Жоғары мамандандырылған медициналық  әдіспен емдейді

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 1148
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина қызметкерлері күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровке жолығып, біраз сауал қойған едік.  Жас маман саланы жақсы білетіндігін, жаңашылдығын, еңбекқорлығын, көпке жанашырлығын  байқатты. Бойында бюрократтық мінездің жоқтығына қуандық.  «Ұлық болсаң кішік бол» деген қағиданы ұстанатыны көрініп тұр. Мемлекеттік қызметте жаңа жүйенің қалыптаса бастағаны  қуантты.

– Арман Серікұлы, облыс медицинасы жайлы мәлімет бере кетсеңіз?

– Жетісу өңірінде 362 медициналық  мекеме бар.  Оның 314-і мемлекеттік, 48-і жекеменшік.  Облыс тұрғындарына 29 аурухана медициналық көмек көрсетуде. Оның ішінде 9-ы ауылдық аурухана болса, 279-ы амбулаториялық-емханалық ұйым. Талдықорған қаласында облыстық маңызы бар 9 медициналық мекеме орналасқан. Ауруханалардағы жалпы төсек-орын саны 4620. Оның 2910-ы Талдықорған қаласындағы медициналық мекемелерде орналасқан.  Аймақтағы денсаулық сақтау саласында  2 мыңнан аса дәрігер мен 8 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

– Емдеу мекемелерінің жай-күйі жайлы айтсаңыз. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев соңғы жылдары блокты-модульді емханалар тұрғызуға ерекше көңіл бөліп жатыр. Аталмыш  құрылғы жылдам тұрғызылады және көп қаржыны талап етпейді.  Болашақта мұндай  емхана салу жалғасады ма?

– Денсаулық сақтау саласының инфоқұрылымын дамыту мемлекеттің басты назарында. Былтыр денсаулық сақтау саласында 7 нысанның құрылысы басталып,  2 медициналық мекеме салынды. Сонымен қатар, 12 блокты-модульді медициналық пункт және Сағабүйен ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Биыл  облыста 6 нысан салу жоспарланған.  Олар: Сарыөзек ауылында 250 келушіге арналаған емхана, Ақсу ауданы Алтынарық ауылындағы медициналық пункт, Панфилов ауданындағы Шежін, Алакөл ауданындағы Қамысқала ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Талдықорған қаласында жаңа емхана салынады. Сіз айтқаныңыздай, блокты-модульді емханалар болашақта көптеген шалғай елді мекендерге бой көтереді. Бұл – тұрғын  саны аз ауылдарға тиімді. Бұрын олар  жақын емханаларға  баратын. Қатынастан қиналып қалатын. Қазір осындай  емханаларды орталықтан алыс орналасқан елді мекендерге кезең-кезеңмен салып жатырмыз. Модульді құрауға 3 ай уақыт кетеді. Инфрақұрылым тартуға да ыңғайлы.  Трансформатор қойып, су жүргізіп, сыртын бірден көгалдандырамыз. Алдағы уақытта Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан, Панфилов елді мекендерінде және Текелі қаласында 27 блокты-модульді кешен орнатылады. Сондай-ақ, Панфилов және Ескелді аудандарында блокты-модульді кешен және «Жедел жәрдем» стансысы салу жоспарда бар. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасуда, ағымдағы жылы Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы аудандық аурухананың А және В блогына және Сарыөзек ауылындағы арухананың инфекциялық бөлімшесіне және «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы аясында Ескелді ауданының Жетісу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  Алдағы 2023 – 2024 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 нысан, оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салу жоспарланған.  Сонымен қатар, аталған жоба шеңберінде халыққа уақытылы, қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету үшін көпсалалы орталық ауруханаларды дамыту мақсатында Панфилов ауданында ауданаралық көпсалалы ауруханасына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Медицина мекемелерін жаңарту жұмыстары өз кезегімен атқарылады.

– Ана мен бала денсаулығы қашанда  басты назарда. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Бұл орайда қандай жаңашылдықтар бар?

– Ағымдағы жылы ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында  облыстық перинаталдық орталықта  ұрықты қорғау орталығы ашылды. Орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізіліп, генетиктер мен акушер-гинекологтар кеңес береді. Пренатальді консилиумда ұрықтың даму патологиясы анықталған жағдайда оны растау үшін ультрадыбыстық диагностиканың екінші деңгейі өткізіледі. Болашақта орталықта ұрықтың инвазивті пренатальді диагностикасын жүргізу жоспарлануда. Бұл «хромосомалық патология» диагнозының соңғы кезеңі болады. Облыста С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің мамандарымен бірге алғаш рет табиғи кесар тілігінің модификациясы бойынша оқыту шеберлік-сыныбы өткізілді. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып осы әдісті қолданып, жүкті әйелдерді босандыру қолға алынды. Сонымен қатар, аталмыш мекемеде  «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Орталықта невропатолог, реабилитолог, педиатр, ортопед, сурдолог,  дефектолог, логопед, терапевт және балалар психологі жұмыс істейді. Орталықтың қызметі дамудың ерте кезеңдерінде 3 айдан 3 жасқа дейінгі  балаларды кешенді оңалтуы жүзеге асырады. Онда айына 50-ге дейін баланы қабылдайды.

– Арман Серікұлы, жоғары мамандандырылған медициналық көмек жақсы жолға қойылып келеді. Біраз жаңалықтардың барын естіп жатырмыз. Осыған кеңінен тоқталсаңыз.

– Облыс тұрғындарына медицина қызметкерлері жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде машықтанып жатқаны рас. Атап айтқанда,  онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға өңеш,  өкпе, асқазан, тоқішек, жатыр, бүйрек, қуық  қатерлі ісігі кезінде лапароскопиялық оталар жасалады. Талдықорған қаласының облыстық онкологиялық клиникасының базасында ҚР бойынша диагностика мен емдеудің рентгенхирургиялық әдістерінің екінші бөлімшесі ашылды. Онда тері-бауыр арқылы холангиостомия, бауырдың қатерлі ісігі мен ісік зақымдануларының химиоэмболизациясы, бауыр мен қалқанша безінің ісіктерінің радиожиілік абляциясы және жатыр артерияларының эмболизациясы жүргізіле бастады. Тек 2023 жылдың мамыр айында клиникада рентгенхирургиялық емдеуді  қолдану арқылы 30 эндоваскулярлық ота  жасалды. Қазіргі таңда ел бойынша тек облыстық көпсалалы  клиникада бас миы, тіл-жұтқыншақ, өкпе, қуық, қуықасты безі қатерлі ісіктеріне артерия ішілік химиоэмболизация жасалуда.

Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызметтің 10 түріне ота жасалады. Атап айтсақ, урология,  травматолог-ортопед, нейрохирургия,тамырлы хирургия бойынша және лапароскопиялық оталар. Облыстық кардиологиялық орталықта республика деңгейінде жасалатын күрделі оталарды жасау қолға алынған. Сонымен қатар, кардиовертер-дефибриллятор функциясы бар үш камералы электрокардиостимуляторды имплантациялау сияқты күрделі құрылғыларды орнату мүмкіндігі пайда болды. Германия, Франция, Ресейдің үздік клиникалары базасында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың нәтижесінде облыстың кардиохирургтары мен онкологтары бірлескен күрделі оталарды жүргізе асыра бастады. Облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары Польша дәрігерлерімен бірге жүрек жеткіліксіздігін емдеудің инновациялық әдістерін енгізді. Клиниканың маңызды жетістіктерінің бірі –  жасанды интеллектпен кеудеге арнайы құрылғы орнатып, жүректі қайта синхрондау терапиясын қолданылуда. Жүректі қайта синхрондау терапиясы жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін адамға өмір сапасын жақсартуға және кардиовертер-дефибриллятор функциясы бар құрылғыны пайдаланған жағдайда жүрек соғысы тоқтауының қауіпін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Мақтанарлық жағдай, бұл қондырғы ТМД елдерінде және Қазақстанда алғаш рет облыстық кардиологиялық орталықта қолданылды. Мұндай жетістіктер алдағы уақытта да болады.

Облыс медицинасында трансплантация әдісін қоданысқа енгізсек  деген бастама көтерілді.  Оны да бағындырамыз деген үміт бар. Себебі, бүгінде  бүйрек, өкпе, ұйқы безі, бауыр ауыстыруға кезекте тұрғандар саны артқан. Мұның барлығы болашақтың еншісіндегі дүние. Бірақ, біздің дәрігерлердің білім-білігі  трансплантация әдісін іске асыруға жетеді.  Тек рұқсат етіп, қолдау білдірілсе болды. Бүгінде бюджеттен денсаулық сақтау саласына барлық жағдай жасалуда. Дәрігерлердің айлық ақысы көтерілді. Біз де сенім жүгін арқалап, халық  денсаулығын сақтауға  талмай, тынбай еңбектенудеміз.

Гүлжан Тұрсын