Аспаннан жаудыр, жерден өндір

Уақыты: 11.05.2024
Оқылды: 2448
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жердің ылғалы кетпей дәнді сеуіп алу шаруа үшін  өзекті мәселе. Егін шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылықтар топырақ кеуіп кетпей жер жыртып, дән себу жұмыстарын жүргізуде.  Биыл ақсулық диқандар 62 мың гектарға ауылшаруашылығы  дақылдарын себумен  шұғылдануда. Аудан бойынша 290 млн.-ға жаңадан 35 техника алынған. Техниканы көбі лизингке алынып жатыр. Техника алғандардың қатарында   «Дәулет Б»  шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Бияділов те бар. 

«Былтыр бұршақ ұрып, дақылымыз шықпай қалды.  Биыл  120 гектарға тәтті түбір егеміз. Мол өнім алу үшін барлық мүмкіншілікті қолданудамыз. Былтырғыдай  табиғат тосын мінез көрсетпесе екен деп отырмыз.  Бір жылдары  ауа райы жайлы болғандықтан табысқа кенелгенбіз. Табиғат-анадан сондай жомарттық күтеміз. Бір әттеген-айы, биыл субсидиямен арзан жанармай ала алмадық. Өз ақшамызға литрін 295 теңгеден  сатып алудамыз», – дейді ол.

«Жетісу»  ӘКК  шаруашылықтарға техника алып беру мәселесімен шұғылдануда.  Мысалы, Ақсудағы Жансүгіров ауылдық округіне биыл 6 тұқым сепкіш техника берілді. Оның екеуін  осы  «Дәулет Б» шаруа қожалығы еншілепті. Жаңа техника – өнімді жұмыс кепілі.    

Биыл  облыста қант қызылшасының алқабын 11 мың 500 гектарға жеткізу жоспарлануда. Тұқым  себу науқаны аяқталды.  Қант қызылшасын қолдау мақсатында 2,5 млрд. теңге бөлініп, сервистік-дайындау орталықтары құрылды. Биыл бес ауданда 8 сервистік-дайындау орталығы құрылды.  Атап айтар  болсақ, Алакөл, Сарқан, Ақсу, Қаратал және Көксу аудандарында жаңа техника орны жабдықталды. Сонымен қатар, ауылшаруашылық бағытында 61 бірлік техника алынып,  шаруаларға 2,5 пайызбен 10 жылда қайтарылатын жеңілдетілген несие берілді.  Не ексең соны орасың. Жансүгіров кентінің диқандары шаруалар өнімді көп беретін шетелдік тұқымдарды сеуіп жатыр. Бұл қатарда – «Ардан» мен «КВС»  тұқымына сұраныс көп.  Француз және германиялық тұқымдардан өнім жақсы алынатыны дәлелденген. Қызылша өсірушілердің тыныс-тіршілігі жайлы   Жансүгіров ауылдық округінің  бас маманы Аслан Қайдаровтан сұрап білген едік.  

– Бізде 286 шаруашылық құрылымы бар. Оның 32-сі қант қызылшасын өсірумен шұғылданушылар. Биыл жер ылғалды, тұқым себуге қолайлы болып тұр. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Османбеков «Жетісу» ӘКК-нің көмегімен  арзандатылған техника алынып жатқандығын айтты. Оның 14-і сепкіш, 6-ы комбайн, 4-і жапырақ шапқыш.  Қант қызылшасын өсіруге барынша көңіл бөліп жатырмыз. Былтыр 960 гектарға тұқым сеуіп,  20 мың тонна өнім алдық. Дақыл жер бетіне шыққан кезде үсікке ұрынды. Биыл 70-80 мың тонна тәтті түбір жинасақ деген мақсатымыз бар. Ақсу ауданы бойынша 745 мың тонна жанар-жағармайға сұраныс берілген. Соның 418 мың тоннасын арзандатылған бағамен алуға келісімшарт жасалды, – деді ол.

Шаруалар аспаннан жаудыр, жерден өндір деп алақан жайып, өнімнің мол шығуын күтуде. Ол үшін шама-шарқыларынша  бел жазбай еңбектенуде. Жаз бойғы төгілген  ащы тердің тәтті дәмін татар күн тусын деп тілейік.

Гүлжан ТҰРСЫН
Ақсу ауданы
Фото: smartnews.kz