ЖҰҚПАҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 148
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Диагноз» айдарымен берілетін мақалаларымыз денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, медицинаның мүмкіндіктері, сырқаттың алдын алу шаралары, кеселден емделудің жолдарын түсіндіру  мақсатында жазылады. Өздеріңізге белгілі, көптеген сырқат ауа райының ауысуына байланысты асқынады. Күз маусымында созылмалы, жұқпалы сырқаттар күш алады. Осыған байланысты Талдықорғандағы қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологі Айгүл Смайловамен сұхбат жүргізген едік. Екеуара әңгімеде  сіздерге қажетті ақпараттарды беруге тырыстық. 


– Айгүл Мұсағұлқызы, облыс тұрғындарының қазіргі денсаулық жағдайына тоқтала кетсеңіз. Қандай жұқпалы сырқаттардан сақтану керек?
– Адам ет пен сүйектен жаралғандықтан ауру-сырқауды бастан өткеру өмірдің заңдылығы.   Әртүрлі сырқаттың салдарынан дәрігерлерге келіп тексеруден өтіп,  ем алып жатқандар баршылық.  Дегенмен,  қауіптісі жұқпалы аурулар болып саналады. Себебі, жұқпа басқаларға да жұғып,  тұрғындар жаппай кеселге шалдығуы мүмкін. Күш алып кеткен соң ауыздықтау қиын болады.  Сондықтан эпидемиялық сырқаттарға ерекше көңіл бөлінеді. 

Биыл көкжөтел жұқпасын жұқтыр- ғандар  саны күннен-күнге артуда.  Оған көбінесе балалар шалдығуда. Сыр- қаттанғандардың  99 пайызы балалар. Ішінара жасөспірімдер де бар. Зерделеп көрсек, ауруға шалдыққан  балалар мен жасөспірімдердің көбі  көкжөтелге қарсы екпе алмағандар. Өздеріңізге мәлім, қызылша да, көкжөтел де вакцина егу арқылы тізгінделетін жұқпа. Сондықтан екпе алудың маңызы зор. 

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында көптеген өзгерістер болды.  Барлық медициналық шара, соның ішінде екпе  жасау үшін  тұрғындардан  рұқсат аламыз.  Әлеуметтік желіде таралған жалған ақпараттар  вакцина жасауымызға кедергісін келтіруде.  Жат пиғылдағы адамдар көпшілікті дүрліктіріп, екпе зиян деп дабыл қағуда.   Екпеге теріс көзқарастағы адамдардың пікірін өзгерту  қиынға соғуда.  Вакцина  алмағандар  жұқпаға шалдығып,  кеселдің көптеп тарауына себепкер болып отыр. Халықаралық қатынастар дамыған заманда көршілес мемлекеттерден, алыс-жақын шет елдерден  туризм арқылы тарайтын жұқпалардан сақтану керек. Қанша айтылып, ескерту жасалып жатса да  азаматтардың басым көпшілігі сақтық шараларына мән бермейді.

Биыл көкжөтел жұқпасын жұқтыр- ғандар саны күннен-күнге артуда. Оған көбінесе балалар шалдығуда. Сырқаттанғандардың                                 99 пайызы балалар. Ішінара жасөспірімдердер де бар.

***

"Маймыл шешегі" өте қауіпті жұқпалардың бірі. Ол Африка құрлығында кеңінен таралуда. Жұқпаның кесірінен бала-шаға зардап шегуде.

– Әлемді «Маймыл шешегі» алаңдатып отыр. Оның белгілері қандай? Біздің елге қауіп бар ма? Сақтану жолдарын айтсаңыз. 
– «Маймыл шешегі» өте қауіпті жұқпалардың бірі. Ол Африка құрлығында кеңінен таралуда. Жұқпаның кесірінен бала-шаға зардап шегуде.   Сырқаттың «Маймыл шешегі» деп аталуы басында маймылдан адамға жұққан.  Ол адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, ауа арқылы жұғуы  мүмкін. Маймыл шешегі дене қызуының өте жоғары деңгейге көтерілуі, бас ауру, әлсіздік белгілерімен  басталады.  Осы белгілер үш күнге дейін созылып, одан кейін ауыздың шырышты қабаты, жұтқыншақта бөртпелер пайда болады. Содан кейін ауру адамның басы, денесі, аяқ-қолында  сұйықтығы бар бөртпелер пайда болады. Бөртпенің көбеюі  7-8 күнге дейін созылады.  Бөртпелердің жан-жағы қызарып, ауырсынуы пайда болады. Бөртпелердің ішіндегі сұйықтық іріңге айналып, жарылады.  Жазылған жағдайда денеде  тыртық қалады. Ол шешектің  белгілеріне ұқсайды.

Жұқпаның «Маймыл шешегі»  деп аталуының себебі сол. Бізде маймыл шешегі тіркелген жоқ. Бірақ, туризмнің  дамып кетуіне байланысты сақ жүруіміз қажет.

– Күз басталысымен ел арасында  дененің ыстығы көтеріліп, тершеңдік  басқан белгісіз сырқат жүріп жатыр. Өзіміз де осы кеселден бір аунап тұрдық. Жұқпа жүріп жатқан жоқ па?
– Сіз көтеріп отырған аурудың негізгі белгілері «Жіті респираторлы вирусты жұқпаларға»  тән.  Ол кең таралған жұқпалардың бірі. Күз, қыс, көктем айларында ауа райының төмендеуіне байланысты вирус өршиді. Дене қызуының көтерілуі, жөтелу, тершеңдік, әлсіздік, мұрынның бітелуі, мұрыннан су ағу, көздің жасаурауы, осы белгілердің барлығы аталмыш вирусты жұқпаға тән.

– Жіті респираторлы вирусты жұқпалардың  алдын алу барысында жүргізіліп жатқан шараларға тоқталсаңыз. Күзде тағы қандай сырқаттардан  сақтану керек?
– Тұмау жұқпасының алдын алу денсаулық сақтау саласының өзекті мәселесінің бірі. Жуырда Қазақстан Республикасы бас санитарлық дәрігерінің №7 қаулысы шықты.   Құжатқа орай барлық денсаулық сақтау мекемелері тұмау, жіті респираторлы жұқпа, коронавирусты жұқпалардың алдын алу барысында  атқарылатын шараларды жүргізуге кірісті. Қазіргі таңда тұмауға қарсы дәрі-дәрмек жиынтығын әзірлеп, оларды  жұқпамен ауырған, әсіресе жүкті әйелдер мен   5 жасқа толмаған сәбилерді емдеуге жұмсауда. 

Сонымен қатар,  жұқпаның эпидемиялық  өршуіне орай ауруханалық төсек қорын ұлғайтып, емдеуге қажетті барлық медициналық құрал- жабдық, дезинфекциялық өңдеуге қажетті  бұйымдардың барлығын дайындап қойдық. Биыл 15 қыркүйектен бастап тұмау жұқпасының алдын алу барысында вакцина егуді бастаймыз.  Күз, қыс айларында тұмау, жіті респираторлы жұқпа, коронавирусты жұқпадан сақтанудың шараларын сақтау қажет.  Оның  тиімді жолы – екпе алу. Күн салқындағаннан бастап  жедел респираторлық вирустық инфекциялар таралады.  Жекебастың тазалығын сақтап,  көпшілік орындарда бетперде кию керек. Жоқ дегенде қалтамызда  бет орамал болуы тиіс. Мұрын, бетті сүртіп болғаннан соң тазалап жуу, үтіктеу сияқты сақтық шараларын  жүргізген жөн. Қолды сабынмен жиі жуу, бір реттік дезинфекциялық  ылғалды салфеткалармен қолдану, өңдеуді әдетке айналдырған жөн. Жеміс-жидек, дәруменге  бай көкөністерді тұтынуды әдетке айналдыру керек. 

– Айгүл Мұсағұлқызы, бүгінде ел арасында қандай екпелер салынуда?  Осы екпелердің маңыздылығына тоқталсаңыз.
– Қазақстан Республикасының егу күнтізбесіндегі екпелер жоспарлы түрде жүргізілуде. Екпелердің  барлығы да маңызды. Жаңа туған нәресте дүниеге иммунитетсіз келеді. Баланың қоршаған ортадағы көптеген жұқпаларды жұқтырып, асқынуына  жол бермеуіміз қажет. Перзентханадан басталған екпе балаларға 16 жасына дейін егіледі.   Сіреспеге қарсы екпе он жыл сайын  егіліп отырады. Жер шарынан шешек, сал сияқты жұқпалардың таралуын тек  вакциналардың көмегімен ауыздықтай аламыз. 

– Ем тағайындауда Міндетті әлеу- меттік медициналық сақтандыру қорының ықпалы қандай? Жұмыстарыңызға пайдасы немесе қолбайлау болатын жақтары бар ма?
– МӘМС-тің пайдалы жағы өте көп.  Кез келген азамат өзінің денсаулығын түзеуге,  қымбат тұратын оталарды  жасатуға қалтасы көтермейді. Мысалы жүрек, көз, буындарға ота жасатуға көп қаржы қажет. Ағзаларды айырбастап салу немесе трансплантация деп аталатын оталарды жасатуға әркімнің   қалтасы көтермейді.  Денсаулығы сақтандырылған  азамат осы қор арқылы күрделі оталарды жасата алады. Мемлекет тарапынан 15 санаттағы азаматтар кепілденген көмекті тегін алады.  Мысалы, 18 жасқа толмаған балалар, 1-2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, жоғары  оқу орнында оқып жүрген студенттер, Алтын,  Күміс алқа иегерлері, ұлы Отан соғысының ардагерлері  тегін көмек алады.  Сондықтан МӘМС-тің тиімді жақтары көп.

– Қалалық емхананың медициналық жұмысында көпшілікке сапалық  қызмет көрсету барысында  жаңалық өзгерістер бар ма?
– Медицина бір жерде тұралап қалмайды.  Мемлекетте  жүргізіліп жатқан  шаралардың барлығы  біздің емханада жүзеге асырылады.  Соңғы 2023–2024 жылдары  ПУЗ атты бағдарлама бойынша қант диабеті, жүрек-қантамырлары ауруларының алдын алу шарасы жүргізілуде.   Тіркелген азаматтарды осы бағдарламамен қамтып, олардың ағзасында аталмыш аурулардың  бар-жоғы анықталып, алдын алу шараларын жүргіземіз.  Диспансерлік есепке алу, оларды уақытында емдеу, аталған аурулардың асқынуына жол бермеу шараларын жүргіземіз. Осы бағдарламаның арқасында аталған аурулармен ауырған науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттыру көзделген. Мақсатымыз, тұрғындардың денсаулығын сақтап, қауіпті дерттен сақтандырып, өмір сүру жасын ұлғайту. Бұл орайда ізденіс, көпшілікті ақпараттандыру  шаралары жүргізіле береді.

Гүлжан ТҰРСЫН