіретін 3 астыртын цех анықталып, заңсыз кәсіпорындарға байланысты 36 қылмыстық іс қозғалды. Одан бөлек, «Дизи энерджи» атты сусын жасап шығаратын астыртын 1 цех және заңсыз дискі жазумен айналысқан 2 цех анықталды. Сонымен қатар, биыл 15 ақпан күні Алматы – Қапшағай трассасында Қырғыз Республикасынан заңсыз жолмен келген темекі өнімдері анықталды. Аталған темекі өнімдеріне Қырғыз елінің акциздік маркалары жабысқан, яғни  Қазақстан Республикасының акциздік тіркеуінен өтпеген. Бұл дерекке орай темекі сататын заңды тұлғалардың шағымдануына байланысты тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Алматы қаласынан құны 20 миллион теңге болатын Fast, Brass, Rosseman, Platien, LD, Marlboro маркалы темекі салынған 200 қорапты саудалаған азаматтар ұсталды. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 198-бабы бойынша, яғни авторлық және сабақтас құқық бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Брифингтің екінші бөлігінде тілшілер қойған сауалдарға жауап берген облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дәулет Ақылбеков Экономикалық тергеу қызметінің түнгі 23.00-ден кейін арақ-шарап сатқан дүкендерді тек арнайы түскен арыз арқылы ғана тексере алатындығын айтып өтті. Шындығында облыс орталығында ондай дүкендер  жоқ емес. Олардың заңды бұзуын анықтау келешектің еншісінде деп білейік.

Мәди АЛЖАНБАЙ