ЖҮРЕГІҢІЗДІ САҚТАҢЫЗ

Уақыты: 29.08.2024
Оқылды: 789
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашев өңірдегі жүрек-қан тамырлары дертіне қатысты мәліметтерді таныстырды. Оның айтуынша, қан айналым жүйесін бұзатын аурулар еліміздегі әлеуметтік мәні бар сырқаттар қатарына жатады. Мұндай кесел – адамзаттың өмір жасын қысқартып, өлім-жітімнің көбеюінің негізгі себебіне айналып отыр.


Өңірдің медицина саласындағы маңызды стратегиялық нысан саналатын облыстық кардиологиялық орталықта жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, интервенциялық және кардиохирургиялық қызметтер ұсынылады. Өйткені, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығушылардың қатары күрт өсіп отыр.

– Статистикалық деректер бойынша, облыста соңғы 6 айда 100 мың тұрғынға шаққанда қан айналымы жүйесі ауруларының көрсеткіші 136,3-тен 144,3-ке дейін өскен. Қан айналым жүйесі сырқатына жыл сайын 25 000-ға жуық адам шалдығады. Бұл сан күн өткен сайын өсіп келе жатқандығы алаңдатады, – дейді кардиолог дәрігер Нұрсан Сұрашев.

Маманның пікіріне қарағанда науқастың емделіп, тік тұруына септігін тигізетін орталықта шипа тауып, отбасына, жұмысына қайта оралғандардың да саны жыл санап артып келеді. Мысалы, 2022 жылы 2803 адам емделсе, 2023 жылы 3574 пацинет ауруынан айыққан. Биыл жоспар бойынша 4 мың адамды емдеу межеленген. Ал, жоспарлы емдеуге жатқызу 2022 жылы 47%-ға, 2023 жылы 53%-ға, 2024 жылы 60%-ға ұлғайған. Соған сәйкес жыл сайын коронарографиялық ем жасатушылардың саны өсуде. Бұл – жедел коронарлы синдром, жіті миокард инфарктісі ауруларын ерте анықтаудың негізгі түрі. Орталық мамандарының тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету нәтиже беруде.

– Науқастарды республикалық клиникаларға жіберсек пациенттеріміз қиналып қалады. Сондықтан емнің барлық түрін өзіміз жасаймыз. Біздің мамандардың білім деңгейі, тәжірибесі республикалық клиникалардан кем емес. Соған орай Қазақстан Республикасының облыстарынан ғана емес, әлемнің басқа елдері мен қалаларынан да пациенттер келіп, емделуде, – дейді Нұрсан Сейітұлы.

Облыстық кардиологиялық орталықтан консультациялық-диагностикалық қызмет алатын жандардың 65%-ы ауыл тұрғындары. Осыған байланысты, өлім-жітім жоғары аудандарға мамандар тобын жіберу ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ, «Жедел жәрдем» дәрігерлері жүрек-қан тамыры ауруларын ерте анықтау бойынша оқытылып жатқанын атап өткен облыстың бас кардиологі басқосу соңында журналистер қауымы жүрек-қан тамыр сырқатынан сақтану, алдын алу шараларын халық арасында көптеп жүргізсе деген талап-тілегін жеткізді.

Гүлжан Мұқашқызы

Фото: medaboutme.ru