ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚУАТЫ

Уақыты: 21.09.2024
Оқылды: 43
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қара сөзден зер салған ақын-жазушы, журналист Қуат Қайранбаевпен әрі оның шығармашылығымен танысқалы да 10 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында аңқылдаған ақкөкірек мінезімен, жомарттығымен сүйсінтсе, кейде табиғат берген талантының жай-күйі, ақындық шабытының құбылмалылығынан ба, кім білсін, тәкаппарланып, асқақтап кететін мезеттерін көріп, біртүрлі екіұдай ойға қалып жүрдік. Десе де өмірдің әр сәтіне байланысты кейде мейірбан, кейде асқақ болатын ақындардың бұл мінезі – жаратылыс заңдылығы екенін кейіннен барып, классиктермен, мүйізі қарағайдай тұлғалармен араласа бастағанда жақсырақ түсініп-түйсіндік. Мінезсіз қаламгерден қайбір шырайлы шығарма туа қойсын?! Жалтақ, момын адам табиғатты мейлінше мөлдір жазғанымен ақиқат пен жалғандық күрескен өмір өтінде, тіршілік төсінде мына жалғанды барынша қанық етіп қағазға түсіре алмасы анық. Оның бойында бұғып жатқан не қайраткерлік, не асаулық жатуы тиіс. Бұл қаламгерлерге тән қасиет.


ТОЛҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ТОЛҒАМ

Хош, Қуат Қайранбаев хақында сөз қозғамас бұрын, оның жуырда шыққан «Аға» кітабы турасында ой айтпай тұрып, бұрын жанға салмақ салған жалқы толғамды айшықтап өткен абзал деп санадық.

...Кейде адамның жаны ешбір қалам түртпеген, сия түспеген тап-таза парақ секілді көрінеді. Жақындап келіп зер салсаң әлгі тап-таза деген дүниеңде көзге көрінбес шеберлікпен ұсақ-ұсақ із түскенін көресің. Кейбірі, керісінше, мың шимайдан тұратын жүзі бар, жазуын оқып танымас, зер салып түсінбес дүние. Екеуінің зады, болмысы – парақ. Бірақ жазуына қарап кімнің қандай екенін болжауға болады; жақсы не жаман деп емес, қалам жүгін арқалаған, не елеусіз жатқан, керекке ғана жараған деп. Бұл ойдың жүлгесін қуалап отырсаңыз адамның тағдыры да солай елес береді, өмір үшін күрескен, шындық пен ақиқаттың, жалған мен жаланың арасындағы тартыста жазмыш жазуын сан құбылтқан, адами болмысты кемел ету жолында биіктерге ұмсынған жан деп әлгі шимайы қалың парақпен шендестіріп кеп жібересіз. Ал көзге көрінбес шеберлікпен ұсақ-ұстақ із қондырған парақты елеусіз ғұмыр кешкен жанға теңеген жөн.

Қызығы да осында, кейде біздің халық жұмсақ мінезі бар, ешкімде қақ-соғы жоқ адам баласын жақсы деп бағалап жатады. Керісінше: «Өмірдің өтінде жүріп күнқақты ғұмыр кешкен, ар мен намыс жолында терсіңді тағдыр көрген жанға берер баға ғой бұл» деп таңданасың. Ол жақсы болған соң жалғанмен күресті, ақылды болған соң аярға ырық бермеуге күш салды, басы ноқтаға сыймас асау мінезді болған соң ел үшін, елдің руханияты үшін, тіпті жанына жақын туыстары үшін табан етін сөкті емес пе? Кешегі қазақтың маржан сөздерін ақыны мен нақылын қатар сынаған алып Абай қанша мақал-мәтелді теріске шығарды?! Ел санасына сіңісті болған қанша ой асылын жарамсыз етіп берді. Бүгінгі нарық билеген заманда қазақ: «Туыстың жақсысы – салмағын салмағаны» деп мәтелдейтінді шығарды. Бір қарағанда жақсы айтылған сөз, алайда туысың қажет кезінде салмағын салмаса, қиындығыма қол ұшын бер деп өтініш білдірмесе оның туыстығы қайсы? Бауырдың басына түскен іске септеспесең, қажетіне жарамасаң бауырлығың қайсы?! Сонда жоғарыда айтылған таза парақтай ешкімге пайдаңды не зияныңды тигізбей өмір сүруің жақсылықты айшықтау емес, адамдықты мансұқтау емес пе?!

Біз де осынау ойды аспаннан алып, не бір қаламгер хақында айтылар сөздің ауанын басқа арнаға ауыстырып біраз жерді өндіріп алайық, мақаланы көлемді етейік деп айтып отырған жоқпыз. Орайы келген, не келтіргендік те емес. Осылай топшылауға, күпсектеп сөйлеп, күлбілтелемей кесім айтуға Қуат Қайранбаевтың «Аға» романы себеп. Өйткені ондағы өмір шындығы, жазушының арғы аталарының ғұмырбаяндық хамсасы, тарихи портреті, көркем образы, сын сынақтан тұратын ғапыл дүниедегі тар жол, тайғақ кешуі осыған өзінен өзі-ақ итермеледі. 

ДЕРЕКТІ РОМАН – КЕРЕКТІ РОМАН

Не айтылса да, қандайлық сөз қозғалса да ең әуелі Ж. Верннің әлгі нақылына көп иек артатынды шығардық. Біздің әдеби талдау, сын мақалаларымызды үзбей оқып жүрген көзіқарақты жан нені меңзеп отырғанымды бірден түсінген шығар. «Біз сонау Гомер заманындағы боямалардан бас тартуымыз керек», – деп пе еді Жюль Верн?! Қазақ әдебиетінде жазылып жатқан шығармалар да көне боямалардан біршама арылған сыңайлы. Табиғатты суреттеу, әрбір детальға тоқталу, шығармаға қатысты жер атаулары мен өзен-көлдерді, ондағы буырқанған асау ағыс пен тау-тау толқындарды суреттеу кешегі классиктердің еншісінде қалды. Бүгінгі жазарман қауым нақтылы оқиғаға, шығарма желісіне баса мән беруде. Соның негізінде шығарманың ішкі мазмұны сақталып, көлемі біршама қысқарғандай. Романдар да 100-150 бет шамасында жазылуда. Қойшы тәйірі, бастысы ақиқат айшықталса, шығарма кейіпкерлері толық ашылса жеткілікті дейміз мұндайда. Ғасырдан асқан тарихы бар «Jetіsý» газетінде қолтаңбасын қалдырған, «Алатау арайы» үнпарағынан зейнетке шыққан жазушы Қуат Қайранбаевтың «Аға» романы да 120 бетке жетеғабыл. Осынау роман ішкі мазмұны бай, тарихи детальдарға мейлінше қанық шығарма.

Әлгі шиырланған шимайы көп парақтай өмір үшін күрескен, әділет жолында саналы ғұмырын тиянақтауға бейіл тұлғалар жетерлік. Соның бәрін «Аға» романын оқып отырып көзге елестетуге болады. Әсіресе ақиқаттың алдаспаны болған Жобалай бидің тарихи бет-бейнесі, өнегелі ісі романда ерекше көрініс тапқан. Сонымен қатар он екі ата Абақ керейдің құтты қонысы, құсыни мекенінен тартып саңлақтары, тарихи тұлғалары да шығарманың негізгі арқауына айналған. Десе де  Жаманбай батырдың ұрпағы  Нұрпейіс, оның жалғыз ұлы Қайранбай,  ақсақалдың өмірі, Қайранбайдың Әбуғали, Адамбай, Серікбай, Байбол деген төрт ұлының кешегі қанды ғасырдағы тірлігі, тартқан мехнаты оқырманды бейжай қалдырмайды. Әсіресе Адамбай мен Серікбайдың сұрапыл соғыс өтінде шейіт кетіп, қаралы қағаз келгені жан ауыртса, Әбуғали мен кенже інісі Байболдың арасындағы аға-бауырлық махаббаттың кесек-кесек көрінісі жан тебірентерлік. 

Тірлік мехнатын тартып, қалжыраған қарт әке-шешесін бағамын деп Түркістан-Сібір (Түрксіб) теміржолының салынуына қатысып, қара жұмысқа жегілген, кейіннен пойыздың көмейіне тәулігіне 40 тонна көмір құятын мехнаты зілмауыр жұмысқа орналасқан, соңыра зорығып, денсаулығы кеткен Әбуғалидің өмірі кешегі барша қазақтың күйін көз алдыңа келтіреді. Ал, қос ағасының кегін қуып майдан даласына сұранған 18 жастағы Байболдың жамбасынан жараланып, шойнаңдап елге оралуы – көкіректің көксөңке мұзын ерітерлік дүние. Мұз дегенде де бүгінгі нарық заманында адамдардың адамға деген жанашырлығы мен мейірімі азайып, туыстық қарым-қатынас көпестердің сауда-саттығындай жағдайға жеткен тұста бір-бірі үшін отқа да, суға да түсуге дайын Әбуғали мен Байболдың бауырмалдық сезімі жанарға жас алып келеді екен...

Иә, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы: «Бүгін қоғам құбылды, заман бұзылды. Адамды жақсы қасиетімен емес, жағдайына қарап бағалайтын қиын кезеңге келе жатыр жас ұрпақ» деп еді бізге берген  сұхбатында. Жазушының осы айтылған сөзі бүгінгі күннің айнасындай көрінеді. Ал бұл орайда «Аға» романы бүкіл қазақ оқырманын бауырмалдыққа, елжандылыққа шақырып, туыстың қадірін, ағайынның абыройы мен асыл қасиетін, орнын салмақтап береніндей сезілетіні бар. Не айтсақ та Қуат Қайранбаевтың «Аға» романы оқырман ретінде бізге ерекше әсер етті. Риза болдық, шын сүйсіндік.

ЖАЗУШЫ ЖАЙЛЫ ЖАЛҚЫ СӨЗ

«Аға» романы ғана емес, осы кітапқа енген «Сөнген үміттің сәулесі», «Жолданбаған хат», «Тастанды» секілді бірқатар әңгіме де адамды ерекше тебірентеді. Кітапты оқи отырып бүгінге дейін журналист ретінде қара мақала жазып, поэзиямен айналысып, жекелей туындыларға қалам тартып көп уақытын өткізіп алды ғой, әйтпегенде Қайранбаев қаламынан классикалық шығармалар (проза жанрында) өмірге келер еді-ау деп те ойладық. Десе де «Қара өлеңнің Қуаты» атанған шайырдың өлеңдері өміршең, жырлары жан тебірентерлік екенін оқырман қауым мойындап үлгерген.

Жердің жаннаты саналған Жетісу өлкесінде өлең уыстап өмірге келген Қуат Әбілұлы бізге біраз жыл әріптес болды. Аға ретінде ақылын айтты, білікті журналист ретінде жол сілтеді. Кейде жетісулық қаламгер інілері «Қуаш аға» деп еркелеткендей хабарласып: «Қуаш аға, апайтөс Алматыда тұрасыз, ана бір сізбен бірге алып шаһар ауасын жұтып жүрген классиктен пікір алып, мақала дайындап беріңізші» деп өтініш айтып жататынбыз. Ондайда көңілі ақ жайлаудай ағамыз айтылған дүниені уақытында жазып беріп, Талдықорғанға келген сайын аңқылдап алдымыздан шығатын. Бүгінде бейнеттің зейнетін көрер жасқа жетсе де сол қалпынан айнымай, табиғат берген болмысына сай жайдары, кейде асқақ қалпымен қарсы алып жүреді. «Әй, Асыл, «Аға» кітабым шықты. Оқып көр» деген сонау бір күні. Бүгінгі қолға қалам алып қара өлеңнің Қуаты жайлы көсілуімізге сол кітап түрткі болғанын қайталай айтқанымызбен ақындығы туралы да жарты мысқал ой айтпай кетуге болмас.
Жылдар, жылдар,
Жаз, күз, қыс, көктемсіңдер,
Қайғы, ләззат, қуаныш 
           төккенсіңдер.
Өзіміз деп жүрміз ғой қожайыны,
Қайдам,
Сендер тірлікте өктемсіңдер, – деп табиғатты, әр мезгілді жүрегіне қондырып жыр еткен шайыр ары қарай:
Жылдар, жылдар,
Жеке бір дарасыңдар,
Өмірімнен әрқайсың аласыңды ал!
Бір-бір сызық түсіріп маңдайыма,
Жастығымды жырымдап
                барасыңдар, – 
деп қасиет пен қасіретке, сын мың сынаққа, сырға толы  жылдарын жыр еткен Қуат Қайранбаев шын мәнінде поэзия жайлауына еркін ат шалдырған жетісулық талант-тақсырдың бірі. Оның отты жырлары талай оқырманға ой салды, жанына медет болды, өміріне шуақ, көңіліне шырай енгізді. Ақынның құдіреті де, жырының асқақтығы да сонда ғой; әр оқырман өлеңмен өмір сүре алса, кейіпкер болып ғұмыр кешсе, өлеңмен күрсініп, жырмен жасанса керек! Бұл ретте де кереқарыс маңдайлы ақынның тірліктен мұрат тапқанын іштей сезінеміз. Өйткені оның бүгінге дейін жазған кітабы, шыққан белесі көз алдымызда көлбеп тұр...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған еді. Сол бір мерейлі сәтте туған жері – Ақсу ауданына қарасты Егінсу ауылындағы орта мектептің бір кабинетіне атын беріп, оны Қуат аға Қайранбаев өзі жасақтап, сөрелерге сірестіре алыптардың, классиктердің кітабын, өз туындыларын қойғанына куә болып едік. Күні кеше «Құрмет» орденін алғанда да әріптес ағаның марапатымен мерейленіп, қуанышымен көңілге шабыт шақырғандай болдық. Ағаның жетістігін біз де қайталайық, елге «Jetіsý» газетінің майталмандары Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Қуат Қайранбаевтардай қаламмен қызмет етейік деп іштей серт байлағанымыз да жасырын емес. Бізді жаратушы сол жолға, мұрадым-мұратқа жеткізерлік күш бергей деп те тілейміз...

Бүгінге дейін «Жан сырым», «Ақ жауын», Дариға – Дәурен», «Көңілдің қоңырауы», «Ғазал  Ғұмыр» атты өлеңдер жинағын, «Тұғырлы тұлға» «Жолайырық», «Әулет жыры», «Шұғыла», «Ерлік дастаны», «Ақ мама», «Сағыныш сазы», «Ар мен Заң алдында», «Өлеңмен өрнектелген өмір», «Тағдыр – Тұлға» атты прозалық кітаптар жазған, әр жылдары терсіңді еңбегіне орай марапаттарға ие болған «Құрмет» орденінің иегері Қуат Қайранбаев жетісу жерінде лайықты құрметке бөленіп жүрген азамат екені даусыз. Осынау қаламгердің отты шығармалары, «Аға» тектес ғажайып романдары өмірге келе берсін деп тілейміз. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ