АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ДЕЛЬТА» ШТАМЫ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 1342
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Jetіsý media» алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановпен баспасөз конференциясы өтті.  Басқосуда облыста  үндінің  «Дельта» штамын жұқтыру дерегінің тіркелгендігі жайлы сөз болды.

Бүгінде Талғар және Қаратал аудандарында «Дельта» үнді штамын жұқтырудың екі  жағдайы анықталған. Спикердің айтуынша,  аты жаман індетке шалдығушылар екпе алмаған. Ол вакцина алудың тиімділігі жоғары екенін атап өтті.  Аймаққа жалпы саны 408 475 доза вакцина келіп түскен. Оның ішінде 39 500 «Hayat-vax», 332 975 «Гам-Ковид-вак», 8000 «Qaz-вак» және 28 000 «CoronaVac». Бірінші компонентпен барлығы 346 922 адам, ал екіншісімен  208 094 адам егілді.

«Қазақстанда қолданылатын вакциналар коронавирустық инфекцияның үнді, британдық, Оңтүстік Африка және бразилиялық штамдарына қарсы тұра алады», – дейді спикер. Ерғали Жақсыбекұлының сөзіне сүйенсек, «Аshyq» жобасын енгізу басталғаннан бері 589 кәсіпкерлік нысан бағдарламаға қосылған. Жетісу жері эпидемиологиялық бақылау матрицасына сәйкес жасыл аймақта орналасқан. Десе де Балқаш, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қарасай, Қаратал, Сарқан, Көксу, Талғар аудандары мен Текелі қаласында аурудың өсу қарқыны жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. 

QR-кодты сканерлеу кезінде облыс бойынша «қызыл» және «сары» статусы бар 110 адам анықталған. Оның 41-і қызыл», 69-ы «сары»   белгіні көрсеткен.
Баспасөз конференциясында үй карантинін бұзғандар ҚР ӘҚБтК-нің 802-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Басқосуда журналистерге алдын алу шараларын күшейту барысында қандай шаралардың жасалып жатқаны айтылды. Ерғали Жақсыбекұлының айтуынша, жақын арада жаңа қаулы шығады. Карантиндік талап күшейтіледі.  Спикер айтқан сөздің тобықтай түйіні вакцина алуға келіп тоқтады. 

Гүлжан Мұқашқызы