Қоларбаны тегін алуға жәрдемдеседі

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 841
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Газетімізде жаңа ашылған «Тіршілік тіні» атты бетте әлеуметтік салаға байланысты бірқатар мәселені көтерген болатынбыз. Осыған орай өткен шығарылымда Ақнұр Әскерқызы атты оқырман тегін қоларбаны қалай алсам болады деп сауал жолдаған еді. Оқырманның сауалына «TEN QOGAM»  орталығының арнайы маманы толық-қанды жауап берді.

Орталық қызметінің басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың  еңбек және кәсіби мүмкіндіктерін анықтау.  Мүмкіндігіне қарай  жұмысқа орналастыру.  Еңбек ету үшін қорқыныш пен кедергілерді жоюға ықпал етіп, психологиялық, құқықтық көмек көрсету. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қалыпты өмірге бейімделуіне, белгілі бір салаға қатысты сұрақтарға жауап алуына көмектесу. Мұнда  бизнес-жобаларды іске асырып, дамытуға мемлекет тарапынан гранттар алуға көмек алуға да мүмкіндік туғызамыз. Орталық қызметкерлері әлеуметтік қызметтер порталын қолдану мен сол арқылы өтініш беруге де жәрдемдеседі. Мысалы, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар орталықта көрнекті нұсқалары ұсынылған ең ыңғайлы деген арнайы қозғалыс және оңалту құралдарымен (қоларба) танысып, таңдау жасай алады. Содан кейін ол құралдар мемлекет есебінен әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынып, азаматтарға беріледі. Мүгедектігі бар азаматтарға және олардың отбасы мүшелеріне заң, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім алу және басқа сұрақтары бойынша ақпарат беріледі. Сондай-ақ, олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік және еңбек құқықтары саласында әлеуметтік, құқықтық сұрақтары бойынша оқыту және кеңес береміз.   Мүгедектердің  жұмыс іздеуіне және жұмысқа орналасуларында ақпараттық көмек көрсету ісі де қарастырылған. Еңбек жағдайларын зерттеу мақсаттарында кәсіпорындар мен компанияларға шолу жасаумен айналысады. Орталық кәсіпорындарда қысқамерзімді тәжірибелерден өтуді ұйымдастыру, мүгедектігі бар адамдарды кәсіпкерлікке тартумен шұғылданады. Әлеуметтік көмек және қолдау алуларына ықпал етеді.  Орталық қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызметтер алу үшін құжаттарын  рәсімдеуге бағыт-бағдар береді. Заңмен көзделген жеңілдіктер мен артықшылықтар, әлеуметтік төлемдер алуларына жәрдемдеседі.  Өткен жылдан бері  мүгедектігі бар адамдарды тұрақты жұмысқа орналастыру,  грант алуға жәрдемдесу жұмыстары жүргізілуде.  «TEN QOGAM» мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығының мекенжайы Талдықорған қаласы, Абылайхан көшесі, 219-үй.  Байланыс номері: 8-72-82-31-73-60.

Жазира Ілияс,
«TEN QOGAM» мүгедектігі бар азаматтарды қолдау орталығының психологі
Фото: ғаламтордан алынды