ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 2106
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Баланың шыр етіп өмірге келуі –  үлкен бақыт. Жарық дүниеге келген шақалақтың ең жылы орны анасының кеудесі мен қасиетті бесік. Сондықтан да қазақ үшін бесік – киелі де қастерлі. 


Бесік тербеткен жас ана перзентіне «Бесік жырын» айтып, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұлттық құндылықты бойына сіңірген. Әрбір отбасының атадан балаға мирас болып қалған бесігі бар. Бірақ қазір әрбір бөбек бесікке бөленіп, «Бесік жырын» тыңдайды деп айта алмаймыз. Бесікті  қоларба алмастырған заманда ұлттық құндылықтардың құнсызданып бара жатқаны жанымызға батады.

Қазақтың маңдайына бітке батыр ұлы Бауыржан Момышұлы- ның «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам» деген сөзіне терең ойланатын уақыт жетті. Бесікке бөленбеген, бесік жырын естімеген ұрпақ ауру-сырқауға бейім, әлсіз, әлжуаз болып келетіні рас-ақ. Ұрпағымыз ұлықты болсын десек ұлттық тамырдан ажырамауға тиіс. Ұрпақ бойындағы ұлттық кодтың кіндігі – бесік екенін ескеруіміз қажет. Бесік бөбекті тазалыққа тәрбиелейді. Жаны таза баланың бойын басқа дерт ала алмайды. 

Жаһандану деп жүргенде ұлттық құндылығымыз құнсызданып, киелі де қасиетті деген бесігімізді тек музейден көріп жүрмейік. Сондықтан баланы бесікке бөлеуді әрбір ана өзінен бастаса дейміз. Қазақтың қасиетті шаңырағының төрінде тербелетін бесігі болсын деп тілейміз.  

Әмина ТҰРҒАНБАЙ
Фото: amin.kz