Электрондық форматқа көшеді

Уақыты: 23.07.2024
Оқылды: 1321
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа көшіру жобасын әзірледі. 

Ата-аналар бұл құжатты бірінші сыныпқа түскен кезде міндетті түрде мектепке ұсынады. Баланың денсаулық паспорты денсаулықты нығайтуға, аурулардың алдын алуға және кішкентай пациенттерді емдеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы ақпаратты қамтитын негізгі құжат. Бұл құжатты қағаз жүзінде жүргізу көбінесе оның жоғалуына немесе өзекті деректерді жоғалтып алуға, емханаларда ұзақ күтуге әкелді. Осы проблемаларға жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа ауыстыруға кірісті. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін тестілеу кезінде баланың 72 электрондық денсаулық паспорты қалыптастырылды. 

Ата-аналар үшін электрондық паспортты енгізу қағазбастылықты азайтады. «eGov Mobile» және «eDensaulyq» электрондық қызметтері арқылы балаларының денсаулығы туралы ақпаратқа ыңғайлы қол жеткізеді. Білім беру мекемелері оқушылардың денсаулық жағдайы туралы өзекті деректерді жедел алып, олар емханаларда медициналық қарап-тексеруден кейін автоматты түрде берілетін болады.

«Jetіsý-ақпарат»
Фото: otyrar.kz