АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ: "ЕКІНШІ ТОЛҚЫНДЫ АНЫҚ СЕЗІНІП ОТЫРМЫЗ"

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 790
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемді әбігерге салған «СOVID-19» індетінің екінші толқыны шартарапты шарлап жүр. Осы орайда Қарасай ауданының қауіпті дертпен күресуге дайындығы қаншалық? Аудандық аурухананың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор  Мәулен Малғаждаровпен әңгімеміз де осы тақырыпта өрбіді.

«Жалпы ауданды алар болсақ, бізде бүгіндері 1983 медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетуде, – дейді Мәулен Сансызбайұлы. – Қаскелеңдегі ауданаралық көпсалалы аурухана, перзентхананы қоса есептегенде 455 төсекке арналған. Мұнда қатерлі індетке қарсы сақтық шараларын сақтай отырып, қалыпты медициналық қызмет көрсету жалғасуда. Ал коронавирус инфекциясымен күресуді жақсарту мақсатында Шамалған ауылындағы 50 науқасқа арналған аурухананы 200 орынды провизор орталығы етіп қайта жабдықтадық. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының көмегімен бұл ауруханаға оттегі стансысы қойылып, 18 қарашадан жұмысын бастады. 50 төсекке жеткізілген түтікшелер арқылы ауруларды тікелей оттегімен тыныстандыруға мүмкіндік алдық. Бұл дегеніңіз - үлкен көмек».

Коронавирус инфекциясының алғашқы толқыны кезінде дәрі-дәрмектің тапшылығы сезіліп, мемлекет тарапынан шұғыл қадамдар жасалғаны жадымызда. Осы орайда, қарасайлық дәрігерлер медициналық препараттардың сенімді қорын қалыптастырып үлгеріпті. Бүгіндері инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектің екі айлық қоры, жеке қауіпсіздік құралдары мен бетперделер қоймаларға жеткізілген. Өкпені жасанды тыныстандыру қондырғыларының саны 29-ға жеткен. Жуырда облыстық әкімдіктің қолдауымен ауданға екі «Жедел жәрдем» көлігі мен ішінде зертхана, ультрадыбыстық аппарат, өзге де құралдар орнатылған автобус қоса берілді.

Қарасайдағы 100 науқасқа арналған жұқпалы аурулар емханасы коронавирус індеті жайлаған кезде үлкен жұмыс атқарғаны белгілі. Бұл жерге төңіректегі аудандардан «СOVID-19» індетін жұқтырғандар жеткізіліп, індетпен нәтижелі күрес жүргізілген болатын. Бүгіндері мұнда коронавирус жұқтырғаны расталған 14 адам ем қабылдауда.

– Біз әлемдік өркениеттің бір бөлшегі болғандықтан жұқпалы аурулардан да мүлдем оқшаулана алмаймыз. Жоғарыда айтқан 14 адамнан басқа, провизор орталығында 41 науқас ем қабылдауда. Ал, олармен қарым-қатынаста болғандар үйлерінде оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Біз «СOVID-19» індетінің екінші толқыны есігімізден енгенін анық сезініп отырмыз. Сондықтан індеттің алдын алу шараларына аса мән беріп, көп болып күресу қажет, – дейді Мәулен Сансызбайұлы.

Көп болып күресу демекші, коронавирусты таратпаудың ең сенімді жолы – адамдармен қарым-қатынасты мейлінше шектеу екені жұртқа мәлім. Өкінішке қарай, тұрғындар осы қарапайым шартты сақтауға енжарлық танытуда. Көшелерді былай қойып, қоғамдық көліктерде, адамдар көп шоғырланған жерлерде жеке қорғану құралдары – бетперде мен қолғапты пайдалана бермейді. Оларды қадағалайтын мобильдік топтарды да еш жерден ұшыратпадық. Ал автобус жүргізушілері, қызмет көрсету саласының жауапты адамдары ескерту жасап, тәртіпке шақырмайды. Қарасайлық дәрігерлер індетті жұқтырғандарды аман алып қалуға бар күштерін салары анық. Алайда олардың жұмысын жеңілдетіп, өз денсаулығымыз бен өмірімізді қорғау өз қолымызда екенін де ұмытпағанымыз жөн!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды