Жетісу облысында соңғы екі жылда 47 ветеринарлық пункт салынды

Уақыты: 26.07.2024
Оқылды: 1394
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жетісу облысында соңғы екі жылда жергілікті бюджет қаражатына 47 блокты-модульді ветеринарлық пункт салынды. Материалдық базаны нығайту жағынан бұл республика көлеміндегі үздік көрсеткіштердің бірі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, 2023 жылы блокты-модульді конструкциядан 24 ветпункт тұрғызылса, биыл 23 ветпункт салынып, пайдалануға беріледі. Мұндай құрылыс қысқа мерзім ішінде - шамамен 3-4 айда тұрғызылады. Жобалық-сметалық құжатты қажет етпейді. Құрылыстың құны едәуір арзан.

Оған қоса ветеринария мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 26 автокөлік, 517 арнайы ветеринариялық құралдар, 113 компьютер жиынтығы және 117 дана ИСЖ базасына арналған планшет сатып алынып, арнайы мамандарға берілген.

Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмасын іске асыру аясында мамандардың жалақысын кезең кезеңмен 60% көтеру үшін қосымша 1,2 млрд.теңге қаржат жұмсалды. Бүгінгі күнге мамандардың орташа жалақысы 120 мың теңгеден 250-300 мың теңгеге дейін көтерілді.

Бұдан бөлек, соңғы екі жылда ветеринариялық шараларды ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 8,1 млрд. теңге бөлінген.

Осындай тұрақты қолдаулар жұмыс сапасына өзінің оң әсерін тигізуде. Мәселен, Жетісу облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаевтың айтуынша, өткен 6 айда 426,5 мың бас мүйізді ірі қара, 1 млн. 286 мың бас ұсақ мал мал бруцеллезға қарсы тексеруден өткізілген.   

«Мал шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі. Оған қоса ет пен сүттің сапасы – халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан мал мен құстың жағдайын тұрақты бақылап отырамыз. Бұл ретте аса қауіпті аурулардың алдын алу бағытындағы вакцинациялаудың 6 айлық жоспары лайықты деңгейде орындалды», - дейді Н. Жамаубаев.

Жалпы Жетісу облысы бойынша аудан, қалаларда 10 ветеринариялық станция мен 118 ветпункт бар. Онда 1100 маман еңбек етеді. Ветеринарлар ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың аса қауіпті ауруларының
16 түрі бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар атқарады.