Аудандарға «Жедел жәрдем» көлігі табысталды

Уақыты: 15.06.2023
Оқылды: 1194
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғанда Медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Жыл айналып келген даталы күнгі шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. Салтанат «Жетісу» телеарнасы дайындаған фильмді тамашалаудан басталды. Онда  облыс медицинасының бүгінгі жеткен жетістіктері, мамандардың біліктілігінің нәтижесі және саладағы жаңалықтар айтылды.  

Жетісу өңірінде 362 медициналық мекеме бар. Оның 314-і мемлекеттік, 48-і жекеменшік. Аурухана саны 29. Мекемелерде 2 мыңнан аса дәрігер мен 8 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді. 

Салтанатты шарада облыс әкімі Бейбіт Исабаев ақжелеңді абзал жандарға арналған құттықтауын жеткізді. Ол: «Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, құрметті ардагерлер! Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізге орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар. Адамның денсаулығы мен өмірі – қоғамда ең басты құндылық, ұлт саулығы – баға жетпес байлық. Жұмыстарыңызға жай ғана міндет деп қарамай, халыққа жылы сөз арнап, қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Сондықтан сіздердің Гиппократ антына, адамгершілік мұраттарына адал, ізгі еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Әсіресе коронавирус өршіген жылдары өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, «майданның» алғы шебінде болдыңыздар. Індетпен күресте 20 жетісулық дәрігер көз жұмды. Сол азаматтардың рухының алдында бас иіп, құрметпен еске аламыз. Облыстық инфекциялық аурухана алаңына орнатылған «Аялы алақан» ескерткіші ерлікке жасалған тағзымның айқын белгісі деп білемін, – деп денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді. 

Аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынғанына тоқталды. 2023 – 2025 жылдары ұлттық жоба аясында және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 17 млрд. теңгеге 116 медициналық нысан салынатынын айтқан ол денсаулық сақтау саласына бюджеттен 89,0 млрд. теңге бөлінгенін, соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсартуға – 253 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алуға 4,4 млрд. теңге қарастырылып отырғанын мәлімдеді. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Рахым Сұлтанбеков, Шаймерден Сыдықов, Салауат Сәрсенбаев, Мақсұт Қалажанов, Құралай Қалиева, Александр Сидихменов, Ғани Ағыбаев, Әшімғали Жұмагелдин, Бақыт Тұрсынбекова, Александр Хегай, Тілеуберді Жансеңгіров және басқа да азаматтарға ерекше алғыс айтты. Олардың толайым тәжірибесі мен қалыптастырған үлгісін заманауи біліммен үйлестіре білген Нұрлан Сұрашев, Анарбек Моңғол, Мадияр Өмірбаев сияқты мамандардың еңбекқорлығына ризашылығын білдірді. 

Жиын барысында облыста медицина мекемелерін көбейту жайы да сөз болды. Өткен жылы денсаулық сақтау саласында 7 нысанның құрылысы басталып, 2 медициналық мекеме салынды. Сонымен қатар, 12 блокты-модульді медициналық пункт пен Сағабүйен ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Биыл 6 нысан салу жоспарланған. Олар: Сарыөзек ауылында 250 келушіге арналған емхана, Ақсу ауданы Алтынарық ауылындағы медициналық пункт, Панфилов ауданындағы Шежін, Алакөл ауданы Қамысқала ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Талдықорған қаласында емхана. 

Ана мен бала денсаулығы басты назарда. Ағымдағы жылы ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында облыстық перинаталдық орталықта ұрықты қорғау орталығы ашылды. Орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізіліп, генетиктер мен акушер-гинекологтар кеңес береді. Аталмыш мекемеде «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Онда орталық жүйке жүйесі зақымданған және денсаулығында туабіткен ақаулары бар балаларды невропатолог, реабилитолог, педиатр, ортопед, сурдолог, дефектолог, логопед, терапевт және балалар психологі қабылдайды.

Облыс тұрғындарына медицина қызметкерлері жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Атап айтқанда, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға өңеш, өкпе, асқазан, тоқішек, жатыр, бүйрек, қуық қатерлі ісігі кезінде лапароскопиялық оталар, Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 10 түрі бойынша ота жасалады. Атап айтсақ, урология, травматологиялық-ортопедиялық, нейрохирургия, тамырлы хирургия бойынша және лапароскопиялық ота. 

Облыстық кардиологиялық орталықта республика деңгейінде жасалатын күрделі оталарды жасаудың қолға алынғаны баршаға аян. Облыстық кардиологиялық орталығының мамандары Польша дәрігерлерімен бірге жүрек жеткіліксіздігін емдеудің инновациялық әдістерін енгізді. 

Салтанатты шара соңында 6 дә­рігер облыс әкімінің Құрмет грамотасы, 5 маман Алғыс хат, 14 ақжелеңді абзал жан «Медицина үздігі» атағымен марапатталды. Сондай-ақ, 5 ауданға «Жедел жәрдем» көлігі табысталды. 

Жиында облыс басшысы медицина мамандарына «Қолдарыңыз адал болсыншы, барлық жинаған абыройдан айырылмас үшін пара деген бәлеге жоламаңыздаршы» деген жанашырлық өтінішін айтты. 

Гүлжан ТҰРСЫН
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ