МАҚТАННЫҢ ЖӘНЕ БІР МӘНІСІ

Уақыты: 07.09.2024
Оқылды: 393
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Пенденің жүрегіндегі ізгі иман, ең терең махаббаттың көрінісі – Алла Тағаланың құдіретіне айтылған мадақ. «Бисмилла» деп бастадыңыз – мадақ, «аллаһуакбар» деп бет сипадыңыз – мадақ. Бірақ, Аллаға мақтан мен мадақ қажет емес. Мақтау-мадақ – сіз бен бізге қажет. Демек, мақтау, мадақ, жалпы мақтан – Жаратушы мен адамның арасындағы бір қашықтық. «Қолымнан келмес жоқ» деп асқақтап, өз көңілін өзі көтеретін пенде бейшара бәрібір құдай бола алмайды. Мақтан күйлеу, мақтан тілеу – адамның жетілмеген құлқының көрінісі. Адам өзінің «бос» жерін – өзіне деген сенімінің олқысын, өзінде жоқ құдіреттің орнын мақтанмен толтырады. Біздің мақтанға тоймайтынымыз сондықтан.

Мақтан – өзін толық сезінбектік, жетілгендік иллюзиясы. Ал толыққан, жетіккен жаратылыста мақтанға орын жоқ. Бірақ, барлық мағынасында толыққан, жетіккен адам деген не? Ештеңе де емес. Ондай адам жаратылыста жоқ. Бар болса, ол – не құдай, не өлген адам.   В. Соловьев көне діни кітаптан бір әңгімені келтіреді. Әйгілі тақуаға жас монах іздеп келіп, бұл дүниедегі жетілудің жолын сұрайды.

– Бүгін түнде, – дейді шал, –  бейіт басына бар да, өлгендерді таң атқанша мақта. Сосын маған келіп, олардың не дегенін айтарсың.
Жігіт келесі күні:
– Айтқаныңызды түгел орындадым. Түні бойы өлгендерді мақтадым. Әулиесіңдер бәрің дедім, құдайдың сүйген құлысыңдар дедім, даналықтың бұлағы, жердің құты, ғаламның шамшырағы – сендерсіңдер дедім. Қасиетті кітаптардан оқыған, білген бар жақсылықты соларға таңдым, – дейді.
– Хош... Сонымен олар саған ризашылығын не деп білдірді?
– Қайдағы ризашылық? Дым да деген жоқ, үнсіз қала берді...
– Бұлары қызық екен, – дейді шал. – Енді сен былай істе, балам. Осы түні барған жеріңе тағы бар да,  өлгендерді таң атқанша боқта, шамаң келгенінше, тілің жеткенінше сыбап сал. Көрейін сонда қалай үнсіз қалғандарын!
– Масқарасын шығардым бәрінің, – дейді жігіт келесі күні шалға қайтып келіп. – Дінсізсіңдер бәрің дедім. Қарғылы төбетсіңдер, сайтанның ыдысысыңдар дедім. Бауырын өлтірген Қабыл, құдайын сатқан Иудасыңдар дедім. Адам баласы білетін барша жаманшылықты солардың басына үйіп-төктім...
– Иә, не болды сонымен? Олардың қаһарынан қайтіп құтылдың?
– Қайдағы қаһар? Тырс етіп үн қатпады, шіркіндер. Тіпті, моланың үстіне жата қалып тың тыңдадым... Міз бақпайды!..
– Көрдің бе? – депті шал. – Сен бұл дүниеде жетілгендіктің шыңына дәл сол өліктердей мақтау мен боқтауға міз бақпайтын болғанда ғана жетесің!..
Бұл дүниеде мақтау-даттауға міз бақпай шыдар кім бар? Өлгенде ғана жетер кемелдікке кім құштар? Әрине, ешкім. Жаңағы әңгіменің ғибраты да сонда. Бірақ, білген адамға, мақтанның басы – алданыш, соңы – мұң. Өзің туралы естіген ешбір мақтауға лайық емес екеніңді білу – бір қайғы. Әрі сол мақтаған деңгейге ешқашан жетпесіңді түсіну – және азап. Соның бәрін біліп тұрып, мақтанбай, мақтау сағынбай бәрібір жүре алмайтыныңды ойласаң – қапашылықтың бәрі бір сенің басыңда. Жетілместің түпсіз мұңы, толыспастың таусылмас тілегі бұл мақтан!.. Біздің мақтауға тоймайтынымыз сондықтан...

Тұрсынжан ШАПАЙ
«Анық Абай» кітабынан