Бабалар жолы бағдаршам

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 1623
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ел басқару ісі қай заманда да оңай болмаған. Оның жауапкершілігі зор, міндеттері мол. Жолы жіңішке, жүгі ауыр. Әсіресе, тәуелсіздік үшін тер төккен бүгінгі таңда.
Билік басындағы азаматтың да өзіне тән қырлары, терең сырлары бар. Соны көпшілік кейде біліп, кейде білмейді. Сондықтан, әңгіме арнасын саясатсыз  тақырыпқа бұрдық.
Біз сұхбатқа шақырған адам – «Құрмет» орденінің иегері, экономика ғылымдарының докторы, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлы Ысқақ. Бүкпесіз ой, ашық пікір оқырманға ұнайды деген үміттеміз.

– Бинәлі аға, елге арнаған есептеріңізді талай тыңдадық. Онда нәтижелерді санайсыз, көрсеткіштерге қарайсыз. Бәрін салыстыра келіп қорытасыз. Ал бүгінгі есебіңіз басқа болмақ. Өзіңіз асқан өмір асулары туралы айтқаныңызды қалаймыз. Бұған не дейсіз?
– Жөн-ақ. Туған ұлтын, туған жерін,  ата-анасын сүймейтін кім бар?! Мен де солардың бірімін. Жамбыл ауданында, тау баурайындағы Қастек деген ауылда 1957 жылы 22 маусымда дүниеге келіппін. Киелі бұл топырақ талай дүлдүл мен талай бұлбұлды түлеткен өлке. Сүйінбай бабамыздың «Сұрасаң арғы атамды Ер Қарасай, теңселген дүбірінен тау менен сай», – деп жырлағаны сондықтан. Осы тектес ерлік шежірелері біздің ойымыз бен бойымызға бала шақтан сіңді. Елдің, жердің киесі деген осы.
Туған жер туралы айтқанда Ысқақ атамды есіме аламын. Ол кісі жұртқа жұғымды, көпшіл адам еді. Өнерден де қаражаяу қалған жоқ. Ағайыннан жақсылығын аямайтын. Ел-жұрты барынша құрметтеді. Біздің ауыл ғана емес, көрші елді мекендерге барсаң да бәрі атама сәлем айтып жататын.
Қариялардың мектебі деген бөлек қой! Одан тәлім алғандардың жаман болғанын көрмедім. Мәселен, мен Шиендегі әпкеме қонаққа барарда атам атымды ерттеп жатып: «Егер алдыңнан үлкен кісілер кездесе, оларға міндетті түрде сәлем беру керек. Соны ұмытпа!» – дейтін.
Атамның тапсырмасын бұлжытпай орындаймын. Жүзін танымасақ та, үлкендерге бұрылып амандасамыз. Олар бұл қылығымызды құптап, риза болады. Алғысын айтады. Содан кейін барып жөніңді сұрайды, тегіңді түгендейді. Кәдімгі сынақ алып жатқандай тегіс айтқызады. Тәрбие көргеніңді білгеннен кейін бетіңе сығырая көз салып, сүйкімді әзілдерімен қытықтайтыны бар.
– Е, сен әлгі «пәнділер» ауылындағы Ысқақтың немересі екенсің ғой, – дейді жүздері жылып. Кейін білдім, Қастек ауылында Кеңес өкіметін ұнатпағандар аз болмапты... 
Ысқақ атамның қолынан келмейтіні жоқ. Домбыра тартатын, етік тігетін. Ағаштан ойып саз аспаптарын жасайтын. Соның біреуін маған сыйлағаны бар.
– Балам, біржақты болма, – дейтін. «Өнерді үйрен, үйрен де жиренді» осылай ұқтырады. Қонаққа барса мені қасынан қалдырмайды. Үлкендердің алқақотан отырып әңгіме шерткендері қандай керемет! Тарих та, шежіре де, шытырман қызықты оқиғалар да дастарқан басында ақтарылады. Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның айтысын, Жамбылдың сұрапыл жырларын, Сұраншы – Саурық, Райымбек және Қараш батырлардың ерлігін, Қастек бабаның қаһармандығын біз аталардан естідік.
Менің үлкендерден ұққаным, батыр бар жерде ақын, ал ақын жүрген жерде батыр болады екен. Екеуі – ажырамайтын егіз тұлға. Міне, менің алғашқы тәрбие алған мектебім. Ол – аталардың алды.
– Өте жақсы айттыңыз. Аталар дәстүрінің әсері бөлек. Оны сол кезеңді көзбен көрген сізден есту бір ғанибет. Ал әкеңіз ше? Әкеңіз бұл жолды қалай жалғастырды? Алдыңғы арба анандай болғанда, соңғы арбаның қандай екенін айтпай-ақ түсініп отырмыз. 
– «Алма – ағашынан алысқа түспейді». Әулеттік тәрбиенің жалпы мазмұны өзгерген жоқ. Дегенмен, әкеміздің кезіндегі қоғамдық жағдай, саясат бұрынғылардан басқаша еді. Кеңестік шаруашылықта қызмет істейтін бас маман күнде балалардың жанында бола бермейді. Таңның атысынан егіс алқаптарына кетеді. Одан қалса, әртүрлі жиналыстар, саяси сабақтар, партиялық тапсырмалар күтіп тұрады. Оның үстіне немерелерін ертіп қонаққа баратын аталардың баяғы дағдысы ұмытыла бастады.
Әкем Әбдіқапас Ұлы Отан соғысының ардагері. Тағдырдың маңдайына жазған несібесі ғой, майданнан аман-есен оралды. Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын бітіріп, агроном атанды. Үйлі-барандымын деген жоқ, өндірістен қол үзіп оқып, қызыл диплом алды. Содан кейін шаруашылыққа берілген жолдама бойынша жұмысын бастады. Өмір бойы бір ұжымда еңбек етті. Ауданға, облысқа шақырылмай қалған жоқ. Бірақ сыпайы ғана сылтау айтып, ұсыныстардан бас тартатын. Ол кісінің негізгі кабинеті шаруашылықтың кеңсесі емес, егіс алқаптары еді. Сондағы егістің қалай өскенін көруге асығатын. Әр өсімдікпен кәдімгі адамдармен тілдескендей сөйлесетін.
Маған даланың сырын үйреткен әкем. Жердің жайын бес саусағындай білетін. Қайсы телімге қандай дақылдың лайық екенін жаңылмай айтатын. Болжамы мен есебі үнемі дәл келетін. Ол кісілер кітап арқылы жинаған білімін табиғи зеректігіне ұштастырды. Қоршаған ортаның қасиетін таныды. Жер, суға қатысты менің сұрағыма қайтарған жауаптары еріксіз таңғалдыратын.
Анам Жамал да ұлтының болмысын, қазақтың салт-дәстүрін бес саусағындай білген сұңғыла адам еді. Өзі математика пәнінің мұғалімі. Ол кісінің түлеткен шәкірттері еліміздің халық шаруашылығында абыроймен қызметтер атқарды. Балаларының да математиканы үздік оқығаны, сөз жоқ, аяулы анамыздың арқасы.
Қызметтік жылдарымның бір кезеңдерінде Алматыдағы аграрлық университеттің проректоры болдым. Жұмыстарыма байланысты академиктермен, докторлармен, профессорлармен сөйлесемін. Сондағы байқағаным, ғалымдардың айтқандары мен әкемнің қарапайым пікірлері бір-бірімен қабысып жатады. Мол тәжірибесінің сабақтарын біліп, оны сүйіне мойындадым. Әкем ғана емес, әкем сияқты жүздеген ауыл интеллигенттерінің туабітті парасаты мен кеңдігіне көзім жетті.
Әрбір әке ұрпағының өзінен өте туғанын тілейді. Әкем де менің білімді болғанымды қалады. Алматыдағы мектепке оқытты. Егер бүгін осындай дәрежеге жетсем, соның бәрі әкемнің арқасы. Әлі күнге дейін атқарып жатқан ісімді өзі сыртымнан бақылап тұрғандай сезіледі. 
Әкетану дәстүрі – қазақтың төл дәстүрі. Ондай өнеге бүгінгі ұрпаққа да керек. Сіз соны дұрыс меңзедіңіз. Ал, білім берген ұстаздарыңыз туралы не айтасыз?
– Алдымен тіл туралы айтайын. Тіл деген өте нәзік құрал, күрделі қажеттілік. Онсыз ұлттық кодқа ие болу мүмкін емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әуелі қазақ  қазақпен қазақша сөйлессін», – деген талабын өз басым тебірене қабылдадым. Жай ғана тілек айта отырып, халқына жөн көрсеткен. Елбасының осынау қарапайым тапсырмасын орындаған адам ешқашан ұтылмайды.
Өзін құрметтеген жұрт қандастарымен тек ана тілінде ғана сөйлеседі. Олай етпеуді олар мәдениетсіздікке балайды. 
Мысалы, Италиядағы жұрт көп тілді біледі. Бірақ, итальян тілін ұмытып қалған адамды кездестірмейсіз. Барлық Еуропа елдеріндегі дәстүр осылай қалыптасқан екен. 
Біз толерантты ұлтпыз, барлық тілдерді құрметтейміз. Сонымен қатар, өткеннің өкінішті салдарынан сабақ алуға тиістіміз. Өз тілін аспанға көтерген жапондарға таңғалып жатамыз. Солай ету біздің де қолымыздан келмей ме, әрине, келеді. Көзсіз еліктеудің балаңдық кезеңдерінен абыроймен өткен жөн.
Мен оқыған №2 мектеп-интернатындағы апайларымыз оқушыларға сапалы білім берумен шектелмейтін. Ең алдымен, ана тілін сүюге тәрбиеледі. Өнерді тануға, сол арқылы адамды тануға баулыды. Бізді Абай атындағы опера және балет театрына,    М. Әуезов атындағы драма театрына жиі апаратын. Оның кестесі қатаң сақталатын.
Алғашқы кезде ауыл балаларына опера мен балетті көру қиынға соқты. Ештеңе түсінбей, көзімізге ұйқы тығылатын. Сөйтіп жүріп біз үлкен өнерді таныдық. «Біржан – Сара», «Қыз  Жібек» тұрмақ, «Чио-Чио-Сандарды» құмартып көретін болдық. Осы күнге дейін театрға барғым келеді. Біздің ардақты апайларымыздың балаларға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
– Ұлттың ерекшелігі – өнері мен тілінде. Кешегі білікті ұстаздардың үлгісін бүгін әкім болып отырған сіз секілді шәкірті қалай жалғастырып жатыр десек, не айтасыз?
– Швейцарияға барғанымда байқадым, оларда шілде айында халықтық «Музыка күні» өтеді екен. Барлық елді мекендер ұлттық әуезбен тербеледі. Біз де ұлттық әуенді осылай насихаттауға көшсек деп армандаймын. Ол үшін жоғарыдан нұсқау күтудің қажеті жоқ. Елдің арасында бұл идеяны көтерсең болды, олар сені өзі-ақ қолдайды. Шараны халықтың өзі ұйымдастырады.
Есік қаласының орталығындағы үлкен-үлкен үш көше орталыққа келіп түйіседі. Ол көшелер – Абай, Жамбыл және Мұхтар Әуезовтердің атында. Соларға қапталдаса жатқан Набережная көшесін енді күй атасы Құрманғазының есімімен атағалы отырмыз. Мұндай идея Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығаннан кейін ойымызға оралды.
Ұлт мақтанышына айналған Алаштың көрнекті тұлғаларын ұлықтау – ортақ парыз. Әрқайсысына бір-бір ескерткіш қойса да артық етпейді. Оларға тұтас қарап үйренсек, ол да ұлттық тәрбие.
Қазақтың бірлігін қалыптастырған және  бізге ұлағатты өсиеттер, асыл мұра қалдырған – бабаларымыз. Сондықтан, велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Жүре білсек сол кісілердің көрсетіп кеткен дайын жолы тұр. Қазақтың қариялары өзге елдің философтарынан кем емес дер едім.
Осындайда бір оқиға есіме түседі. Механикаландырылған студенттік отрядтың құрамында Торғай облысына егін оруға бардық. Жангелдин ауданының Ақши деген ауылындамыз. Орталықтан шалғайда жатқан елді мекен. Ондағы қыр қазақтарының ішінде Торғайды көрмегендер де бар екен. Республика астанасы Алматы туралы айтпасақ та болады. Бірақ...
Бірақ, сол адамдардың көшелі екенін көріп қайран қалдым. Учаскелік инспектор екеуміз кірген үй қонақ шақырыпты. Дастарқанға кілең үлкендер жайғасқан. Инспекторды құрметтеді. Мен әдеп сақтап, төменнен орын алдым. Кенет төрдегі қарияның көзі маған түсті. Содан кейін қазақтың дәстүрімен жөн сұрады.
–    Иә, балам, қайдансың?
–    Алматыдан келдім, студентпін. Осында жұмыс істеп жатырмыз.
–    Қай туған боласың?
–    Ұлы жүз, Үйсінмін, ата, – дедім жөнімді айтып.
–    Не дейді?! Мына отырған аға баласы екен ғой. Қарағым, жасың кіші болғанымен жолың үлкен, қане, төрлет, – деді дәп бір кемшілік жіберіп алғандай қозғалақтап.
–    Ата, пейіліңізге рахмет! Мен осында отыра берейін, – дедім қысылғанымнан құлағыма дейін қызарып. Өмірде үлкендерден асып жоғары шығып көрмеген едім.
–    Болмайды, қалқам. Біз сені емес, сен арқылы бабаларыңның аруағын сыйлап отырмыз, – деді. Міне, ешкімге ұқсамайтын, тек қазақтың өзіне ғана тән ұлттық код.
– Бинәлі аға, адамды алға жетелейтін күш – арман дейміз. Болашақта не күтіп тұрғанын, әрине, ешкім білмейді. Десек те,  үміттеріңіздің алдамағанын қалай түсіндірер едіңіз?
– «Үмітсіздік – шайтанның ісі» дейді. 
Бұл – ертеңгі күннің қандай болатынына қарамастан еш нәрседен үмітіңді үзбе, жинақы жүр, ұқыпты бол деген сөз. Басы дұрыс басталған дүниенің түбі қайырлы болады. Сондықтан, үлкендер балаларды ынталандырып, қолдап отырған. Атам Ысқақтың тағы бір қыры – сыншылдығы еді. Кішкентай құлындардың тұрпатына қарап, тұлпары қайсы, мінісі қайсы, айнытпай болжайтын. Менің шашымды ұстарамен алып отырып «Балам кейін ел басқарады. Үлкен бастық болады», – дейтін еді. Ол – жақсы сөзді жарым ырысқа балағаны. Қазақта да сондай дәстүрлер болған.
Сондықтан шығар, нашарлық танытсам, атамнан ұят секілді көрінетін. Мектепті үздік бағалармен бітірдім. Алматы политехникалық институтына кідіріссіз түстім. 
Техникаға қызығуымның өзіндік себебі бар. Жаздыкүні қаланың орыстары біздің ауылға келіп балық аулайтын. Солар мінген мотоциклге көз алмай қарағанды ұнатушы едім. Әрбір бөлшектеріне мән беретінмін. Оның қалай орналасқанын, қалай бекігенін көру маған соншалықты қызық. Мұндай кезде балалармен сайран салатын ортақ ойындар ұмытылып та кетеді. «Мына бала мотоциклді айналсоқтап неғып жүр?», – деп былайғы адамдар маған таңырқап қарайды. Міне, осындай қызығушылықтар кейін политехникалық институттан бір-ақ шығарды.
Алматыда біздің мамандықты керек ететін ауыр машина жасау зауыттары болды. Өзім үздіктердің қатарындамын. Қалаға қалатыным туралы комиссияның ұйғарымы бар. Бірақ, жеме-жемге келгенде Алматының дәмі тартпады. Білім көрсеткіштері менен төмен болғанына қарамастан бағы асқан басқа ағайындардың өкілдері өтті де кетті. Сонымен, Түргендегі механикалық жөндеу зауытына жолдама берілді. «Есіктің ар жағы, қалаға алпыс-ақ шақырым», –  деді білетіндер. 
Әкем Әбдіқапас Түргенге менімен бірге барды. Жол-жөнекей Еңбекшіқазақ аудандық партия комитетіне тоқтады. Өйткені бірінші хатшы Беляков Владимир Павлович әкемнің бес жыл бірге оқыған курстасы екен. Біз қабылдау бөлмесінде отырдық. Хатшы келіншек: 
–    Владимир Павлович қазір келеді. Азырақ аялдаңыздар, – деді жылы жымиып. Аудан басшысы көп күттірген жоқ. Ұзын бойлы, шашын артқа қайырған, келбетті азамат кіріп келе жатты.
–    О, Әбеке! – деді құшағын жайып. Екі дос кәдімгі қазақтарша төс қағыстырды. Құшақтасқан күйі кабинетке кірді. Аздан соң мені шақырды.
–    Әбекең, мына сенің әкең нағыз агроном! Жерден, елден өмірі алыс кетпейді. Қаншама рет қызметіңді өсіреміз дедік. Біреуіне мойнын бұрған жоқ. Студенттік шақта үйлеріңнен майға шылаған талқан келуші еді. Соның дәмі әлі аузымнан кетпейді. Әбекеңнің жары, менің жеңешемнің қолы алтын ғой.
Бәлкім, ертең мына орындыққа сендер отыратын шығарсыңдар. Алдарыңа кім шығып келді?! – деп мейірлене арқамнан қақты.
Сөйтіп, алғашқы еңбек жолым Еңбекшіқазақ ауданынан басталды. Кейін, Владимир Павлович айтқандай, тура осы кабинетте әкім болып мен отырамын деп кім ойлаған?! Бәрі пешенеге бұйыртқан несібе.
– Бірқатар өсу баспалдақтарынан өттіңіз. Үнемі ілгерілеуде болыпсыз. Бұл жолдағы сүйенген тіректеріңіз қандай еді? Соның кейбір «құпияларын» білгіміз келеді.
– Өсу де, өшу де өзіңе байланысты. Білім, еңбек, ақыл мен сабыр – міне, сүйенетін тіректер осы. Қалғаны жай сөз.
Ауданда жүрген соң бірте-бірте ауылшаруашылығына қарай бұрыласың. Алматыдағы аграрлық университеттің экономика факультетін 1990 жылы бітірдім. Біраз шаруашылықтарды басқардым. Облыстағы бірқатар  басшылық қызметтердің тізгінін ұстадым. Жамбыл ауданында әкім болдым. Қысқасы, қай жердің дәмі тартады, сол жерге барып отырдық. Қызметтің ауысып тұрғаны кейде жаман емес. Жаңа ізденістерге өріс ашылады. Жаңа әріптестерге өзіңді дәлелдеуге тырысасың.
Енді бір күндері өндірістің ортасынан шығып ғылыммен айналысуға тура келді. Оқу мен практика ұштасса, ол – қос қанатың секілді. Экономика ғылымдарының докторы болу тынбай ізденудің нәтижесі. Ғылым жаңалығының өмірге, өндіріске қаншалықты қажет екенін осы салада жүріп жете сезіндім.
– Біздің білуімізше, облыстағы әріптестеріңіздің арасында ғылым докторлары да бар екен. Сіз де солардың қатарындасыз. Мұның әкімдік лауазымға қандай пайдасы болды?
–    Біріншіден, мен докторлықты ғылыми ортаның өзінде жүріп қорғадым. Екіншіден, ғылымның тереңіне бойлағанның пайдасын көп көрдім. Себебі, аграрлық сала, аудандағы өндірістер ғылымсыз дамымайды. Онсыз айналаң қараңғы бөлменің іші секілді. Қай бағытта кетіп бара жатқаныңды білмейсің.
Қазір аудан әкімдігі ғалымдармен тығыз байланыста. Аграрлық университетпен бірлескен меморандумға қол қойдық. Соның арқасында отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерімен танысып, өзімізге қажетті тұстарын үйреніп және игеріп жатырмыз. Онсыз бүгінгі күннің өскелең талаптарына жауап беру мүмкін емес.
Осындай жақсы дәстүрдің қалыптасқанына бес жыл болады. Бұл уақыт ішінде аудан өңіріне кім келмеді дейсіз?! ТМД-дан, Еуропа мен Азиядан көптеген ғалымдар келді. Әлемдегі аграрлық университеттердің ректорлары Еңбекшіқазақ жеріне ат басын бұрды. Шақырып келтіре алмайтын қонақтарды қуана қабылдадық.
Нәтижесінде аудан өңірінде интенсивті бақтар пайда болды. Жиырмадан астам жүгері түрлерін өсірдік. Бүкіл Еуропаның озық тәжірибелерін өзімізге жерсіндіре алдық. Сонымен қатар, жаңғақ плантациялары жайқала бастады. Мал тұқымдарын асылдандыруда да жаңалықтар жеткілікті. Өнім өндірудің әлемдік технологияларын іске қостық. Осының бәрі ғылымның арқасы.
Шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуі аграрлық саланың алға басуына арналған кепілдік деп жатырмыз. Осыған байланысты не ойлап, не жоспарлап отырсыздар?
–    Бәсекеге қабілетті арттыру – қазіргі басты бағыт. Осы жолдағы оңтайлы әдістердің бірі – ұжымдасу. Ортақ техника, ортақ технологияның ұтымды жері көп. Ол  пайданы еселейтін мүмкіндіктер. Банктерден ортақ  несие алып, субсидияға да қол жеткізе аласың. Қазақша айтқанда «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Кооперативтерге бірігудің арқасында жеке қожалықтардағы жер телімдері толық игеріледі. Іске бақылау күшейеді. Өзара ықпалдастық артады, экспорттың әлеуеті өседі. Біз бүгін мұны бұқараға жіті түсіндіру үшін жұмыс  жүргізіп жатырмыз. Мұны олардың оймен өлшеп, жүрекпен қабылдағандары керек.
Мынаны білген жөн, бүгінгі кооператив кешегі кеңестік шаруашылық емес. Мұндағы қарым-қатынастардың бәрі заңмен айқындалады. Әр азаматтың жекеменшікке қатысты құқықтары толық сақталатын болады. Ал, табыстарының мөлшері шаруашылық көрсеткіштері бойынша таразыланады. Басқа да көптеген кепілдіктер бар.
Мемлекеттің алға қойған саясатын жұртқа дұрыстап түсіндірсең – түсінеді. Асықпай отырып бәріне шаруалардың көзін жеткізу қажет. Одан кейін шаруашылық жүргізудің жаңа механизміне деген құлшыныс артады. Біз осыны өз тәжірибемізден анық байқай бастадық. Сондықтан, ауданда кооперативке бірігу үдерістері жаман жүрмейді деп ойлаймыз. Бұйыртса, бір-екі жыл көлемінде үлкен нәтижелердің төбесі көрініп те қалар. Егер кооперативтеріміз өркендесе, табыстардың одан әрі молайып, тасқындайтын кезеңдері алыс емес.
– Лайым, солай болсын! Енді жергілікті туризмге келейік. Бұл да табыс әкелетін сала. Сіздерде соны жандандыратын себептер көп. Осы жөнінде не айтасыз?
–    Аудан өңірі туризмге өзінен өзі сұранып тұр. Көздің жауын алатын әсем табиғат, «Алтын адаммен» даңқы асқан ұлттық тарих – сирек кездесетін ерекшеліктер. Оған тастағы таңбаларды, ежелгі сақ қорғандары мен обаларды қосыңыз. Бәрі таңғажайып жәдігерлер. Сонымен қатар, тоғыз жолдың торабы да біздің өңірде түйіседі. Тура іргемізден Ұлы Жібек жолы өтіп жатыр. Келесі жол – тау шатқалындағы Есік көліне апарады. Үлкен Алматы каналының бойы да саяхатшыларға таптырмайтын жер. Әлі-ақ бұларға қатысты үлкен жобалар, үлкен шаруалар атқарылады деп сенемін.
Оған дейін біз өзіміздің ішкі резервтер есебінен біраз жұмыстарды қолға алдық. Этномәдени ауылдарды көбейтіп, көркейтіп, қысқа мерзімді туристік бағыттарды іске қостық. Қалалықтар үшін отбасылық саяхаттарды қамтамасыз етсек дейміз. Алматыдан Бартоғайға дейін велосипедпен жүруге мүмкіндіктер жасалуда. Таза ауадағы тамаша серуендер кімнің көңілін көтермейді. Жергілікті кәсіпкерлерге де жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Екіншіден, жол бойындағы шаруашылық алқаптарын қалада өскен балалар көзімен көріп, қолымен ұстаса дейміз. Жеміс-жидектерді шаруа адамдарымен бірге жинасып, сіңірген еңбектеріне қарай үлесін алса қандай ғанибет?! Қысқасы, отбасылық саяхаттардың бір сипатын табиғаттануға бұрғымыз келеді. Ел-жұрттың туризм мәнісін түсіне бастағаны мені қуандырады.
– Ел тәуелсіздігінің арқасында алаш жұрты жаңару мен жаңғыруға бет алды. Өркениетке сай өмір сүріп, нағыз қазаққа тән сана қалыптастырмақпыз. Алпыстың асуынан қарап тұрып, осы туралы не ойлайсыз?
– Елбасымыз айтқандай,  тәуелсіздікті алғаннан оны нығайтқан әлдеқайда қиын. Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясаты өзінің өміршеңдігін көрсетті. Халқының арман-мұратын қамтамасыз етті. Азат елінің тұғырын бекітті, Туын желбіретті. Кейде мұндай оқиғалар үшін ғасырға созылатын уақыттың өзі жетпей жатады. Біз оны небәрі жиырма бес жылдың ішінде жүзеге асыра алдық. Әлемдік даму стандартына сай өрісті мемлекет орнаттық.
Ең бастысы, қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт ретіндегі өзінің ұлы мәртебесін сезінді. Сондықтан да бір тудың астына бұрынғыдан да берік топтасты. Соның жарқын мысалдарын айналамнан көріп қуанамын. Әлем көшбасшыларының Қазақстанның дамуына үлкен баға беріп жатқандарын естігенде еріксіз толқисың. Осынау ұлы дәуірде өз пешенеме жазылған бір қызметті атқарып жүргенімді мақтан етемін. Сонымен қатар, атамның да өсиеттерін адал орындап, жүзеге асыра алған шығармын деп ойлаймын. Ұлт рухы бізді дәйім  алға қарай бастап барады. Себебі, бабалар жолы – бағдаршам. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Болат Мәжит.