ІНДЕТ ЖҰҚТЫРУШЫЛАР АЗАЙДЫ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ "ЖАСЫЛ АЙМАҚТА"

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 1168
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұрғындар арасында коронавирусты жұқтыру қаупі төмендеп, облыс «жасыл аймаққа» өтті. Cоңғы мәліметтер бойынша облыста коронавируспен ауырғандардың жалпы саны 25 мыңнан асқан. Оның ішінде симптомдық белгілері бар 15 816 адам тіркелген. Бұдан шығатын қорытынды – карантин талаптары жеңілдеп, екпе қабылдау процесі қарқын алғанымен індеттің беті әлі толық қайтқан жоқ деген сөз.

Сондықтан, тұрғындар арасында адам көп жиналған жерге бармау, арақашықтық сақтау және бетперде тағып жүру талаптары өз күшінде қалып отыр. Қуантарлығы, қауіп толықтай сейілмесе де, соңғы екі аптада коронавирустың өсу қарқыны 0,8 пайыздан 0,5 пайызға дейін түскен. Өткен тәулікте облыста 104 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Олардың 41 пайызынан вирусқа тән симптомдар білінбеген. Яғни, тәж вирусы адам бойында еш белгі бермей де еніп алуы мүмкін. Сол себепті өзіне күдігі бар адам ПТР-тест көмегіне жүгінгені абзал.

Жалпы, облыста былтырдан бері 23 мыңға жуық науқас жазылып шыққан. Ал бір тәулік ішінде стационардан 23 пациент шығарылды. Облыста эпидахуалдың тұрақталуына вакциналау жұмыстарының қарқын алуы да оң әсерін тигізуде. Мәселен, соңғы ақпарға сүйенсек, облыста бірінші компонент бойынша екпе қабылдағандар саны 207 мың адамнан асып-жығылды. Ал екінші компонентпен 113 983 адам егілді. Облыста бүгінде Qazvac (2000 доза), Hayat-vax (22 000 доза), Gam-Covid-Vac (183 850 доза) вакциналары бар.

Адамдармен күнделікті тығыз қарым-қатынасқа түсетін мемлекеттік қызметкерлер, медицина мамандары және мұғалімдер екпе қабылдауда көш бастап тұр. Сонымен бірге, созылмалы сырқаты бар науқастар да тәуекел етіп, өзінің және айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін екпе салдыруда. Облыста осы уақытқа дейін қант диабетіне, өкпенің түрлі ауруларына шалдыққан және жүрек-қантамыр жүйесінде сырқат белгілері бар 1029 адам екпе қабылдап үлгерген.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды